Брифинг

Кәсіпкерлерді қандай мәселелер алаңдатады?

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Айдар Әбдіқадыровтың, кәсіпкерлер палатасы салалық кеңесінің төрағасы Латиф Айдаровтың және «Тараз» кәсіпкерлік салалық одағының директоры, облыстық кәсіпкерлер палатасы туризм, сауда және қызмет көрсету қосалқы салалық сауда секторының төрағасы Самат Үрпековтың қатысуымен «Салалық кеңестердің жұмысы. Кәсіпкерлерді қандай мәселелер алаңдатады?» тақырыбында брифинг өтті.

Айдар Әбдіқадыровтың айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан өңір экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты жұмыс істейтін 6 салалық кеңес құрылған. Салалық кеңестердің құрамында 400- ге жуық тұрақты мүше бар екен. Жыл басынан бері барлығы 33 отырыс өткізіліп, 70-тен аса мәселе қаралыпты.

Ал Латиф Әмзеұлы өнеркәсіптің салалық кеңесі 5 мыңнан аса белсенді кәсіпкерлік субъектісінің мүддесін қорғайтынын атап өтті. Кеңес 13 тұрақты мүшеден және 100-ден астам сала өкілдерінен тұрады. Осы салада жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санын қамту 1,8 пайызды құрапты. Кеңеске жаңа мүшелерді тарту жұмыстары әлі де жалғасуда екен.

Ал Самат Қалиұлы әмбебап базарларды жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Брифинг барысында түсінгеніміз, көбіне кәсіпкерлерді ғимаратты жалға алу, жер учаскелерін беру, электр қуатына қол жеткізу, өз жобаларын іске асыру сынды мәселелер толғандырады екен. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА