Жамбыл жаңалықтары

Алдағы 5 жылда Тараздағы 8 каналдың аумағы абаттандырылады

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралап, жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты.

Облыс әкімі алдымен М-1 жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жылу желісінің жалпы ұзындығы 6,1 шақырымды құрайды десек, соңғы рет 1990 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеуге дейін тозу деңгейі 82 пайыз болатын.

2024 жылы жылу желісінің 4 600 метрі жөндеуден өтсе, келесі жылы 1 500 метрден астам бөлігі қайта жаңғыртылады деп күтілуде. Аймақ басшысы жобаның маңыздылығына айрықша тоқталды.

Бұдан соң «Түйте» каналын абаттандыру барысын көрді. Канал «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Бурыл» алқабы аумағында орналасқан. Бүгінге дейін «Сенім Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі каналдың 1 738 шақырымын ретке келтірді. Алдағы уақытта тұрғындар үшін қолайлы демалыс орнына айналады деп күтілуде.

Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы 8 каналды кезең-кезеңімен осылай ретке келтіру бойынша бес жылдық жоспар құруды тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында Төле би даңғылының бойындағы 11 көпқабатты тұрғын үйді жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты. Жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асқан.

«Қаратау құрылыс 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігерлігімен құрылысқа 110-нан астам жұмысшы мен 8 арнайы техника жұмылдырылды. Бүгінде жұмыстар аяқталған.

Алдағы уақытта тағы осы бағытта 16 үйді жаңғырту жұмыстары қарастырылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі