Ескірген жеделсатылар жаңартылуда
Тараз қаласы әкімдігі тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміндегі Беларусь елінде өндірілген «МогилевЛифтМаш» зауытынан шыққан жеделсатылар (лифт) өндірістен алынып тасталған ескі үлгілерге жатады. 2009-2010 жылдар аралығында қолданысқа берілген лифтілердің жалпы қызмет ету мерзімі 25 жылдан асып, әбден тозығы жеткен. Соған байланысты ескірген жеделсатыларды жаңалау қажеттілігі туындауда.
Айталық, 2023 жылы 88,2 миллион теңгеге ескірген жеделсатыларды ауыстыру бойынша мердігер «Тараз Лифт Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде Қазыбек би көшесі, №141 үй, Абай даңғылы, №159 «а» үй, 2-блок, «Жансая» ықшамауданы, №1, «Алатау» ықшамауданы, №1, 1 «а» тұрғын үйлерге 6 жаңа жеделсаты орнатылды.
Бұл жұмыстар биылда жалғасын тапты. Атап айтсақ, 2024 жылы 6 лифтіні жаңғырту қолға алынды. Соған орай мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, «ТаразЛифтСервис» және «Lift Pro – Servise» компаниялары жеңімпаз деп танылды.
Енді аталған серіктестіктер тарапынан Төле би даңғылы, №95-1, №95-2 блок, №98, «Жансая» ықшамауданы, №2, Желтоқсан көшесі, №82, «Жансая» ықшамауданы, №3 үйлерге жаңа жеделсатылар қойылуда.
Сонымен қатар биыл 29 жеделсатыны күтіп-ұстау үшін мердігер «Februus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы