Жаңатастағы төтенше жағдай салдары толық жойылды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барып, Жаңатас қаласында орын алған төтенше жағдай зардаптарын жою бойынша атқарылған жұмыстарды көрді.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 7 шілдесінде Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, 400 аула, 56 үй мен бір мектептің жертөлесін су басқан болатын. Бүгінде қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Залалды бағалау жөніндегі 4 арнайы комиссия құрылып, 3 тұрғын үй жарамсыз деп танылды. Соған сәйкес 1 үйдің құрылысы жүргізіліп, екі отбасыға баспана сатып алынды. 53 үй жөндеуден өтті. Сонымен қатар 63 тұрмыстық техника мен жиһаздың зақымдалғаны анықталды. Шығын көлемі 4,8 миллион теңгені құрады. 600 үй мен ауласы дезинфекцияланды. 9 жарық бағанасы реттеліп, жаңадан бесеуі орнатылды.
Бұдан бөлек бүлінген жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар көше арық және дренаж жүйесімен жабдықталды.
Ербол Қарашөкеев жаңатастықтардың хал-ахуалын көріп, қалпына келтіру жұмыстары бойынша тұрғындардың пікірлерін тыңдады.
Жаңа баспанаға ие болған ақ жаулықты ана Айткүл Құлжабайқызы батасын жаудырып, ел мен жердің амандығын тіледі.
Сондай-ақ биыл Жаңатас қаласындағы 12 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ербол Қарашөкеев құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, баспаналарды жаңғырту кезінде сапаға баса мән бере отырып, тұрғындар тілегін назарға алуды ескертті.
Бұдан соң қаланың жылыту маусымына дайындығын тексеру мақсатында орталық қазандыққа барды. Бүгінде қазандықты газдандыру жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. 4 «Bosch» су қыздыру қазандығы, 1 «Bosch» бу қазандығы орнатылды. Сонымен бірге желілік сорғылар мен түтін құбыры толығымен жаңартылды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі тарихы терең «Саудакент» қалашығымен танысып, аудандағы жұмыс сапарын түйіндеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі