Идеологиялық кеңес құрылды
Ұлы далада еркін өмір сүріп, далалық ділін, қазақи қасиетін киіз үйімен, тербелген бесігімен, саналы, қайсар, намысшыл ұрпағымен, қастерлі ұлан-ғайыр жерімен сақтай білген қазақ жұрты өзінің табиғи жаратылысын жоғалтып алмау керек. Бүгінгі қазаққа жаһандық үдерісте өркениет көшіне ұлт болып ілесу үшін ұлттық мұрат, ұлттық идеология қажет.
Осы мақсатта өңірімізде облыс әкімдігінің жанынан идеологиялық кеңес құрылып, дүйсенбі күні алғашқы отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен идеологиялық мәселелер жөніндегі кеңес отырысында өзекті мәселелер талқыланды.
Кеңес құрамына мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен еріктілер, сондай-ақ мұғалімдер, партия жетекшілері, жастар кірді.
Жиынды ашқан кеңес төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлердің идеологиялық бағыттағы жұмыстарына тоқталып, кеңес мүшелерін бірге жұмыс атқаруға шақырды.
Ал «Руханият» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үртай Сапақова еліміздегі идеологиялық жұмыстардың барлығы тек кеңес беру сипатында екенін, нақты әрекетке көшудің уақыты келгенін айтты.
Сонымен бірге кеңесте ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов БАҚ саласындағы бірқатар мәселеге тоқталды.
Ал жазушы-драматург Елен Әлімжан идеологиялық жұмыстың деколонизациялық процестен басталуы керектігін атап өтті.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар өз-өзіне қол жұмсау және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін жан-жақты талқылап, қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейін төмендету үшін отбасында балаларды дұрыс тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Кеңес жұмысының тағы бір маңызды бағыты – қазақ тілін дамыту. Жиынға қатысушылар осы ретте ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында жастар арасында, оқу орындарында білімнің сапасына көңіл бөлу керектігін сөз етті.
Сол секілді басқосуда кеңес ережесін қалыптастырып, жұмысшы топ құру қажеттігі де айтылды.
Отырысты қорытындылаған кеңес төрағасы Серік Сәлемов кеңес жастар тәрбиесі, отбасын нығайту және қазақ тілін насихаттау және жалпы идеологиялық саладағы жұмысты жақсартуға бағытталған кез келген ұсыныстарды қарауға дайын екендігін тағы бір еске салып, қатысушыларды тың бастамалар ұсынуға шақырды.
Айта кетсек, бүгінде идеологиялық кеңес құрамында 32 адам бар.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ