Биыл ағын су тапшылығы туындаған жоқ
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте вегетациялық кезеңнің аяқталуы және су нысандарын қайта жаңғырту мәселелері талқыланды. Кеңес барысында облысымыздағы суқоймалардың сыйымдылығы, ағын судың жай-күйі және каналдар құрылысының қазіргі ахуалы сөз болды. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану және су нысандарын жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажеттілігіне баса назар аударылды.
БІРАҚ АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА БОЛМАЙДЫ
Жиында сөз алған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, басқарманың теңгерімінде жалпы сыйымдылығы 136,6 миллион текше метрді құрайтын 113 суқойма мен бөгет бар. Осы жылдың вегетациялық кезеңінде аталған суқоймаларға 91,2 миллион текше метр су жиналған. Осы көлемдегі су өңірдегі бекітілген он мың гектар егін алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген және шаруалар тарапынан ағын су жетіспеушілігі жөнінде шағым түспеген.
Аппараттық кеңес барысында облыс әкімі коммуналдық меншіктегі суқоймалардың техникалық жағдайына тағы бір баса назар аударып, алдағы атқарылуы тиіс жұмыстар ретін пысықтады. Өйткені коммуналдық меншіктегі суқоймалар – аймақ тұрғындары мен ауылшаруашылығы алқаптарын сумен үздіксіз қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысан. Сондықтан да осы суқоймалардың техникалық ахуалы мен жаңғырту жұмыстарын уақытылы қаржыландыру өзекті мәселе. Сол себепті Ербол Шырақпайұлы Олжас Баққараевтан алдағы жылға қандай жоспарлар құрылғанын сұрады.
Жиында Е.Қарашөкеев: «Облыста құрылысы жүргізіліп және қайта жаңғыртудан өтіп жатқан суқоймалардың ішінде «Тасөткел» суқоймасының жұмысы 99 пайызға, «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» суқоймаларының жұмысы 70 пайызға аяқталған. Осы мәселелер жөнінде не айтасыз, қандай мәселелер бар?» – деп, мәселенің мән-жайын облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтан сұрады.
Ерлан Құрмантайұлының айтуынша, Меркідегі 3 суқойманың ішінде тек «Андас-3» тоғанына қатысты мәселе бар көрінеді. Себебі былтыр құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында жобаға қайта түзету енгізу қажеттігі анықталған екен. Осы бойынша қажетті құжаттар жинақталып, тиісті министрлікке жолданған.
Аппараттық кеңесте облыс әкімі бірқатар аудан әкімінен өңірлерде құрылысы жүріп жатқан нысандардың жай-күйін сұрап, кейбір басқарма және мекеме басшыларынан жауап алды. Мәселен, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов ағын сумен суарылатын егіс алқаптарының көлемі мен түсім мәселесіне тоқталып, осы салалардағы жұмыстардың нәтижелерін сөз етті. Өз кезегінде «Шу-Талас» облысаралық бассейндік инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нариман Сулейманов жаз мезгілінде каналдардан шаруалардың заңсыз түрде су алған кездері болғанын, оны арнайы тексеру барысында анықтап, тиісті шаралар қолданылғанын, кінәлілерге айыппұл салынғанын жеткізді.
Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Ербол Абдрахманов вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары жөнінде баяндады.
Аппараттық кеңесті қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы егіннің бітік шығып, түсімнің мол болуы, азық-түлік қауіпсіздігі вегетациялық кезеңге тікелей байланысты екенін атап өтіп, жауаптыларға маңызды міндеттер жүктеді.
Жиын соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына алдағы вегетация кезеңіне дайындық барысын қатаң бақылауға алу, су нысандарындағы құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуын назарда ұстау, ауылшаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану жөнінде жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу секілді бірқатар тапсырма берді. Жиында бұдан бөлек тағы екі мәселе қаралды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ