Қоғам

Ұлттық код теріс ағымдардан қорғайды

Қоғамда өздерінің идеологиясын жасырын және ашық түрде насихаттайтын деструктивті діни топтар елдің тұтастығы мен ұлттық бірегейлікке үлкен қауіп төндіруде. Өз идеологияларын жүргізуде әртүрлі заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып, жеке тұлғаның психологиясын арбап, радикалды сананы қалыптастыруда. Бір өкініштісі, деструктивті ағымдардың жетегінде кететіндердің басым бөлігі ақыл тоқтатпаған жастар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылы деструктивті қоғамдастықтардағы 80 мыңға жуық адамның 6 мыңға жуығы 18 жасқа толмаған жасөспірімдер.

Деструктивті діни ағым өкілдерінің ақпараттық кеңістікті игеріп, әлеуметтік желілерді өздерінің мақсат-мүдделеріне сай оңтайлы қолдануы қатарларын толықтырып, жалған идеологияларын таратуда тиімді құрал болып отыр. Сондай-ақ қоғамның өмір сүру ерекшеліктері мен оны құрайтын әлеуметтік топтардың моральдік және материалдық деңгейі мен әлеуметтік-психологиялық жағдайы деструктивті діни ағымдардың басты назарында.

Ғаламтор, электронды пошта экстремистерді өзара әрекеттесуге, өздерінің идеяларын насихаттап қоюға ғана емес, сонымен бірге ақпараттық соғыстарды жүргізуге мүмкіндіктер береді. Соның дәлелі ретінде ақпараттық тайталастың жаңа бір түрі «желілік соғыс» деген атқа ие болғаны мәлім. Осы тұрғыда террористік әрекеттерді географиялық жағынан бір-бірінен алшақта жүріп, бірақ өзара «желілік» форматта жасырын түрде қатысып тұратын, арнайы дайындықтан өткен кибертеррористердің шағын тобы және де жеке адам да жүргізуі мүмкін.

Сараптамалық зерттеулердің қорытындысы бойынша, соңғы уақытта интернет желісінде 10 мың экстремистік электрондық алаңның бар екендігі анықталған. Бұл 2023 жылы ресми жарияланған ақпарат. Деструктивті діни ағымдар интернет желісіндегі жұмыстарын үздіксіз жүргізе отырып, әлеуметтік желілерді тиімді құрал ретінде пайдаланып келеді. Мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан жүргізіліп келген алдын алу шараларының өзі ағым өкілдерінің жолына бұғат қоя алмауда. Бұл өз кезегінде құзырлы мекемелердің жұмысын тиімді ұйымдастырып, алдын алу бойынша жаңа, нақты шараларды қабылдау қажеттілігін көрсетеді.

Радикалданудың негізгі алғышарттарының бірі – оқшаулану, түрлі себептермен әдеттегі қоғамнан немесе өмір салтынан ажырау. Интернетте пікірлес адамдарды, түсіністік пен жанашырлықты табуға әрқашан мүмкіндік бар. Осылайша бүгінгі таңда жалдау бойынша ең «озық» ұйым «ДАИШ» жаңа ізбасарларды тарту үшін интернетті, әлеуметтік желілерді және жедел мессенджерлерді пайдаланады. Бұл ұйымның әрбір әлеуетті мүшесімен мақсатты жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Малайзияда Ішкі істер министрлігінің бағалауымен жаңадан ислам мемлекетіне (Халифа) шақырылғандардың кем дегенде 75 пайызы онлайн режимде қабылданған. Қазақстанда бұл көрсеткіш бұдан да жоғары. Радикалды идеологияны ұстанатын 10 адамның 8-і интернеттен сәйкес топтарға енген деп тұжырымдайды.

Интернет-ресурстар арқылы радикалданудың ең үлкен қаупі Қазақстандағы әлеуметтік желілер мен басқа да интернет-ресурстардың негізгі аудиториясын құрайтын жастарға төнеді. Сарапшылардың пікірінше, жеке басының дағдарысы мен әлеуметтік-экономикалық проблемаларға байланысты жастардың рекрутерлердің іліміне қарсы тұруы қиынға соғады. Түрлі дереккөздерге сүйенсек, қазір Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймағында Қазақстан Республикасының 300-ден 1 000-ға дейін азаматы, соның ішінде әйелдер мен балалар бар.

Эксперттердің зерттеулері көрсетіп отырғандай, деструктивті діни ағымдардың құрығына түсетіндердің көбі жастар екендігін ескерсек, мұның артында ғаламдық үлкен себептер бар. Қазіргі әлемдік урбанизация тым жоғары деңгейге жетті. Бұл прогресс елімізде де ұзақ уақыт бойына қарқынды жалғасып келеді. Мұндағы мәселе ауылдық жерден жаппай қалаға көшкен халықтың көбі тұрғын үй, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, білім алу мәселелерін толықтай шеше алмайды. Нәтижесінде жағдайы нашар аудандарда пәтер жалдап тұруға мәжбүр болады және мұндай әлеуметтік күйдегі адамдар тобын манипуляциялау оңай әрі жылдам. Бұл турасында ғалым Мұртаза Бұлұтай: «Үлкен қалалардың төңірегіндегі кедей махаллаларда өмір сүретін жартылай ауылдық, жартылай қалалық психологиядағы тұрғындар арасында жұмыссыздық мөлшері жоғары және осындай жерлерде жаңа ортамен проблемалы адамдар көп болады. Сондай жандарды әртүрлі идеологиялар мен жалған діндерге тарту қиынға соқпайды», – деп тұжырымдайды.

Жастардың арнайы діни ілімінің болмауы жат ағымдардың жетегіне түсуіне бірден-бір себеп. Жасөспірімдердің діни ілімді өз бетінше интернет желілерінде алуы теріс ағым идеологиясымен сусындап, радикалды сананың қалыптасуына түрткі болуда. Ақпараттық заманда деструктивті діни ағымдардың діни ілімі жетілмеген жастарға діни контенттерді заманауи тәсілдермен ұсынуы жат идеологияның қолшоқпарына айналдыруда.

Деструктивті ағымдар қолданатын психологиялық әдістердің ішінен, ең алдымен, психологиялық байланыс орнату әдісін бөліп көрсетуге болады. Мысалы, интерактивтілік әдіс жағымды әсер қалыптастыру үшін қолданылады. Егер сізде қандай да бір көзқарастар немесе белгілі бір қызығушылықтар болса, олар сізге бейімделуге тырысады. Егер сіз жануарларды ұнатасыз делік, олар сізбен жануарлар туралы сөйлеседі немесе сізге техника ұнаса, олар сізбен техника туралы сөйлеседі. Осылайша олар өте жылы, өте жақын сенімді тұлғааралық қатынастарды қалыптастырады. Мұндай әдіс-тәсілдерді деструктивті діни ағым өкілдері әлеуметтік желі арқылы тиімді пайдаланады. Адамдарға қажетті әрі қызықты заттарды интернет арқылы жарнамалай отырып, өз идеологияларын насихаттайды. Бастапқыда ешбір адам оның теріс ағым екендігін ажырата алмайды. Адамдардың көңілінен шығып, сеніміне кірген соң теріс сенімін жүргізу қиындық туғызбайды. Қазіргі таңда мұндай манипуляция тәсіліне жастар тұрмақ, ақыл тоқтатқан адамдар да түсіп қалуда.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарларына тарту мақсатымен тек жасырын жолмен ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарында ашық насихат жүргізеді. Қазақстанда және әлемде экстремистік топ ретінде танылған «ДАИШ» ұйымының насихат жүргізу тәсілдері сапалы технологиялармен әлеуметтік желілер арқылы көрініс табады. Бұл ұйым мүшелерінің басым бөлігін жастар құрайды. 

Қазіргі жаһандану дәуірінде деструктивті діни ағымдардан сақтандыру тек құзырлы орындардың міндеті ғана емес, әрбір саналы адамның борышы. Бұндай теріс ағымдармен тұтас ел болып, ұлт болып күресуіміз қажет. Деструктивті діни ағымға қарсы иммунитет қалыптастыратын ең үлкен күш – ұлттық кодты жаңғырту. Жастардың бойына жас күнінен бастап ұлттық тәрбиені сіңіру, салт-дәстүрдің мәнін ұғындыру арқылы оларды нағыз ұлтын, елін сүйетін тұлға етіп қалыптастыру қажет. Кішкентай күнінен бесік жырын, ертегілер мен аңыз-әңгімелерді, батырлар жырын, қисса-дастандарды бойына сіңіріп өскен жас буын өсе келе ешбір теріс идеологияға жұтылмайды. Бұл – тәжірибеде дәлелденген, ешбір тәсіл орнын баса алмайтын, рухани әлеммен байланысты негізгі құндылық. 

Нұрдос РАХЫМЖАНҰЛЫ,

Нұр-Мүбарак унииверситетінің

2-курс магистранты