Цифрлық Қазақстан

Онлайн соттың да оңтайлы тұстары бар

Онлайн сот процестері – құқық қорғау жүйесін цифрландыру аясындағы маңызды жаңашылдық. Соңғы жылдары әлемде кеңінен қолданылып келе жатқан бұл формат Қазақстанда да тиімділігін дәлелдеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн сот процестерінің қажеттілігін атап өтіп, оның құқықтық жүйеге серпін бергенін айтқан болатын. Бұл технологиялық үдеріс азаматтарға құқықтық қызметтерді қолжетімді етіп, сот ісін жүргізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Бүгінде онлайн сот процестері заманауи құқықтық жүйенің маңызды бөлігіне айналып отыр. Бұл әдістің басты артықшылықтары – сотқа келудің қажеттілігі жойылып, уақыт пен жол шығындары үнемделеді, ал құжаттарды электронды түрде тапсырудың ыңғайлылығы артады. Технологиялық шешімдер сот процесінің ашықтығын арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға жол ашуда.

Шетелдік тәжірибелерге көз жүгіртсек, онлайн сот процестерінің оңтайлы әдіс екенін бағамдаймыз. Мысалы, Эстонияның сот жүйесі толығымен цифрланған, онда сот ісін қашықтан жүргізу арқылы сот процестері жылдам әрі сапалы жүзеге асырылады. Судьялар мен адвокаттар онлайн байланыс орнатып, істі қарау мерзімін айтарлықтай қысқартты. АҚШ-та да бұл әдіс кеңінен қолданылып келеді. Әсіресе Калифорния мен Нью-Йорк штаттарында электронды өтініш беру мен қашықтан тыңдаулар уақытты үнемдеуге және процестің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Ұлыбританияда онлайн сот процестерін енгізу пандемия кезеңінде жедел жүзеге асырылды. Азаматтар сотқа онлайн шағымдар мен өтініштер жолдап, шешімдерді тез алуда. Бұл тәжірибе процесті жылдамдатуға және соттардың жұмысын оңтайландыруға айтарлықтай әсер етті.

Қазақстанда онлайн сот процестері 2020 жылы пандемияға байланысты енгізіліп, «Сот кабинеті» арқылы азаматтар қашықтан сот отырыстарына қатысып, электронды түрде құжаттармен жұмыс істеуде.

Онлайн сот процестері құқықтық жүйенің тиімділігін арттырудың және халыққа қызметтерді қолжетімді етудің бірегей тәсіліне айналды. Цифрлық технологиялар арқылы сот процестерінің ашықтығы артып, жүйенің қағазбастылықтан арылуына ықпал етті.

Бұл процестер сот төрелігін жылдам, тиімді әрі қолжетімді етумен қатар, ауылдық аймақтарда тұратын азаматтар үшін де сотқа қашықтан қатысуға мүмкіндік береді.

Онлайн сот процестерінің тағы бір артықшылығы – қарттар мен денсаулығына байланысты сотқа бара алмайтын адамдар үшін ерекше қолайлы болуы. Жалпы алғанда, құқықтық жүйенің цифрлануы сот процестерінің тиімділігін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдірудің негізгі факторы ретінде алға шығып отыр.

А. ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ