Орталықтың тірлігі ойдағыдай
Апаттар медицинасы орталығы – төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың бірыңғай мемлекеттік жүйесіне кіретін кәсіби медициналық қызмет.
Құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Апаттар медицинасы орталығы төтенше жағдайлардан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсетуге байланысты маңызды, жауапты міндеттерді атқарып келеді.
Республиканың барлық өңірлерінде құрылған және жоспарлы түрде дамып келе жатқан күштер мен орталықтың құралдары тұрақты дайындық қызметінің белсенді авангардына және елдің азаматтық қорғау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.
Елімізде төтенше жағдайлар туындаған кезде дереу әрекет ету үшін медициналық күштер мен құралдарды үнемі дайын күйде ұстауға мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық жүйе болмады.
Қазіргі жағдайда техногендік авариялар мен табиғи апаттардың медициналық-санитарлық салдарын жою кезінде халықты медициналық қамтамасыз ету проблемасының өзектілігі артты.
Осы мақсатта төтенше жағдайлардың медициналық-санитарлық зардаптарының алдын алу және жою үшін Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен төтенше жағдайларда Қазақстан Республикасының шұғыл медициналық көмек қызметі құрылды. Ал осы жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан экстремалды және медициналық-биологиялық проблемалардың республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды. Ол 1997 жылы Апаттар медицинасы орталығы болып өзгертілді.
Кейін төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа тұрақты дайындықтағы штаттық құрылымдар түрінде шұғыл медициналық көмек көрсету функциялары бар Апаттар медицинасының аумақтық орталықтары құрылды.
Төтенше жағдайларға ден қоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында 2007 жылғы тамызда Апаттар медицинасы орталығы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына берілді.
Апаттар медицинасы орталығының мақсаты – төтенше жағдай аймағында және жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру арқылы адам шығынын азайту.
Бүгінгі таңда республик аның барлық 17 облысында және республикалық маңызы бар 3 қалада тұрақты дайындықтағы ведомстволық медициналық бөлімшелер жұмыс істейді.
Орталық бөлімшелері жұмыс істеген кезеңде Қазақстанда да, шетелде де 55 мыңнан астам төтенше жағдайды медициналық-санитарлық қамтамасыз етуге белсенді қатысты. Бұл ретте 60 мың зардап шегушіге білікті медициналық көмек көрсетілді.
Сондай-ақ орталық дәрігерлері Алматы облысы, Қызылағаш кентіндегі бөгеттің жарылуы кезінде, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздік, Қарағанды облысындағы Көкпекті суқоймасының бөгетінің жарылуы, Түркістан облысы, Арыс қаласының әскери бөлімінің аумағында оқ-дәрілердің жарылуы, Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің аумағында өрттің, Абай облысының «Семей орманы» орман резерватындағы өрттің зардаптарын жою кезінде баға жетпес көмек көрсетті. 2023 жылы құтқарушылар отрядының құрамында Түркия мен Ауғанстандағы жойқын жер сілкіністерінің салдарын жою жөніндегі жұмыстарды медициналық қамтамасыз ету жүзеге асырылды. 2024 жылы көктемгі су тасқыны кезеңінде зардап шеккен халыққа медициналық көмек көрсетілді.
Орталықтың 2009 жылы құрылған психологиялық қызметі зардап шеккен халыққа шұғыл психологиялық көмек көрсету және ұйымдастыру, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысатын азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби қызметін психологиялық сүйемелдеумен айналысады.
Бүгінгі күні орталықтың психологтары 6 мыңнан астам төтенше жағдайларға шығуды жүзеге асырды, 6 мыңнан астам зардап шегушіге шұғыл психологиялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің авариялық-құтқару бөлімшелерінің қызметкерлеріне психодиагностикалық және психофизиологиялық тексерулер, тренингтер мен консультациялар жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Республика автожолдарының авариялық-қауіпті учаскелерінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 2012 жылдан 2014 жылға дейін кезең-кезеңімен 40 трассалық медициналық-құтқару пункті құрылды және бүгінгі күнге дейін жұмыс істейді.
Олардың негізгі міндеті – халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің санын азайту. Бригадалардың құрамына дәрігерлер де, құтқарушылар да кіреді. Бұл жедел медициналық көмек көрсете отырып, жедел құтқару жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бригадалар жол қозғалысына қатысушылар көмекке жүгінген кезде шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Тегін медициналық көмекке 20 мың азамат өтініш бергені тіркелген, оның 1 000-нан астамы медициналық ұйымдарға жеткізілген. Трассалық медициналық-құтқару пунктінің қызметі медициналық бригадалардың жол-көлік оқиғаларының орнына келу уақытын қысқартуға, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі мен тиімділігін арттыруға және жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің өлім-жітім санын азайтуға ықпал етеді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ