Қоғам

Қызыл жалынды ауыздықтаған Қуандық

Қызуы бет қаратпас жалындаған оттың ішінен өзгелерді аман алып қалу жолында өз өмірін аямай қызмет етіп жүрген өртсөндірушілерге қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді. 22 жасар Қуандық та азаматтық қорғаныс саласының беткеұстар маманы.

Қоғамда жастығына қарамастан жұрт үшін жанын беріп, ел үшін еміреніп еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Тілсіз жаумен күресіп жүрген өртсөндірушілердің ерлігін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бүгінгі кейіпкеріміздің көзсіз батырлығы да сөзсіз алғысқа лайық.

2024 жылдың 6 қазан күні сағат 10:52- де Тараз қаласы, Жамбыл даңғылының бойында «Газель» автокөлігі өртенгендігі жөнінде хабарлама түседі. №4 өрт сөндіру бөлімінде Қуандық Жұмағалиевпен бір ауысымға түсетін диспетчер Мадина Қуатбекова мән-жайды толыққанды баяндап, жедел жұмылдыру тобына хабарлаған. Оқиға орнына 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 7 өртсөндіруші-құтқарушы шығып, автокөлікті шарпыған өртті сөндіруге кіріседі.

Өрт сағат 11:00-де толық сөндіріледі. Жалындаған оттан жалтармай, өз жұмысын женкештілікпен жалғастырған Қуандықтың әрекетін адамдар видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге таратады. Қара басын ғана ойламай, қарашаның қамын жеген бүгінгінің батырына халық алғысын білдіруде.

Қуандық Жұмағалиев – үш жылға жуық уақытта бірнеше өрт оқиғасына қатысып, ұжымда сый-құрметке бөленіп жүрген азамат. Қуандықтың айтуынша, бір күнде 8 өрт оқиғасына қатысқан кездер де болған екен.

Бүгінде Қуандық шеберлігін шыңдау мақсатында Қырғыз мемлекеттік құрылыс, көлік және сәулет университетінде «Өрт қауіпсіздігі» мамандығында білім алуда.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ