Жамбыл жаңалықтары

Кәсіподақ көкжиегі кеңейіп келеді

10 қазан – Қазақстан Республикасының кәсіподақтар күніне орай Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Іс-шарада еңбек адамының мүддесін қорғап, кәсіподақ қозғалысын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.

Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов, облыс әкімдігі басқармаларының басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кәсіподақ мүшелерін төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

Өз кезегінде облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев құттықтау сөзін арнап, облыс көлеміндегі кәсіподақ қозғалысына елеулі үлестерін қосып жүрген кәсіподақ өкілдерін Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Мерекенің басты оқиғаларының бірі ретінде Олимпиада чемпионы Елдос Сметов «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар оған «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды. Кәсіподақ белсенділері де Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының арнайы марапаттарына ие болды.

Іс-шараның соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, жиынға қатысушылар көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.

Айжан ӨЗБЕКОВА