Еңбек адамдары құрмет құшағында
10 қазан – Қазақстан Республикасының кәсіподақтар күніне орай Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Іс-шарада еңбек адамының мүддесін қорғап, кәсіподақ қозғалысын дамытуына барынша үлес қосып жүрген түрлі саладағы кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен белсенділері арнайы марапаттарға ие болды, деп хабарлайды arainfo.kz
Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, биылғы Париж олимпиадасының алтын жүлдегері Елдос Сметов, облыс әкімдігі басқармаларының басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері қатысты.
Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кәсіподақ мүшелерін кәсіби төл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Өз кезегінде облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев құттықтау сөзін арнап, облыс көлеміндегі кәсіподақ қозғалысына елеулі үлестерін қосып жүрген кәсіподақ өкілдерін Жамбыл облысының Құрмет грамоталарымен марапаттады.Мерекенің басты оқиғаларының бірі ретінде, дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, оған «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталып, ұлттық дәстүрге сай шапан мен бөрік кигізілді.
Кәсіподақ белсенділері де Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының арнайы марапаттарымен құрметтелді. Іс-шараның соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, жиынға қатысушылар көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.