Кәсіп

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің еңбегі ерен

1954 жылы Сарысу ауданындағы «Үшбас», «Арыстанды», «Қаратас» және Жданов атындағы ұжымшар негізінде «Түркістан» астық кеңшары құрылды . Кеңшардың алғашқы директорлығына Григорий Алексеевич Струков тағайындалып, 1959 жылға дейін басқарды. Сол тұста Түркістан әскери округінен солдаттар келіп, бір жазда екі пәтерлік 6 үй, 4 пәтерлік 12 ағаш үй тұрғызды. Түркістан әскери округінен келіп осыншама көп тұрғын үй салған солдаттардың құрметіне кеңшар « Түркістан» атанған. Бір көшенің бойында қаз-қатар орналасқан баспаналар кейіннен тың игеру мақсатында жолдамамен келген қыз-келіншектерге бұйырды. Олардың көбі осында отбасын құрып, тұрақтап қалды.

1955 жылдың өзінде мол өнім жиналып, алғашқы 12 000 центнер дән күрт суытқан күннің салдарынан қырманда үйіліп қалған. Егіс көлемі 26 000 гектарға жеткен. 6 трактор бригадасы жұмыс істеген. Кейін Калинин атындағы «Жайылма», «Коммунар» кеңшарлары ашылып, олардың әрқайсысына тиісінше жер берілді. Ал 19 800 гектар жер «Түркістан» кеңшарының иелігіне қалдырылған.

1956 жылдан бастап малшаруашылығы қоса жүргізіліп, қой саны 40 мыңға дейін өскен. Тауарлы сүт фермасында 1 500-ге дейін асылтұқымды сауын сиыр өсіріліп, күніне 3 тоннаға дейін сүт өндірілген. Сүтпен Жаңатас пен Қаратау халқы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар құс, шошқа фермасы ұйымдастырылған. Кеңшарға жан-жақтан келген 18 ұлттың өкілдері жұмысқа орналасты. Олардың басым көпшілігі механизатор, комбайншы болып жұмыс істеді. Солардың ішінде «Ленин» орденді комбайншы Л. Сидорин, «Құрмет белгісі» орденінің иегерлері, механизаторлар В. Поятс, В. Кузкин, А. Вортавев, Л. Голж, Б. Ликун сынды көптеген азаматтың есімдерін атап өтуге болады.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Түркістан совхозы» туралы «Түркістан солай туған» атты очерк жазды. Тың игеру жылдарында аудан картасында пайда болған астық кеңшары өзінің даңқты еңбек дәстүрімен өңір тарихына енді. Бұл жер – Қаратауды теріскей мен күнгейге бөліп жатқан қыраттың бөктерінде етек жайған, түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғыны аяққа оралатын әдемі, зер салып қараған адамның көзі тоятындай сұлу өңір. Үлкен Қаратау мен Кіші Қаратау жоталарының арасына орналасқан ені 20-30, ұзындығы 110-120 шақырым келетін шөбі шүйгін, шабындық пен егістіктері мол, мөлдір бұлақтардан бастау алатын шағын өзендер көрік беретін, табиғаты таңғажайып аймақ. Бұл мекен туралы ықылым заманнан қалған аңыздар бар. Олардың қатарында Шу жолы, Хан жолы, Телкөл жолы, Ұлы жол ( Көсегенің көкжоны) және осы жолдармен байланысты Сырдың бойындағы ортағасырлық қалалардан шығып, Қаратаудан асатын 20-ға жуық керуен жолының бағыттары туралы деректер көп.

Бұл тұрғыда Көсегенің көкжонының жолы туралы әңгімелер де аз емес. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатқан, күнгей мен теріскейге ағатын өзендер бастау алатын жотаның үстімен жүрген бұл жолдың басы Теріс өзеніндегі өткелдің сол жағасында орналасқан ортағасырлық Ақтөбе қаласынан басталған. Ол Қаратаудың күнгейі мен теріскейін байланыстырып жатқан Теріс, Үлкен сай, Жосалы, Саясу, Белбұлақ, Тікасу, Үлкен Арбатас, Арбатас, Кіші Тамды, Қарашасай, Қарашат, Бесағаш, Бала Шабақты, Теспе, Байжансай, Арыстанды асулары мен шатқалдары арқылы өтетін жолдарды кесіп өтеді. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін бұл өңірде жаңа құрылымдар – шаруа қожалықтары ашыла бастады. Солардың бірі – бұрынғы «Түркістан» кеңшарынан ашылған «Қоралас» шаруа қожалығы. Агроқұрылымның басшысы Сәкен Тәжібаев осы өңірде дүниеге келді. Әкесі Жайлыбай жасынан еңбекпен есейген жан. Ол мамандығы мал дәрігері болса да ауданда алғашқы болып шаруа қожалығын ашты.

Алғашқы жылдары шаруа қожалығын жүргізу оңайға соқпағаны белгілі. Бірақ Жайлыбай алған бетінен қайтпады. Оның бір арманы мектеп жасындағы жалғыз ер баласы Сәкеннің ержетіп, шаруа қожалығына жетекшілік етуі еді. Мемлекеттік қызмет пен шаруа қожалығының жұмысын қатар жүргізу қиынның қиыны. Бірақ қайсар Жайлыбай қиюын тауып, шаруа қожалығының жұмысын ақсатпады. Сәкен де мектепті бітіріп, шаруа қожалығының тізгінін ұстауға жетті. Ол мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде жездесі Чапайдың үйінде оқыды. Жездесі машина жөндеу шебері болатын. Ондағы Жайлыбайдың мақсаты – Сәкеннің техниканы меңгеруіне жол ашу болатын. Жасынан зерек Сәкен жездесіне қолғабыс ете жүріп-ақ аз уақытта әртүрлі маркадағы техникаларды жөндеуді меңгеріп алды. Бұл оның болашақта шаруа қожалығы ісін жүргізуге даңғыл жол ашумен бірдей еді. Солай болды да. Сәкен аз уақытта шаруа қожалығы жұмысын жолға қоя білді.

Агроқұрылымның шаруасын қолға алғалы бері де отыз жылға жуық уақыт өтіпті. 500 гектар жерге егін егіп, өнім жинау Сәкеннің мойнына түскен еді. Ол егіннің әр гектарынан 12 центнерден өнім жинап жүр. Сонымен қатар 50 сауын сиырды күтіп баптау, олардың сүтімен, құрт-майымен және жемшөппен Жаңатас қаласының тұрғындарын қамтамасыз ету ойынан бір шыққан емес. Әр сиырдан 15-20 литр сүт сауып, 5 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Жылына 3-5 тоннаға дейін сүт сауып, қала халқына өнімдерін саудалауда. Қандай қиын бейнет болса да жасқанбай кірісіп кетеді. Қазіргі таңда ол шаруа қожалығын ірілендіріп, кооператив құру ісімен де айналысуда.

Оған «Нәсіп» шаруа қожалығы тартылған. Үнемі осы жұмыстың басы-қасында Сәкен жүретінін қала халқы жақсы біледі. Сонымен қатар Сәкеннің жұбайы Сандуғаш та жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Ол егістікке егілген зығырдың шөбінен май өнімдерін өндіретін аппарат сатып алды . Осы бағытта 2 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа да қол жеткізді. Бүгінде ол жылына 2 тонна зығыр майын шығаруда. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер тізе қоса жұмыс атқарып, тұтынушылардың сенім үдесінен шығып келеді.

Сонымен қатар қала халқына қайырымдылық жасау да олардың басты мақсаты. Кәсіпкерлер Наурыз мерекесі кезінде көпбалалы 30 отбасына ірі қара малын сойып таратуды дәстүрге айналдырған . Сонымен қатар 10 отбасыға тегін 30 тонна шөп түсіріп беріп жүр. Зығыр майынан да көпбалалы аналарға тегін таратып тұратыны тағы бар.

Майлыбай СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Республикасы

Журналистер одағының

мүшесі