Медициналық қызмет сапасы жақсарып келеді
Жамбыл ауданында денсаулық сақтау саласы жыл сайын қарқынды дамып, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы да артып келеді.Аудандағы 35 денсаулық сақтау нысаны халықтың денсаулығын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Аймақтағы халық саны 88 336 адам болса, 67 491-і аудандық орталық ауруханаға тіркелген.
Ауруханада 913 қызметкер еңбек етсе, 99-ы дәрігер, ал 468-і орта буын медициналық қызметкер. Дегенмен ауданның медицина саласында кадр тапшылығы мәселесі бар екені байқалады. Ауруханаға инфекционист, реабилитолог, балалар неврологы, онколог, УДЗ маманы, травматолог және акушер-гинеколог сияқты мамандар қажет.Бұл көрсеткіштер аудандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымының жақсарып жатқанын, бірақ маман тапшылығы сияқты түйінді мәселелердің әлі де бар екенін көрсетеді.
Жамбыл ауданында сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын табуда. Ауданда УДЗ, флюорографиялық аппарат, ЭКГ секілді заманауи құрылғылармен жабдықталған бір жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Медициналық кешенде невропатолог, хирург, кардиолог, УДЗ дәрігері, рентген-лаборант және медбикелер қызмет атқарады. Бұл ауылдық жерлерде медициналық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар 2022 жылы Шайқорық ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, 2023 жылы пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны – 219 160,0 мың теңге. Сондай-ақ Жаңаөткелдегі медициналық пункттің де құрылысы 2023 жылы аяқталып, биыл халыққа қызмет көрсетуде.
Оның құны 105 161,0 мың теңгені құрады. Жоспарланған құрылыс нысандары арасында 2024 жылы Тоғызтарау және Қостөбе ауылдарындағы медициналық пункттердің, Қаратау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бар.2025 жылы Шоқай және Бәйтерек ауылдарында медициналық пункттердің, Құмтиын ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жоспарлануда. 2026 жылы Қоңыртөбе және Қапал ауылдарында да медициналық пункттер салынады деп күтілуде.
Сонымен бірге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында аудандық ауруханаларда «ДамуMed» медициналық ақпараттық жүйесі енгізілген, бұл жүйенің қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрайды. PACS жүйесі арқылы рентген кескіндері науқастың электрондық паспортына жүктеліп, науқастардың денсаулығын бақылау мен емдеу процесі оңтайландырылған.Жамбыл аудандық ауруханасы алдағы жылдарға бірнеше жоспар қойған. Ақ халаттылар нәресте өлімі деңгейін төмендету, ана өліміне жол бермеу, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау сынды міндеттерді басты мақсат етіп, нақты іске көшпек.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА,
Жамбыл ауданы