«ImmuniGuide» платформасының пайдасы мол
«ImmuniGuide» медициналық стартабы – отандық ғалымдар әзірлеген және иммундық жүйенің жағдайын бағалауға арналған бірегей платформа. Жобаның инновациялық сипаты иммунитеттің күйін жалпы қан талдауы арқылы кешенді түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өнім алғаш рет онкологиялық клиникада сәтті енгізіліп, өз тиімділігін көрсетті.
Жобаның негізгі мақсаты – халыққа тегін әрі қолжетімді скрининг ұсыну. «ImmuniGuide» платформасы жалпы қан талдауының нәтижелеріне сүйене отырып, иммунологиялық мәліметтерді кең ауқымда талдайды. Платформа жасырын инфекцияларды анықтап, ағзаның ауруларға, вакциналарға, физикалық жүктемелер мен стресске қалай әсер ететінін бақылайды. Сонымен қатар, қосымша иммунитетті нығайту және оны дұрыс қалыпта ұстау бойынша нақты ұсыныстар береді.
Жобаның авторлары – Нұрлыбек Өдербаев пен Игорь Понамарев. Нұрлыбек Өдербаевтың айтуынша, жобаның алғашқы идеясы 2016 жылы пайда болған. Сол уақыттан бері 8 жыл бойы команда табанды еңбектеніп, жобаны жетілдірумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде 4 авторлық құқық алып, сауда маркасын тіркеп, платформа құрылымын қайта қарап, оған жасанды интеллектіні интеграциялаған. 2023 жылдың шілде айында бұл өнім өндіріске енгізіліп, қазіргі уақытта оны қолданатын клиникалар мен емханаларда жоғары нәтижелер байқалуда. Платформаның ұсынған талдау нәтижелерінің дәлдігі орта есеппен 98,7 пайызды құрайды, бұл ғылыми зерттеулермен расталған.
Платформаның басты ерекшелігі – медициналық деректерді жоғары жылдамдықпен, дәлдікпен өңдей алатын жасанды интеллект, бұл егжей-тегжей жекелендірілген есептерді кез келген тілде ұсынуға мүмкіндік береді. Нақты және дәл нәтижелер беру арқылы «ImmuniGuide» иммундық жүйенің жағдайын жедел анықтап, алдын алу шараларын уақытылы жүргізуге септігін тигізеді.
Бұл стартаптың халықаралық аренада да әлеуеті жоғары. Жоба шетелдік нарыққа шығуға дайын. Мәселен бүгінгі таңда Малайзияда платформаны сынақтан өткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Жоба жетекшілері алдағы уақытта платформаның қолдану аясын кеңейтуді жоспарланып отыр.
Жалпы «ImmuniGuide» сияқты медициналық платформалар шетелдерде де кеңінен қолданылады. Әлемнің көптеген елдерінде денсаулық сақтау саласында инновациялық технологияларды енгізу белсенді түрде дамуда. Мысалы, АҚШ-тағы «Zocdoc» платформасы медициналық қызметкерлер мен пациенттерді байланыстырады. Сондай-ақ диагностика мен емдеу үшін онлайн платформаларды қолдануды қамтамасыз етеді.
COVID-19 пандемиясы кезінде де көптеген елдерде телемедицина платформаларының қолданылуы артты. «Teladoc Health» (АҚШ), «Doctor on Demand» (АҚШ) және «Babylon Health» (Ұлыбритания) сияқты компаниялар қашықтан медициналық кеңестер мен диагностика ұсынатын платформаларды әзірледі.
Бұл мысалдардан көріп отырғанымыздай , шетелдерде инновациялық медициналық шешімдер мен платформалардың кең спектрі қолданылуда. Мұндай жобалар халықтың денсаулығын жақсартуға, аурулардың алдын алуға, диагностиканы жеңілдетуге және емдеу процесін тиімдірек етуге ықпал етеді.
А. ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ