Цифрлық Қазақстан

Цифрландырудың білім саласын дамытуға септігі көп

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы қоғамның әртүрлі саласына үлкен өзгерістер енгізуде. Осыған байланысты білім беру саласында орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс қабылдап, оқытудың озық технологияларын сауатты меңгермейінше, заман талабына сай ұстаз да, дарынды және талантты тұлға болу да мүмкін емес.

Заманауи ақпараттық және сандық білім беру технологияларын тиімді пайдаланбаса, оқушы мен мұғалімнің жұмысының сапасы арта қоймайды. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Білім – біліктілікке жеткізетін баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы», – деп білім мен біліктілік жайлы айтқан пікірі әлі де құнды. Яғни білім берудің нәтижелілігі мұғалімнің шеберлігіне, кәсіби құзыреттілігіне тікелей байланысты.XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар мен заманауи цифрлық ресурстардың өмірімізге етене енген ғасыры. Сондықтан әрбір ұстаз заман талабына сай жаһандық өзгерістер күнде құбылатын дәл қазіргі уақытта оқушы құзыреттілігін дамытуға ерекше көңіл бөлуі – ең өзекті мәселе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық», – деп, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу абзал екенін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде білім саласын цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде заманауи цифрлық ресурстарды оқу-тәрбие процесіне етене енгізуге мүмкіндік туды. Ұстаздардың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстарында да жаңашылдық өте көп. Сонымен қатар Жолдау жүктеген міндеттер аясында ҚР Үкіметінің бастамасымен тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін «Цифрлық ұстаз» жобасы іске асырылуда. Жоба тұрмысы төмен отбасылардан шыққан үлгерімі төмен 8-11-сынып білім алушыларына қашықтан қосымша сабақтар ұйымдастыруға, ұсынылған 6 негізгі пәннен (алгебра, геометрия, химия, физика, биология, Қазақстан тарихы), 2 таңдалған пән бойынша білімдерін шыңдауға және бітіру емтихандарына дайындалуға көмек көрсетуге бағытталған. Қосымша сабақтар негізгі пәндер бойынша үлгерімі төмен, күрделі және көлемді тақырыптарды меңгеруде қиындықтарға тап болған білім алушылар үшін өткізіледі. Сондай-ақ қосымша сабақтар қолжетімді цифрлық платформаларда цифрлық білім беру ресурстарын және бейнесабақтарды қолдана отырып қашықтан оқыту форматында өткізіледі. Әрбір пән бойынша сабақтарды өткізу үшін аптасына 2 сағат уақыт бөлінеді. Жобаны жүзеге асыру 2024-2025 оқу жылына жоспарланған.

Өндірістің барлық салаларында цифрлық технологиялардың жедел дамуы мектеп түлектерінен цифрлық техникамен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруді, интерфейстердің жұмысын түсінуді, деректерді жинау мен цифрлық өңдеуді, деректерді қорғауды, ақпарат іздеуді, қолдануды және ақпарат көздерін әртүрлі негіздер бойынша саралауды талап етеді. PISA зерттеуі көрсеткендей, мектептер білім алушылардың цифрлық құрылғы экранында берілген ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін, бірнеше көзден алынған ақпаратты бағалау дағдыларын, осындай ақпараттың сенімділігі мен жарамдылығын бағалау қабілетін дамытуы қажет. Сондықтан оқу процесінде барлық пәндерде цифрлық сауаттылық пен цифрлық ресурстармен сапалы жұмыстар жүргізілуі тиіс және барлық білім беру салаларының мазмұнына біріктіру қажет.

«Digital Bridge-2023» халықаралық форумының қорытындысымен «Astana Hub» қорымен бірге 2024 жылғы тамызда орта білім беру ұйымдарының білім алушылары үшін бағдарламалау негіздерін оқыту бойынша онлайн білім беру платформасы пилоттық режимде іске қосылды.

Бүгінде техникалық жаңалықтар мен бағдарламалық жасақтаманың саны үнемі өсіп келеді. Оқыту мақсаттарын жүзеге асыру үшін педагогтардың сабақ барысында әртүрлі компьютерлік бағдарламаларды, электрондық ресурстарды және басқа да цифрлық шешімдерді қолдануға мүмкіндігі бар. Демонстрациялық бағдарламалар сипаттамалық оқу материалын, түрлі көрнекі құралдарды (картиналар, фотосуреттер, бейнефрагменттер, плакаттар) көрнекі көрсету үшін қажет. Демонстрациялық бағдарламалар педагогке зерттелетін тақырыптың негізгі аспектілерін көрнекі түрде көрсетуге көмектеседі.

Интерактивті тақталар мен презентациялар «SMART Board» немесе «Promethean» сияқты интерактивті тақталарды қолдану педагогтарға мультимедиялық элементтерді, интерактивті тапсырмаларды және онлайн өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін пайдаланып, динамикалық сабақтар жасауға мүмкіндік береді. Бұл оқу процесін білім алушылар үшін қызықты әрі тартымды етеді. Білім беру ойындары мен міндеттерін пайдалану білім алушылардың назарын аударуға және оларды оқуға ынталандыруға септігін тигізеді.

«CodeCombat» сияқты көптеген онлайн платформалар, «Code.org», «Scratch» немесе «Blockly», «Kahoot» және тағы да басқа бағдарламалауды, алгоритмдік ойлауды және басқа компьютерлік дағдыларды дамытуға көмектесетін қызықты тапсырмалар мен ойжұмбақтарды ұсынады. Бұл бағдарламалар ұсынымында тест түрінде әртүрлі тексеру тапсырмалары да бар. Ол жеке тәсілдеме ретінде пайдаланылады, білім алушылардың жетістіктері мен қателіктерінің егжей-тегжейлі бейнесін түсіреді.

«Google Classroom», «Microsoft Teams» немесе «Slack» сияқты онлайн платформаларды пайдалану білім алушыларға өзара ынтымақтастыққа, оқу мәселелерін талқылауға және ресурстарды бөлісуге мүмкіндік береді. Бұл қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және командада оқуға ықпал етеді. «YouTube» немесе «Vimeo» сияқты танымал платформаларда бейнесабақтар мен оқу арналарын құру педагогтарға материалды қызықты және қолжетімді түрде ұсынуға жағдай жасайды.

Бұл білім алушыларға жаңа тұжырымдамаларды өз қарқынымен үйренуге және кез келген ыңғайлы уақытта материалға қайта оралуға, тыңдап, көруге мүмкіндік береді. Сабақтарда цифрлық технологиялар мен шешімдерді пайдалану материалды тиімді меңгеруге септігін тигізеді және білім алушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға ықпал ететін ынталандырушы және интерактивті білім беру ортасын қалыптастырады.

Қазіргі таңда «Оқыдым – мамандық алдым – біліктілігімді арттырдым – қызметте өстім» деген үйреншікті парадигма өткеннің еншісінде қалды. Болашақтың мамандығы деген – ең алдымен, экономика және еңбек нарығындағы өзгерістердің ықпалына қарай дағдылар мен білім мазмұнын қайта қарау, содан кейін ғана мамандық немесе кәсіп түрінде іске асырылатын нақты форма. Сондықтан мамандықтардың қалыптары бұзылды, енді мульти-потенциалды, яғни сан қырлы адамдар дәуірі басталады. Кейінгі жылдарда жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығына үлкен өзгерістер алып келді. Жасанды интеллекттің мамандық бойынша жұмыс істеуге тигізетін әсері туралы IBM-нің сарапшылық есебінде екі негізгі мәселе аталып өтіледі. Біріншіден, жасанды интеллект саласындағы революция жаңа бетбұрыс кезеңіне жетті, осыдан кейінгі өзгеріс жылдамдығы бірнеше есе артса, екіншіден, жасанды интеллект адамдарды алмастырмайды.

Кейінгі жылдарда жетекші ұлттық білім беру жүйелері мен халықаралық ұйымдар ұлттық білім беру жүйелерін реформалау қажет деген анық ұйғарымға келді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта жаһандық қауіп-қатерлерді шешуге қатыса алатын, жасампаздығы, эмоционалды бейімділігі мен тұрақтылығы, жауапкершілігі мен эмпатиясы бар, түрлі әлеуметтік топтардың, мәдениеттер мен ұлттардың өкілдерімен қарым-қатынас орната алатын адамдарға деген қажеттілік өседі. Маманға қойылатын талаптар жиынтығы өзгереді.Оның ішіндегі ең өзектісі – аналитикалық ойлау мен инновацияға ашықтық, ұдайы оқуға дайын болу, мәселе шешуге кешенді көзқарас, сыни ойлау мен талдау, шығармашылық пен ерекше ойлау қабілеттері.

Қазіргі заманғы тенденцияларды ескере келе, білім берудің жаңа моделін енгізу бағытында жұмыс істеу қажет. Бұл туралы «Баршаға қолжетімді білім» ұлттық баяндамасында жан-жақты айтылған. Қазір «білім беру – оқу» ұстанымынан «білім беру – тұлғаның қалыптасуы мен дамуы» ұстанымына көшу басты мәселе. Осы модельге сәйкес әр адам бойындағы қабілеті, мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне қарай оқудың барлық кезеңінде – балабақшадан бастап мектеп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейін жеке білім беру бағдарламасына ие болады. Бірақ біздің елімізде білім беру саласында кадр тапшылығы, оның ішінде білікті мамандардың жетіспейтіндігі сезіледі. Жыл сайын 5 мыңнан астам педагог жетіспей жатады. Білім алушылар қатарының көбеюіне байланысты кадр тапшылығы үнемі арта бермек.

Жылына педагогикалық білім алған түлектердің 20 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істеуге бармайды. Педагогтардың тек 16,2 пайызы ғана жоғары санатқа ие (зерттеуші педагогтар, педагог шеберлер). Сондықтан елімізде мектеп оқушыларының сапасын тексеру бойынша шығарылған қорытынды білім беру сапасының төмендігін көрсетті. Айталық, ұлттық баяндамада көрсетілгендей, PISA-2018 қорытындысымен қазақстандық оқушылар әлемнің 78 елі ішінде 69-орыннан көрінсе, PIRLS-2021 нәтижесі негізінде 65 елдің ішінде 35-орынға тұрақтаған.

Колледждердің 15 жастағы студенттері арасында жүргізілген бағалау олардың мектепте оқитын қатарластарынан 27 балға артта екенін көрсетті. PIAAC мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанның жоғары білімі бар ересек тұрғындарының көрсеткіші ЭЫДҰ мемлекеттеріндегі ересектерден оқу бойынша да, математикалық сауаттылық бойынша да 35 балға төмен. Демек, кәсіптік оқытудың Қазақстанда базалық дағдыларды дамытуға айтарлықтай әсері жоқ. Орта, жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейін де білім алған қазақстандықтар шамамен математикалық және оқу сауаттылығы бойынша тек екінші деңгейге ғана жеткен. Қазіргі жағдай білім беру сапасын көтеру үшін тиімділігі жоғары кешенді шаралар қабылдауды, сонымен қоса білім беру жүйесінің барлық деңгейін қамтитын білім сапасын бағалаудың тәуелсіз жүйесін енгізуді талап етеді. ICILS-2018 зерттеуінше, қазақстандық мектеп оқушылары цифрлық сауаттылықтан 14 қатысушы мемлекеттің ішінде ең соңғы 14-орынға ие болған.

Оқушылардың 54 пайызы компьютерлік және информатикалық сауаттылық бойынша ең төменгі бірінші деңгейге де жете алмаған. TALIS-2018 халықаралық зерттеулерінде педагогтардың 30 пайызы сабақ беруде пайдалану үшін АТТ дағдыларын дамыту бойынша біліктілікті арттыру курстарына «жоғары» сұраныс білдіргені айтылады. PIAAC зерттеулері бойынша, ересек тұрғындардың (16-65 жас) 16,2 пайызы жоғары технологиялық ортада мәселелерді шешу жөнінен екінші және үшінші деңгейді көрсете алған. Орташа көрсеткіш ЭЫДҰ мемлекеттерімен салыстырғанда екі еседей төмен. Аталған тенденциялар білім саласындағы басқару жүйесі мен оқу процестерін цифрландыру үшін жағдай жасауды талап етеді. Бұл бағытта педагогтардың жеке кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған жұмыстар өте қажет.

Заманауи мектептегі мұғалім – уақытты ұтымды пайдалана алатын, міндеттерді нақты анықтай білетін, кез келген мәселені шешудің оңтайлы жолдарын тез табатын, қоғамға қызмет ететін және осыған толық жауапкершілікпен қарайтын көшбасшы. Білім берудің цифрлық трансформациясы – бұл тек компьютерлік сыныптарды құру және интернетке қосылу ғана емес, сонымен қатар оқу мақсаттары мен білім беру нәтижелерін нақтылау, мектеп жұмысының жаңа үлгілерін қалыптастыру және тарату, оқыту тәжірибесін жаңарту, ұжымда тиісті атмосфераны құру, мұғалімдерге оқытудың жаңа әдістері мен тәжірибесін меңгеруге көмектесу. Цифрландыру арқылы білім беру кеңістігі ұлғая түседі. Цифрлы оқулықтар мен оқуәдістемелік материалдардың көлемі артады, бейімдеу механизмдері мен цифрлы орта қалыптасады.

Президенттің Жолдаудағы «Бұдан бөлек мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал» деген сөзі ұстаздарға зор жауапкершілік пен үлкен міндет жүктеп отыр. Осыған байланысты Кәсіби даму институтында өңір педагогтарына цифрлық ресурстарды оқу процесінде пайдаланудың тиімді әдіс-тәсілдерін меңгерту үшін түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Жақында ғана «Білім берудегі мультимедиялық технологиялар және жасанды интеллект» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинар аясында білім беруде мультимедиялық технологиялар мен жасанды интеллекті пайдалана отырып, оқу процесін ұйымдастыруда мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім берудегі нейрожелілер, білім беру ұйымын басқарудағы цифрлық сервистер мен цифрлық білім беру мүмкіндіктері, оқытудағы медиаақпараттық сауаттылық мәселелері жан-жақты талданды. Педагогтардың кәсіби біліктіліктерін арттыру мен заманауи ұстаз имиджін қалыптастыруда институт қызметкерлерінің қосатын үлесі зор екендігі белгілі. Алдағы жұмыс мазмұны да осы бағытта жүзеге асырылатын болады.

Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша

Кәсіби даму институтының аға оқытушысы, әдіскер