Заң

Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды

Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемалары қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Өкінішке қарай, шамасы жеткен соң ошағының түтінін түтетіп отырған әйеліне қол жұмсап, тіпті баласын сабайтындар елімізде күн санап көбейіп барады.

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайту қажеттігін айтқан еді.

Ал 2024 жылдың 15 сәуірінде Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.

Заң отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандардың құқығы мен мүддесін қорғауға арналған. Бұл – қауіпсіз және әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралып келсе, енді осы тектес қылықтар үшін кінәліге қылмыстық жауапкершілік жүктелетінін айта кеткен жөн.

Жаңа заң қабылданып қана қоймай, сонымен бірге қылмыстық, қылмыстық-процестік кодекстер мен әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілгенін де айта кеткен жөн. Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-1-бөлігі «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін» Қылмыстық кодекстің 108-1-бөлігімен қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қайта сараланып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2-бөлігі «Ұрып-соғу» Қылмыстық кодекстің 109-1 бөлігімен қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қайта сараланып, заң жобасына сәйкес денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін заң жобасында 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.

Қордай аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тобының инспекторы Ынтымақ Кәденнің мәліметінше, биыл 15 маусымнан бастап өңірімізде отбасы-тұрмыстық қатынас саласы бойынша 5 қылмыстық іс қозғалыпты.

Сонымен қатар отбасылық дау-жанжалға ықпал ететін себептер мен шарттарды анықтау мақсатында қызметтік тексерістер жүргізілген. Соның аясында 2024 жылдың 8 айында әйелдерге қатысты жасалған 208 құқықбұзушылық фактісі орын алған.

Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және аналардың қасіреті, бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді.

Аймахан КӨРПЕЛДЕСОВ,

зейнеткер,

Қордай ауданы