Жазаны күшейту құқықбұзушылыққа «тұсау» болады
Соңғы кездері Қазақстанда қоғамдық орындар мен тарихи нысандардың бүлінуі жиілеп кетті. Тіпті тарихи тұлғалардың зираттарын, ескерткіштерін қорлау оқиғалары да, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды бүлдіру жағдайлары да көптеп тіркелуде.
Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке зер салсақ, 2023 жылы вандализмнің 3 000-нан аса жағдайы тіркеліпті. Қазақстан қалаларында вандализмнің ең көп таралған түрлерінің бірі – ғимараттар мен ескерткіштердің қабырғаларына граффити салу. Вандализм мемлекетке де, жеке адамдарға да айтарлықтай экономикалық зиян келтіреді. Зақымдалған мүлікті қалпына келтіру қомақты қаржыны талап етеді. Бұзақылардың іс-әрекетінен келетін жыл сайынғы шығын шамамен 500 миллион теңгеден асады екен.
Жалпы алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. Вандализмнің көрінісін өзіңіз тұрып жатқан қаладан-ақ байқауға болады. Тұрғындар игілігі үшін пайдалануға берілген демалыс орындарындағы орындық, жарықшамдардың көп уақыт өтпей тас-талқаны шығып жатады. Қарапайым аялдамалардың өзі бейберекет сызылып, суретке толып тұрғанын талай көргенбіз. Тұрғын үйлердің алдындағы балалар ойын алаңшасының әткеншектері де «соғыс көргендей» аянышты халде тұрады.
Қоғам мүлкін, рухани-мәдени құндылықтарды бүлдіріп, қорлап, талан-тараж еткен вандалдардың тарихтағы ізі сонау V ғасырда Рим империясының кезеңінде де жатыр. Батысқа бет алған ежелгі шығыс германдық тайпалар қаланы тонап, ғажайып өнер туындыларының тас-талқанын шығарды. Құнды заттарды қолды етті. Есіріп, елірген вандалдар Римді басып өтіп, қазіргі Франция, Испания, одан әрі Гибралтар бұғазы арқылы Африкаға дейін сапар шегіп, жүріп өткен жолдарын тып-типыл етіп тонап отырғаны жайлы деректер кездеседі. Оларда мәдени мұраға, сәулет өнеріне деген құрмет, тіпті құндылықтарды түсінерлік сана да болмағаны анық. Оқушы кезімізде осы секілді әсем ғимараттарды қиратып, сұлулықты әп-сәтте жоқ қылған вандалдардың варварлық әрекеттері туралы оқиғалар бізге ескі заманның ертегісі секілді көрінетін. Бала көңіліміз жабайылық өткен ғасырлардың еншісінде қалды деп сенді. Алайда уақыт ұршықтай дөңгелеп, қанша ғасыр өткенімен, ұрпақтар алмасып, заман жаңғырса да осы бір ежелгі жабайы мінез адамзатпен бірге бүгінге дейін жетті. Өкінерлік, опынарлық жайт.Әлемде вандализм әрекеттері сирек кездесетін елдер де бар. Олар бұл жағдайға қатаң жаза тағайындап, қылмыспен күресті жүйелі жолға қойған. Өкінішке қарай, біздің елде әлі күнге мәдени ескерткіштерге шимай-шатпақ жазулар жазып, қоғамдық орындарды бүлдіріп кететіндер саны азаймай отыр.
Елімізде тарихи-мәдени және табиғи мұраларымызды вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акциялар өткізіліп, белсенді жастар ескерткіштерге салынған суреттер мен жазуларды өшіріп, айналасын тазалап, ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жастардың бұл әрекеттері көңіл қуантады. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғали мәдени орындарымызды вандализмнен қорғап, сақтауға халық болып жұмыла кіріссек, іс нәтижелі болады деген пікірде.
Осылайша еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатқан акцияға қатысушы жастар мәдени орындарды қоқыстан тазартып, жәдігерлеріміздегі шимайларды өшіріп, ел тұрғындарына үндеу тастап, дабыл қағуда. Белсенді жастар әр адамның вандализм әрекеттерінің алдын алып, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысқаны дұрыс деп санайды.
Ауладағы орындықтарды, көшедегі жарықшамдарды, тұрғын үйдегі жеделсатыны сындырып кететіндер және табиғи аумақтарды, көрікті жерлерді бүлдіретіндер – қоғам мүлкі, қоршаған табиғат өз игілігіміз екенін түсінбейтіндер. Ондайлар ғасырлардан жеткен, еліміздің рухани байлығы саналатын тарихи мұраларымызды аялай ма?! Байзақ аудандық медиаторлар кеңесінің төрайымы Ғайни Көшекбаеваның пікірінше, вандализм – агрессияның, надандық пен зұлымдықтың шектен шыққан көрінісі.
«Өкпе-ренішіңді іште сақтамау керек» деген кеңесті жасөспірімдердің дұрыс түсінбеуі де тәртіпсіздікке алып келеді екен. Агрессиясын сыртқа шығарудың жолы осы деп қоғамдық орындардағы мүліктерді қирататындар да кездеседі. Вандализм әрекетіне барған адамдарға мына нәрсе әсер етті деп себебін кесіп айту мүмкін емес. Себебі адам айналасындағы заттарға, мәдени нысандарға біреуге ашуланып немесе сөзге еріп, ештеңенің байыбына бармай, бұзақылықпен зиян келтіреді. Ең өкініштісі, вандализм әрекетіне баратындардың көпшілігі өздерін кінәлі санағысы келмейді. Бұл – өте қате түсінік.
Мемлекет басшысы шілде айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңда бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтілді. Оны бір топ адам немесе бірнеше рет және қылмыстық топ болып жасағаны үшін жауапкершілік енгізілді. Дәл осындай қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған нысандарды, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін белгіленді. Осы тектес қылмыстарды жасағаны үшін бұдан былай қылмыстық жауапкершілікке 16 жастан емес, 14 жастан бастап тартылады. Енді вандализмге жол бергендер 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Жазаның тағы бір түрі – 50 тәулікке қамауға алу. Сондай-ақ «әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша, пайдакүнемдiк ниетпен бiрнеше рет жасалған бұзақылық» үшін 200 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Қоғамдық жұмысқа 300 сағат беріледі, ал қатаң жаза ретінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Қазіргі жағдайда аталған заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту дұрыс шешім. Сонымен қатар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заңнамалық шаралардан басқа, бірінші кезекте, жастар арасында тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілуі қажет.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ