Ауылшаруашылығы – экономиканың драйвері
Ауылшаруашылығы саласы – экономиканың маңызды секторы. Себебі халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, малшаруашылығында тері-терсек, жүн-жұрқа, егіншаруашылығында астық, техникалық дақыл секілді шикізат өнімдерін өндіру ауыл-аймақтың дамуына өз септігін тигізеді. Сонымен қатар экспортқа бағытталған ауылшаруашылық тауарлары арқылы ел ырысын еселеуге мүмкіндік мол.
ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ 7 ЕСЕГЕ АРТТЫ
Негізі экономиканың қарышты дамуы үшін ауылшаруашылығы саласының технологияларын дамыту мен жаңғыртудың маңызы айрықша. Сонымен қатар жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, сол арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытудың да орны бөлек.
Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қаржылай қолдау көрсетудің бір тетігі – субсидия төлеу. Осы арқылы фермерлер шығынын азайтып, өндіріс аясын кеңейтуіне, аз шығынмен мол өнім алуына болады. Шаруаларға субсидия төлеудің астарында ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді бәсекеге қабілетті ету мен сыртқы нарықта қазақстандық өнімге деген сұранысты арттыру мәселесі жатыр.
Облыста 2024 жылы ауылшаруашылығы саласын қолдауға 31 миллиард теңге қаржы бөлінсе, 22,5 миллиарды субсидияға, қалғаны Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға бағытталыпты. Бүгінгі күні ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 18,3 миллиард теңгеден аса субсидия төленген екен. Сондай-ақ қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 045 агроқұрылымға 15,2 миллиард теңге несие берілген.
Күзгі дала жұмыстарына 11,4 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, тарату бағасы литріне 250 теңгені құраған. Операторлар тарапынан облысымызға 6,4 мың тонна дизель отыны жеткізіліп, 4,5 мың тоннасы шаруаларға үлестіріліпті. Тарату жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілген.
Облыста ауылшаруашылық техникасын мемлекеттік тіркеу деректері бойынша 9 650 ауылшаруашылық техникасы тіркеліпті. Оның 8 644-і трактор болса, 1 006-сы комбайн. Қолданылу мерзімі 25 жылдан асқан ауылшаруашылық техникаларын түгендеу (инвентаризация) жұмыстары жүргізіліп, 3 531 трактор және 448 комбайн есептен шығарылған екен. Нәтижесінде облыс бойынша 5 671 ауылшаруашылық техникасы, яғни 5 113 трактор мен 558 комбайн тіркелген.
2024 жылдың 8 айында 368 ауылшаруашылық техникасы алынып, жоспар 6,5 пайызға (түгендеу есебінен) орындалыпты. Ал жылдық жоспар – 5,5 пайыз. Жалпы ауылшаруашылық техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 285 өтінімге 917 миллион теңге субсидия төленген екен. Техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары әлі де жалғасуда.
СУ ҮНЕМДЕУГЕ КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ
Ауылшаруашылығы саласында су үнемдеу технологиясын қолданудың маңыздылығы айрықша. Мәселен, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдану суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Облыста су үнемдеу технологиясы енгізілген алқап көлемі 57 мың гектардан 40 мың гектарға қысқарыпты. Биыл қосымша 14,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізіп, жалпы алқап көлемін 54,5 мың гектарға жеткізу жоспарланған екен. Бүгінгі күні 8,9 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жоспар 61,7 пайызға орындалыпты. Өңірде су үнемдеу технологияларын өндіретін 6 ірі инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланыпты. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасының «VODAR» компаниясы жаңбырлатып суару қондырғысын шығаратын өндіріс орнын ашпақ. Қуаттылығы жылына 500 қондырғы шығаруды көздейтін жобаның құны 30 миллион АҚШ долларына бағаланған. Аспан асты елінің тағы бір «КАЗ КАСПИ ГИДРО» компаниясы тамшылатып суару қондырғысын шығаруды көздеп отыр. Қуаттылығы жылына 12 мың гектар алқапқа есептелген өндіріс орнының жобалық құны – 6 миллион АҚШ долларына тең. Қытайлық «KAZAKH INDUSTRIAL STROI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі суғару каналдарының бетон жабындарын өндірмек. Жобаның қуаттылығы – жылына 240 мың шаршы метр. Жоба құны – 7 миллион АҚШ доллары. Түркиялық «ATLANTIS» компаниясы жылына 600 жаңбырлатып суғару қондырғысын шығаруды көздеп отыр.Жобаның құны 20 миллион АҚШ долларын құрайды. Осы елдің «ARDENT PLASTIK» компаниясы тамшылатып және жаңбырлатып суғару қондырғыларын өндіруді жоспарлап отыр.
Қазақстандық «Ans-Plast» компаниясы автоматты су ағызуға бағытталған өндіріс орнын ашуға ниетті. Қуаттылығы жылына 10 мың гектар деп есептелген жобаның құны – 400 миллион теңге.
Облыста жалпы көлемі 27,7 гектарды құрайтын 25 жылыжай болса, 20-сы фермерлік, бесеуі өнеркәсіптік жылыжайлар.
Мал азығын дайындау да маңызды науқан. Қазіргі уақытта 301,9 мың гектар алқап орылып, 3,2 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 486,8 мың тонна сабан, 49,6 мың тонна сүрлем дайындалып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда. 2024 жылы 3,2 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 467,7 мың тонна сабан, 88 мың тонна сүрлем дайындау межеленген.
Аймақта құсшаруашылығы бағытында жұмыс істейтін 5 ірі өндірістік кәсіпорын болса, 4-еуі құс етін, 1-еуі жұмыртқа өндіреді екен. Биыл құс еті өндірісін дамыту мақсатында 2 кәсіпорынның қуаттылығын 9 мың тоннаға ұлғайту жоспарланыпты. Қазіргі уақытта «Әулие-ата Феникс» серіктестігі 6 құс қорасының құрылысын аяқтаған. Ал «Алель-Агро» акционерлік қоғамы 8 құс қорасының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы облыстағы құс саны 1,8 миллионды құраса, жыл басынан бері 12,8 мың тонна құс еті өндіріліп, 13,2 пайызға артқан. Өндірілген құс етінің 475,9 тоннасы сыртқы нарыққа экспортталған. Сондай-ақ 89,5 миллион жұмыртқа өндіріліп, меже 3 пайызға ұлғайған.
Дамушы елдер үшін ауылшаруашылығы саласы экономиканың драйвері саналатыны белгілі. Сондықтан да мемлекет ауылшаруашылық шикізатын өндірумен қатар, оны қайта өңдейтін өндірістерді де көптеп ашуды, оның ішінде тамақ өнеркәсібінің, жеңіл өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етуге көңіл бөлуде. Жаңа технологиялар мен инновацияларды өндірісте қолдана отырып, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу басты назарға алынған. Осы арқылы еліміздің ауылшаруашылығы саласын тұрақты дамыту мен экономикалық өсімге қол жеткізуге күш салынуда.
ҚАЙТА ӨҢДЕУДЕ ҚАЙЫР БАР
Облыста ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіпорын тіркелсе, 160-ы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындарда 2,5 мыңнан аса адам жұмыс орындарымен қамтылыпты. Тарқата айтсақ, кәсіпорындардың 62-сі наубайхана болса, 44-і бөлке нан пісіреді. 44 ет өнімін, 27 сүт өнімін, 8 астықты терең өңдейтін кәсіпорын ырғақты жұмыс істеуде. Сонымен қоса 8 макарон, 5 құс етін, 4 мақсары майын, 2 жүн-теріні, 2 қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын және 1 жұмыртқа өндіретін фабрика бар.
Облыс бойынша сыйымдылығы 300 мың тоннаны құрайтын 113 қойма жұмыс істеп тұрса, оның ішінде 4,7 мың тоннаны құрайтын 7 қойма жеміс-жидек сақтауға арналған екен. 9,5 мың тоннаны құрайтын 10 қойма картоп сақтауға лайықталған. Көкөніс сақтау қоймаларын «Көкөністер мен жемістерді сақтау қызмет түрі бойынша ұлттық статистика бюросына тіркеу жұмыстары жүргізіліп, 113 көкөніс сақтау қоймасы толығымен тіркеліпті. 2024 жылы мамыр айында Қордай ауданындағы «Азия сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 5,6 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасын іске қосқан екен.
2023 жылы сыйымдылығы 4 мың тоннаны құрайтын 2 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылса, олар Байзақ ауданындағы «Тазабек Досжан» және «Байжанова» шаруа қожалықтарына тиесілі. Жол картасы аясында сыйымдылығы 35 мың тонна құрайтын, 6,2 миллиард теңгеге 2 көкөніс сақтайтын қойма ашылыпты. Ол Тараз қаласындағы «ОРЦ Тараз» ЖШС-ның сыйымдылығы 15 мың тоннаны, Шу ауданындағы «Матышев» жеке кәсіпкерлігінің 20 мың тонна болатын қоймасы.
ТҰРҒЫНДАР ЖАРҚЫН ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІН КӨРУДЕ
Облыста «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2023 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 24,1 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округтен 4 076 жоба несиелендіріліпті. 23,4 миллиард теңгеге 152,2 мың мал сатып алуға 4 012 несие берілген екен. Құрылған 38 кооперативке жергілікті бюджет есебінен 1,4 миллиард теңгеге 183 ауылшаруашылық техникасы лизинг жүйесімен үлестірілген. Ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 317,5 миллион теңгеге 43 жоба қаржыландырылыпты. Құрылған жеке кәсіпкерлерді есептей отырып, 4 152 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Несие қайтарылымы 99,6 пайызды құраған.
Жоба аясында 2024 жылға 10,5 миллиард теңге қарастырылған екен. Бұл қаржыға 1 200-ге жуық несие беру көзделген. Биыл мал сатып алу жобаларын қоспағанда, ауылшаруашылығы және одан тыс кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру жоспарланған көрінеді. Жобалар толық іске асырылғанда жаңадан 10 мыңнан аса жеке кәсіпкер тіркеледі деп күтілуде. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 19 мыңнан астам адамға төмендейді, нәтижесінде бюджеттік үнемдеу жылына 1 миллиард теңгені құрайды деген болжам бар. Осы кезеңде 10 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік ашылады және мультипликативтік әсерінің нәтижесінде тұрғындардың табысын арттыруға, өндірістің, салықтық түсімінің ұлғаюына және басқа да салаларға оң әсерін тигізеді деп жоспарлануда.
Одан бөлек жеке қосалқы шаруашылықтарды малмен қамтамасыз ету мақсатында ірі шаруашылықтар арқылы «тауарлы несиелендіру» жобасы іске асырылады екен. Аталған жобаның толық ережелері, тараптардың міндеттері, басқа да шаруашылық-құқықтық қарым-қатынастар қарастырылып, операторлардың тізімдері анықталып жатқан көрінеді. Облыс бойынша 401 ауылшаруашылығы кооперативі болса, оның 62-сі «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған. Олардың дені аудандағы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ