Балалар қауіпсіздігі басты назарда
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Әзімбайдың қатысуымен «Білім мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Брифингте Әлішер Әзімбайұлы балалар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын сөз етті. Облыстағы 903 мемлекеттік білім беру ұйымына орнатылған 17 432 бейнебақылау камерасының 10 458-і аналогтік, 6 974-і цифрлық бейнекамера екен. Аналогтік бейнекамераларды кезең-кезеңімен цифрлық бейнекамераларға ауыстыру туралы тапсырмаға сәйкес 2024 жылға 3 337 камераны ауыстыруға 339 миллион 400 мың теңге қаралыпты. Сондай-ақ білім беру ұйымдарын жедел басқару орталықтарына интеграциялауға, дабыл түймесінің шығындарына, турникеттің қалыпты жұмыс істеуі үшін және мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етуге жергілікті бюджет есебінен барлығы 552 миллион 60 мың теңге қаражат бөлінген.
Бүгінге дейін Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу, Шу аудандары және Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімдері білім беру ұйымдарының аналогтік бейнекамераларын цифрлық бейнекамераларға ауыстыру жұмыстарын жүргізіп, барлығы 2 814 цифрлық бейнекамера орнатылған.Білім беру ұйымдары бала және персонал санына сәйкес 2 топқа бөлініп, интеграцияланатын білім беру ұйымдарының саны 244-ке ұлғайыпты. Аталған білім беру мекемелерін талапқа сай қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мақсатында қосымша 528 миллион 952 мың теңге қаралған.
Бүгінде жекеменшік мекемелермен де тығыз байланыс орнатылып, балалар қауіпсіздігін басты назарда ұстау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Барлық жұмыс басқарма тарапынан бақыланып, зерделенуде.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ