Қоғам

Әлімжеттік әлі де бар

Әлімжеттік – мектеп жасындағы оқушылар арасында жиі кездесетін әлеуметтік мәселе. Балалар арасында орын алатын бұл құбылыс адамның жеке тұлғасына жасалған қысым. Зорлық-зомбылық, қорқыту, мазақ ету сияқты теріс әрекеттермен сипатталады. Әлімжеттік қоғамдағы өзекті тақырып болғандықтан оның қайнар көзі мен салдарын тереңірек қарастыру маңызды.

Әлімжеттік – тек физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық және эмоционалдық зорлық-зомбылық ретінде де көрініс табады. Балалар бір-біріне күш көрсету арқылы өздерін өзгелерге билік жүргізуші ретінде көрсеткісі келеді. Әлімжеттіктің құрбаны болған балалардың мінез-құлқы өзгеріп, олардың мектепке баруға деген ынтасы төмендейді, өздеріне деген сенімсіздік пайда болады. Бұл мәселенің ең қауіпті тұсы – ол ұзақ уақытқа созылуы мүмкін және оның салдары баланың болашақ өміріне де әсер етуі ықтимал. Біздің кейіпкеріміз Асхат отбасының басқа ауданға қоныс аударуына байланысты мектеп ауыстырған.Ортаға енді ғана бейімделіп келе жатқан жасөсіпірім алғаш жаңа мектептің табалдырығын аттаған күннен бастап буллингке ұшырағанын жасырмайды. – Мен алдында ақылы мектепте оқыдым. Онда оқушылар аз.Және мұғалімдерге оқушылармен жұмыс істеу қиын болмады. Қазіргі барып жүргенім – кәдімгі орта мектеп. Әр сыныпта 32-35 балаға дейін оқиды. Бірінші барғанымда мектепті қатты жатырқадым.

Баланың мінез-құлқының қалыптасуына тікелей әсер ететін маңызды фактор – отбасындағы тәрбие.Отбасында дұрыс тәрбие көрген бала қоғамда әлімжеттік жасамайды, ал керісінше агрессияға негізделген ортада өскен бала өзгелерге қысым көрсетуді үйренеді. Отбасындағы махаббат, қолдау және дұрыс тәрбиенің болмауы әлімжеттіктің негізгі себептерінің бірі.Сондықтан ата-аналар балаларының мінез-құлқын бақылап, оларға мейірімділікпен қарап, дұрыс бағыт беруі керек. Ислам дінінде адамның қадір-қасиетін қорғау, зұлымдық жасамау, әлсіздерге көмек көрсету туралы көптеген аят пен хадис бар. Бұл қағидалар балалардың ерте жастан бастап ізгілікке, адамгершілікке тәрбиеленуіне ықпал етеді.

Психологтар әлімжеттіктің алдын алу үшін балалармен ашық сөйлесіп, олардың сезімдерін түсінуге тырысу керектігін айтады.Егер бала әлімжеттікке ұшырағанын айтса, ата-ана бірден оның мәселесін шешуге кірісуі қажет. Ата-ана баланы мейірімділікке, түсіністікке тәрбиелесе, бала да өзгелерге солай қарайды. Сонымен қатар діни және рухани құндылықтар арқылы балаларды әділдікке баулып, әлімжеттіктің алдын алуға болады. Психологтар да бұл мәселенің психологиялық салдарына назар аударып, қажетті қолдау көрсетуді ұсынады. Мектеп пен ата-ана бірлесе оқушылар арасындағы әлімжеттікті тоқтатып, балаларға қауіпсіз орта қалыптастыра алады.

Айжан ӨЗБЕКОВА,

журналист