Қалдықтарды басқару қалай жүргізілуде?
Облыс аумағында тұрмыстық қатты қалдықтар төгуге арналған 163 полигон орналасса, онда жинақталған тұрмыстық қалдықтардың көлемі 3,2 миллион тоннаны құрайды. 2024 жылдың 9 айының қорытындысымен 31,3 мың тонна қалдық төгіліпті. Бұл жөнінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев айтты. Жиында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигондардың жай-күйі және санитарлық тазалық мәселесі қаралды.
Олжас Елебекұлының айтуынша, өңірде қалдықтарды жинау, тасымалдау қызметімен 32 мекеме айналысады. Олар 191 арнайы техникамен қамтылған.
– Облыста 792 контейнерлік алаңда қалдықтарды бөлек жинауға арналған 4 145 контейнердің 3 түрі орнатылған. Сонымен қатар биыл «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша қалдықтарды жинауға арналған 412 контейнер алу жоспарланған болатын. Алайда Жуалы, Қордай, Сарысу, Талас аудандарында контейнер орнату жұмыстары баяу жүргізілуде.
ҚР Экологиялық кодексінің 365-бабына сәйкес аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуі тиіс.
Бүгінгі таңда Қаратау, Жаңатас және Шу қалалары ғана коммуналдық қалдықтарды басқару бойынша бағдарламаны әзірлеп, мәслихат шешімімен бекітті. Тараз қаласының әкімдігі бағдарламаны әзірлеу бойынша жұмыстарды жүргізуде. Қалған аудандар коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеуі қажет. Бағдарламаны әзірлеуге шамамен 5-10 миллион теңге керек.
Коммуналдық меншіктегі полигондардың ішінде құрылыс қалдықтарын орналастыруға арналған 8 полигон жұмыс істейді.Қалдықтардың пайда болуының жалпы лимиті – жылына 28 441 тонна, – деген басқарма басшысы құрылыс қалдықтарын басқару үшін жол картасы және әрі қарай жұмыстарды жалғастыру мақсатында алгоритм әзірленгенін жеткізді.
Дайындалған жол картасы Тараз қаласы және аудан әкімдіктеріне жолданыпты. Бұдан басқа басқарма мамандары аймақтарға шыға отырып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты нұсқама берген.
Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарға қарамастан әкімдіктермен қолданыстағы орталық полигонның ішінен 50 шаршы метр жер бөлу, арнайы рұқсат қағаздарын рәсімдеу жүргізілмеген. Сол сияқты ұсақтау аппаратын орнату және тұрғын жай маңайынан құрылыс қалдықтарын орналастыруға арналған 12 шаршы метр алаңша құру жұмыстары да қолға алынбаған.
Басқарма басшысының айтуынша, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторингі бойынша аймақта 319 нүкте анықталған. Түсірілім нәтижесімен 99 кездейсоқ қоқыс орны жойылып, 205-і қалып тұр. Ал 45 орын рәсімделген полигон болса, 1 орын жекеменшік аумақта орналасқан екен.
Сондай-ақ басқарма басшысы өңірде инвесторларды тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарының құрылысын жандандыру мақсатында «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы алған төлем қаражаты есебінен облыс бойынша 2,2 миллиард теңгеге 4 жоба жолданғанын айтты.
Баяндама соңында басқарма басшысы қалдықтарды басқару саласындағы бірқатар кемшілікті аймақ басшысының назарына ұсынды.
Басқарма басшысының баяндамасынан соң аймақ басшысы жұмысты тиісті деңгейде атқармай отырған аудан әкімдерінің есебін тыңдады. Қалдықтарды басқару мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндаған Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза биыл Бауыржан Момышұлы ауылына тұрмыстық қалдықтарға арналған 20 контейнер алынатынын жеткізді. Сондай-ақ 5 ауылдық округке де бір-бір контейнер орнатылмақ.Жұмыстар жыл аяғына дейін орындалады. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторингі бойынша анықталған 33 нүктенің 27-сі жойылған. Қалған 6 орын, атап айтқанда, Бәйтерек, Қызыларық ауылындағы қоқыс орындары ретінде тіркелген нүктелерге егіншілер жер тыңайту үшін қи шашқан екен. Сөз соңында аудан әкімі құрылыс қалдықтарын орналастыратын полигон ашу үшін арнайы дайындалған жерге рұқсат берілсе деген өтінішін жеткізді.
Тазалық мәселесі тұрақты назарда екенін айтқан өзге де аудан әкімдері құрылыс қалдықтарына арналған полигон керектігін сөз етті.
Сонымен қатар жиында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов өңірдің санитарлық тазалығы жөнінде баяндама жасады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ