Қоғам

Сайлаушылар өз депутатын іздеп жүр

Сайлаушылар өз депутатын іздеп жүр

Таң атқаннан күн батқанға дейін қыз-қыз қайнаған тіршілігі аптаның алты күнінде де бір басылмайтын, ымырт үйірілгенше адам мен көліктің ары-бері жүрісі саябыр таппайтын орынның бірі – «Ауыл Береке» базары. Осы базарға тиіп тұрған ең жақын алқаптар «Жігер» және «Рассвет» деп аталады. «Ауыл Береке» базарына «Grand bazar» жақтан барып, қалалық автобекетке қарай бұрылмай базарды қақ жарып өткенде қарсы алдыңызда жатқан сол алқаптар Тараз қаласы №3 аумақтық округке қарайды.

Талас өзенінің сол жақ жағалауына қоныс тепкен бұл елді мекендер екі бөлек атауға ие демесек, негізінде бірігіп кеткен. Былайша бір елді мекенді қақ жарып жатқан көшенің бір бетіндегі халық «Жігердің», келесі бетіндегілер «Рассветтің» тұрғындары. Құшағына орташа екі ауыл сыйып кететіндей көлемге ие, халқы да тығыз орналасқан осындай екі атауға ие тұрғын алқаптың әрқайсысында 2 мыңнан 4 мыңға дейін адам тұрады екен. «Ауыл Береке» базарымен астасып жатқан осы тұрғын алқаптарға такси жүргізушілері 1000 теңге сұрайтын көрінеді. Себеп базарға келген қоғамдық көліктердің бір де бірінің аталған тұрғын алқаптарға бас сұқпайтынында болып тұр. Редакциямызға «Рассвет» тұрғын алқабынан Салтанат Саркулова есімді тұрғын хабарласқаннан кейін біз сол жерге барып, ондағы жұртшылықтың уәжіне құлақ астық. Ондағы көпшіліктің қала билігіне айтар базынасы аз болмады. – «Ауыл Береке» базарына қатынаған  автобустардың осы сауда орны соңғы аялдамасы болып есептеледі. Қоғамдық көліктер базарда иіріліп, көлік кептелісін тудырғанша базарға тиіп тұрған «Жігер», «Рассвет» тұрғын алқабының көшелерін араласа болады ғой. Бұрын №43 бағыттағы автобус «Рассвет» тұрғын алқабының негізгі көшесі арқылы Жетісу көшесіне дейін барып, сол жерден кері қайтатын. Ол жер автобус айналып шыққанға ыңғайлы, аумағы кең. Қазір бұл қоғамдық көлік те базардан кері қайтып кетіп жүр. Таксистер «көшелеріңнің сапасы нашар, көлігімізге обал» деген желеумен базардан тұрғын алқап үйлеріне қатынағанға мың теңге сұрайды. Олар автобустың тұрғын алқапқа кірмейтінін пайдаланып, елде жоқ бағаны қойып отыр. Сол жерден такси жүргізушілері Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылына әр адамды 250 теңгемен тасиды. Жұрт базардан 8-10 шақырым қашықта жатқан қаланың ықшам аудандарына 700-800 теңгемен барса, біз 500-800 метрге мың теңге төлеп жүрміз. Осының барлығы қоғамдық көліктің базардан қайтып кетуінен болып тұр. Қала билігінен қоғамдық көлікті «Жігер», «Рассвет» тұрғын алқабына кіргізуін сұраймыз, – деді Салтанат Қалабекқызы. Әсемкүл Әбішева есімді зейнеткер мұнда кемінде 3-4 мың тұрғын бар екенін, адам саны қос елді мекенде одан көп болмаса кем емес екенін, кәрі-құртаң, бала-шаға үшін базарға дейін жаяу бару оңайға соқпайтынын сөз етті. – Мұндағы балалардың дені №10 мектепке тасымалданып оқығанымен, оқушылардың кейбірі өзге мектепке барады. Қыстың күні ерте қас қараяды. Сол кезде автобус жүргізушілері кәрі-жас демей жолаушыны базардан тастап кетеді. Балаларға базардағы маскүнемдер тиісіп, қаңғыбас иттер қуалап, оларды үлкендер байқап қалып араша түскеніне талай куә болғанбыз. Балаларды сақылдаған сары аязда, қараңғыда «Ауыл Берекеге» барып күтіп алып жүрміз. Немерелерімнің амандығы керек. Қазір мені осы жайт қатты алаңдатады. Біздің өтінішіміз орындалуы үшін міндетті түрде оқыс бір жағдай орын алуы керек пе?! Бізге ең бірінші қоғамдық көлік және мектеп мәселесі шешілуі керек. Қаптаған қаңғыбас иттен де құтыла алмай-ақ қойдық, – деді Әсемкүл әже. Мұнда орталықтандырылған су жүйесі бар екен. Әр екі-үш үй сайын инженерлік бір құдық (колодец) қазылып, есептеуіш құрылғы сол жерге орнатылыпты. Кейінгі кезде ондағы есептеуіш құралдың сандарын жазып алып, кімнің қанша көлемде ауыз су тұтынғанын анықтаумен айналысатын бақылаушы да көрінбей кеткен. Мұндай жұмыстың атқарылмағанына 3-4 ай болған. Тұрғындардың ол шұңқырға түсуіне рұқсат жоқ әрі суға толып тұрған көрінеді. Газдың, электр энергиясының, ауыз судың ақысын тек орталыққа барып төлеп жүрген тұрғындар ауыз суға деген қарызы қанша теңге болғанын білмей дал. – Жасым 75-те. Осында тұрып жатқаныма 25 жылдан асты. Мұнда асфальт төсеуді қажет ететін көшелер көп. Кеңес үкіметі кезінде асфальт төселген 4-5 көше бар еді, әлі сол көшеден басқасы асфальтталған жоқ. Қай көшеде асфальт бар, сол көшелер КСРО дәурінен бері самаладай жарқырап тұратын. Осыдан 4-5 жыл бұрын оның бағаналары мен жарықшамдарын бір мекеме мамандары түгел жинап әкетті. Біз оның орнына жаңасын қояды деп күтіп жүрдік. Алайда сол кеткеннен олар қайтып оралмады. Есесіне қазір кеш батса елді мекен қараңғылық құшағына енеді. Ал қала әкімдігі тым-тырыс жатыр. Біздің сайлау учаскемізден депутат болып кім сайланғанын да білмейміз, – деді Асан Хидиров. Жалпы, қалада жолаушы тасымалдайтын 9 мекеме («№1 Тараз автобус паркі», «ӘулиеатаТрансПасс», «ТаразТрансМоторс», «СапарТранс-2012», «Саяхат-99», «ДамРус», «ТаразПассТранс», «City bus», «ArsenTransGompany» ЖШС) 34 бағыт бойынша күнделікті 340 автобус арқылы қызмет көрсетеді екен. Осы жылдың 12 қыркүйегінен бастап қалалық қоғамдық көліктердің қатынау уақытының ұзартылғаны белгілі. №55, 30, 40 автобус бағыттары түнгі сағат 24.00-ге дейін, №16, 8, 9, 32, 12, 30, 11, 46, 19 автобус бағыттары түнгі сағат 22.00-ге дейін, №1, 36, 33, 44, 47, 33, 7, 38, 34, 23, 27, 28, 29 автобус бағыттары түнгі сағат 21.00–21.30-ға дейін қатынауда. Бүгінде №28, 6, 14, 19, 42, 43, 27, 34, 1, 32, 4, 54 автобус бағыттары «Ауыл Береке» базары арқылы қатынайды екен. Шынында да осы автобустардың барлығы болмаса да 4-5-еуі аталған тұрғын алқаптар арқылы қатынаса болмай ма? Десе де бұрынғы №43 бағыттағы автобус «ӘулиеаТатрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болғандықтан, осы мекемеге сұрау салғанбыз. Бір қуаныштысы аталған бағыттағы автобус жақын арада «Жігер» тұрғын алқабына қатынайтын сыңайлы. – «Ауыл Береке» базары аумағындағы «Жігер» алқабына бұрындары үлкен сыйымдылықты №43 автобус бағыты қызмет көрсеткен. Бүгінде аталған бағытта орта сыйымдылықты автобустар қызмет көрсетуде. Саяжайға кіретін көпір өткелі арқылы үлкен сыйымдылықты автобустардың өте алмауына және пандемияға байланысты аталған бағыт тоқтап қалған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл береке» базары аумағындағы Мәмбет батыр көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты алқаптағы №43 автобус бағытының қызмет көрсетуі жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қамтамасыз етіледі. Мәмбет батыр көшесін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланған. «Жігер» алқабы №43 бағытпен қамтамасыз етілген жағдайда аталған алқапқа қосымша автобус бағыттарын жүргізудің қажеттілігі жоқ. Аталған бағыт 8 кесте (график) санымен, жүру аралығы 14 минуттан, таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін қатынайды, – дейді «ӘулиеаТатрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рашид Пірманов. Біздің міндетіміз – халықтың талап-тілегін тиісті тарапқа жеткізу. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен «Осы жылға аталған тұрғын алқаптарда жарық және жол жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылған жоқ» деген жауап алдық. Ретін тауып №3 аумақтық округтің бас инспекторы Әмірхан Қанаевпен де тілдестік. – Сіз айтып отырған мәселелерден толық хабардармыз. Тұрғындармен осы жақын арада бірнеше мәрте жиын өткіздік. Сол кезде қаңғыбас иттерді аулау мәселесі көтеріліп, тиісті мекемеге бұл бойынша өтінім бердік. «Жамбыл су» мекемесі басшыларының қатысуымен де жиын өткен. Бұл шешуге болатын мәселелер. Ал жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстарының қашан жүргізілетіні белгісіз. Жол және жарықтандыру, мектеп салу жөнінде мәселе қаржыға байланысты шешіледі. Тұрғындар Тараз қаласының әкіміне талап-тілегін жолдаса, жауап беріледі ғой. Менің қолымнан келетіні сіз секілді халықтың мұң-мұқтажын тиісті мекемелерге жеткізу. Мәселен былтыр көпшіліктің сұранысы бойынша спорттық алаң салынды. Биыл балалар ойын алаңын салу жоспарда бар еді, ол қаржы жетпеуіне байланысты кешеуілдеп тұр. №3 аумақтық округтен сайланған екі депутатымыз бар. Олардың аталған тұрғын алқап халқымен кездеспегені шындық. Бірақ халық қалаулылары жұмыс істемей жатқан жоқ. Биыл «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС маңындағы екі жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге күш салды. Аталған депутаттар алдағы уақытта «Жігер» және «Рассвет» тұрғындарымен кездесетін болады. Бұл жұмысты өзім ұйымдастырамын, – дейді Әмірхан Тоқтасынұлы. Халық іздемесе депутаттардың басқа елді мекенге мойын бұрмай, таныған жерін шиырлап жүре беруі жақсы емес. Сол үшін депутаттар сайлаушыларын бөліп-жармай, бір ауық өз округіндегі елді мекендерді түгел аралап, тұрғындардың талап-тілегін, ұсыныстарын билікке жеткізсе, мәселенің шешілуіне күш салса, халықтың ең болмаса көңілі тоқ болары сөзсіз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ