Білім

Гиперполиглот педагог

Тіл – адам баласының ой түкпіріндегі өзгерісін, ішкі әлеміндегі сан алуан сезімін, жүрек қалауын жеткізуге арналған қатынас құралы. Бүгінгі таңда 3 тілді меңгерумен ешкімді таңғалдыра алмайсың.

«Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деген сөз бар. Жаһандану дәуірінде бірнеше тілді жетік меңгеру арқылы жарқын жетістіктерге жетуге болатынын уақыттың өзі дәлелдеді. Негізі 4 тіл білетін адамды полиглот десе, одан көбірек тіл білгенді – гиперполиглот деп атайды. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демекші, жеті тіл білетін гиперполиглот жанның бірі – Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Динара Тұрғынова. Динара Өзбекстанның Шыршық қаласында дүниеге келген. Бір қызығы сол, Динара Бегматқызы үшін тіл үйрену еш қиындық тудырмаған. Көршілері әр ұлттың өкілдері болғандықтан ең алғаш өзбек және орыс тілін кішкентай кезінде өзі құралыптас балалармен ойнап жүріп меңгеріп алғанын айтады.

– Өзбекстанда К.Маркс атындағы №35 орта мектепте 5-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін атажұртқа көшіп келіп, Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейінде білімімді жалғастырдым. Лицейде түрік және ағылшыл тілін меңгердім. Мектепті тәмамдаған соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлем тілдері» факультетіне оқуға түсіп, ағылшын, неміс тілдерін терең меңгере бастадым. Осы жылдар аралығында ана тілімнен өзге орыс, өзбек, түрік, неміс, ағылшын және француз тілдерін үйреніппін. Бұл менің тіл үйренуге икемімнің барын білдірсе керек. Алайда мен үшін бір ғана тіл үлкен еңбекпен келді. Ол ағылшын тілі болды.

Расында, ғалымдардың зерттеуінше, қажет болған жағдайда әрбір адам қалаған тілін меңгере алады екен. Бірақ бұл адам баласының қалауына, ерік-жігеріне, қабілет-икемділігіне, ынтасына байланысты екені анық.

Динара Бегматқызы үнемі ізденісте жүретін жан. Ол өзі білетін шет тілдерін жадынан шығармас үшін түрлі тілдерде фильм көріп, ән айтып, тақпақ жаттап, кітап оқып жаттығады.

Көп тіл білу – көп мүмкіндік екені анық. Ендеше мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ