Білім

Ағасының арманын орындаған Гүлдархан

Әйел десе көз алдыңда үні мен биязылығы үндесіп, үйлесім тапқан, бойына бар дүниенің жылуын сыйдырған нәзік бейне елестейді. Алайда жаны гүлдей нәзік болса да өз ісіне тастай берік, ойын кесіп айтатын, өзгеден оқ бойы озық жүруді мақсат тұтып, ерге тән істі де ілгерілетіп жүрген нәзікжандылар да баршылық. Олардың бірі қоғамдық көлік тізгіндесе, енді бірі әскери салада қызмет етеді. Тағы бірі спортты жанына серік еткен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де спортпен айналысып, биік шыңды бағындырған денешынықтыру пәнінің мұғалімі.

Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылының тұрғыны Гүлдархан Қожакелдиева мамандығын мінезіне сай таңдаған. Кейіпкеріміз сүйген жарының шаңырағына келін болып түскелі кесіп айтатын кесек мінезі мен тәуекелшілдігі, таудай талапшылдығымен өзге келіндерден өзгешеленіп тұратын. Гүлдарханды жұрт расында да ер мінезді әйел ретінде таниды. Бүгінде Гүлдархан Қонысбекқызы Амангелді орта мектебінде еңбек етеді.

– Ағам Батырбек «Амангелді мектебінде денешынықтыру пәнінің ұстазы болсам» деп арман етті. Бала кезден армандаған мамандығы бойынша Қарағанды қаласындағы университетте білім алып, дипломына да қол жеткізді. Алайда Тараз қаласына жолға шығатын сәтте ағамның дәм-тұзы таусылып, өмірден озды. Сонда ағамды жоғалтып, жанарымды жас жуған сәтте «Ағамның арманын мен орындаймын» деп өз-өзіме уәде берген едім. Уәде – Құдай сөзі. Сол уәдемде тұрып, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Денешынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алып, бауырым жете алмаған арманға қол жеткіздім.

Қазіргі таңда мамандығым бойынша табыс тауып, балаларды шынықтырып, спортқа баулып жүрген жайым бар. Шәкірттерім түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, ауылымыздың, мектебіміздің абыройын асқақтатып жүр. Жалпы бала күнімнен ағаларымның ортасында інілері сияқты ер балаға тән барлық ойынды ойнап өстім. Мектепте де түрлі спорттық жарыстарға қатысып, доп теуіп, ұлдармен алысып жүретінмін, – дейді кейіпкеріміз. Сабақ барысында әр үйдің еркесіне спорттық жаттығуларды жасату оңай шаруа емес. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін пәннен сабақ беру Гүлдархан Қонысбекқызы үшін де жеңіл болмаған. Әңгімелесу барысында Г.Қожакелдиева оқушылармен бірге өзінің де секіріп, ойнап, түрлі нәтижеге қол жеткізу үшін балалармен достық қарым-қатынасты сақтайтынын жеткізді.

– Негізі менің екі дипломым бар. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Тарих және география» мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ ол диплом қазір үйде сандықтың түбінде жатыр. Табиғатыма денешынықтыру пәні сай келді. Иә, ер адамдардың арасында таңнан кешке дейін доп қуып, жаттығу жасап жүру оңай емес. Алайда жаныма жақыны – осы пән. Балалар денешынықтыруға басқа пәндерден шығып келетін болғандықтан еркіндікті қалап, шаршап тұрады. Бірақ ұстаз сол шаршап тұрған баланы қызықтырып, қимыл-қозғалыс, жаттығу жасауға деген құлшынысын оятуы шарт.

Гүлдархан Қонысбекқызы туралы басқа ұстаздардың пікірін білу мақсатында аталған орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадинахан Сарбашевамен тілдескен едік. – Гүлдархан оқушылармен біте қайнасқан ерекше қабілеті бар ұстаз десе болады. Себебі ол оқушыларды туған баласындай қатты жақсы көреді. Ал жасөспірімдер өз кезегінде мұғалімін алдынан құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алады. Мұндай жылы қарым-қатынасқа ешкімді үйрете алмайсың. Себебі бала өз жүрегінің төрінен алған сезімін ғана осылай білдіреді. Кез келген ұстаздың мәртебесі оқушыларының осындай баға беруімен өлшенсе керек.

Доп қуып, жаттығу жасап, оқушыларды спорттық ойындарға баулып жүрген Гүлдархан Қонысбайқызы ағасының арманын асқақтатып, бүгінде таңдаған мамандығының майталманына айналған. Шыңға шығар жолда аянбай тер төгіп жүрген аяулы ұстаздың арманы адастырмағаны да бір бақыт. Олай болса, балаға тәрбие-білім беріп жүрген әрбір ұстаздың жолы жарқын болғай!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ