Білім

Жаңашылдықты жатсынбайтын биолог

Бүгінгі таңда қарапайымдылықпен ешкімді тыңдата да, өзіңе қарата да алмайсың. Заман талабы сол – даму, өсу һәм ешкімге ұқсамау. Ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан тіршілік жаңашылдықты талап етеді. Өзгелерден оқ бойы озық, айрықша болмасаң шаң қауып қалатының анық.

Өмірдің ағысына қарай өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты әрі жаңашыл ұстаздың бірі – «AEC high school» мектебінің биология пәнінің мұғалімі Айнаш Мұраталиева. Жас маман Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Биология» мамандығы бойынша бітірген. Кейін оқуын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде жалғастырып, педагогика ғылымдарының магистрі атанады. Айнаш Анарбекқызы оқушылары үшін жанын да, тәнін де өзгешелеу ұстауға тырысады. Аптаның әр күнінде бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі киім киюге, шашын да түрлі үлгіде әрлеуге бейімделген. Жас маманның мұндағы мақсаты – шәкірттерінің бір күнін екіншісіне ұқсатпау. Осылайша оқушыларын жалықтырып алмау үшін жанын салып бағады. Сондықтан алдымен сыртқы келбетін ерекшелеу арқылы өзіне назар аудартып, одан кейін білгенін үйретуді көздейді. Жаңашыл ұстаз тіпті әр сабағын салтанатты өткізуді ғана ойлайды. Солай оқушыларының көңілін аулайды. Балаларды биологияға қызықтыру үшін сабағын анимация арқылы өткізеді.

– Ұстаз деген шәкіртке тек бір пәннің білімін ғана емес, өмірлік сабақ бере алатын адам болуы керек. Өзгені тәрбиелеу үшін өзіңде де сол дүние болғаны жөн. Жоқ дүниені айтып тәрбиелеу дұрыс емес деп ойлаймын. Ұстаз әр оқушыға «Алланың аманаты» деп қарауы қажет. Білімсіз дәрігер бір операцияда бір адамды өлтіріп алса, білімсіз ұстаз бір сабақта отыз баланы өлтіргенмен тең. Мықты ұстаз болу үшін ең бірінші мамандығын жақсы көруі керек. Алланың берген үлкен мүмкіндігін пайдалана отырып ұрпақ тәрбиелейміз. Бұл жерде үлкен жауапкершілік тұр. Қазіргі кезде заман дамыған сайын оқушыларды қызықтыру, сабақта өзіңе қарату қиын болып барады. Бірақ қиын екен деп отыра беруге де болмайды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демекші, биология сабағында анимацияларды қолданып, оқушыларға ұмытылмастай әсер қалдыруды жөн көрдім. Алғашында «ТikТok» әлеуметтік желісінен «Мозайк 3D» деген бағдарламаны байқап қалдым. Кейінірек бағдарламаны жан-жақты зерттеп, сол арқылы оқушыларға сабақ беріп келемін. Онда биологияға қатысты кез келген мәліметті көзбен 3D арқылы көре алады. Мысалы, адамның жүрегінің құрылысын толық ішкі қуыстарымен, қантамырларымен, бәрін-бәрін көзбен көріп, қолмен ұстағандай боласың.

Айнаш кішкентай кезінен білімге құштар болып өскен. Бала күнінде мінезі жуас әрі қорқақ болып, бірақ сабақта алдына жан салмағанын жиі есіне алады.

– Мектепте қыз баласы тек «5»-ке оқу керек деген ұғыммен мақсатыма жетуге ниеттендім. Сондықтан барынша «4» деген баға алмауға тырысатынмын. Баға үшін оқығанымды енді түсіндім. Бірақ адам баласына білім керек екенін, білімсіз адамға қиын болатынын анамнан жиі естідім. Анам үй шаруасына мүлдем араластырмады. «Қыз баласына оқу керек» деп, тек білім алғанымды қалайтын. Сондықтан да сапалы білім, саналы тәрбие алуға күш жұмсап, әкем мен анамның қыздары үшін мақтанғандарын көргім келді. Сонымен қатар мектепте жүргенде көп ұстаздан үлгі алдым. Осы тұста Жасөркен ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің ұстаздарына шын жүректен алғыс айтқым келеді. Мектепте ең ерекше көңіл бөліп, сүйіп оқыған пәнім биология болды. Неге биология пәні? Биология арқылы адамдар өзін, табиғатты, әлемді тани алады. Алланың барлық жаратылысына махаббатпен қарауды үйрететін пән деп білемін.

Оқушыларының бойына бар ілім-білімін сарқып құйып жүрген сүйікті ұстазы жайлы оқушысы Ақерке Әбдімүтәліп: «Айнаш ұстазымды мұғалімдер арасындағы ең білімдісі деп білемін. Күнделікті сабақ түсіндіру методикасы өте жеңіл. Тез түсінеміз. Екінші жағынан, алған білімімізді ұмытпас үшін тест тапсырамыз. Түрлі 3D бейнетаспалар көреміз, слайдтар арқылы дайындаламыз. Бұл оқушылар үшін тиімді деп санаймын. Ұстазым күрделі тақырыптарды түсінікті әрі жеңіл әдістермен түсіндіре біледі, бұл оқушылардың жақсы меңгеруіне үлкен көмегін тигізеді. Сабақта әртүрлі тәжірибелер мен визуалды материалдарды қолданып, оқушылардың биологияға деген қызығушылығын арттырады.

Сонымен қатар ұстазымыз әрқашан оқушыларды қолдап, олардың сұрақтарына сабырмен жауап береді. Мотивациялық ақыл-кеңестерімен үнемі бізге шабыт береді. Мейірімділігі мен қолдауы біздің өзімізге деген сенімімізді арттырып, жақсы оқуға ынталандырады. Мен ешқашан биология пәніне қызықпаған едім. Бірақ «AEC high school» мектебіне ауысып келгенімде ең алғаш Айнаш ұстаздың сабағында ерекше бір сезім оянды. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұғалімдердің сабақты осындай биік дәрежеде, қарапайым әрі оқушыға қызықты тілде жеткізе алуын үлкен қасиет деп есептеймін. Әрбір адам Айнаш ұстазымыздың сабағына қатысып көріп, биология пәніне деген махаббатын оята алуына мүмкіндігі бар. Айнаш ұстаздың шәкірті болғаныма қуанамын», – дейді.

Иә, ұстаз – оқушы айнасы. Мұғалім ісі қарапайым болғанымен тарихтағы ең ұлы мамандықтардың бірі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ