Есірткі қылмысымен күрес толастамайды
Есірткі қылмысы – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Болашағын ойлаған әр мемлекет бұл саладағы күресті бір сәтке де толастатуға болмайтынын жақсы біледі. Сондықтан дүниежүзіндегі елдер есірткі қылмысына қарсы әртүрлі шара қабылдап, заң нормаларын да заманға сай қатайтып келеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның барлы қөңірінде есірткіге қарсы ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда . Облысымызда да құқық қорғау органдары үкіметтік емес ұйымдармен бірге осы бағытта кешенді жұмыстар атқарып , қоғамды нашақорлықтан сақтауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруда. Мәселен, биылғы жылдың 8 айында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан 367 есірткі қылмысы анықталған. Жалпы облысымыз есірткі қылмыстарын анықтау мен алдын алу бойынша бел сенді аймақтардың бірі. Өңірде құқық қорғау органдары тұрақты түрде арнайы операциялар өткізіп, есірткі заттарының заңсыз айналымын азайтуға күш салуда.
Нәтижесінде бірнеше заңсыз есірткі тасымалдау және сату желісі анықталып, жолы кесіліпті. Атап айтқанда, соңғы айларда ірі көлемде есірткі тасымалдауға тырысқан қылмыстық топтар әшкереленіп, есірткі заттары жойылған. Заңсыз айналымнан 6 тоннадан аса түрлі есірткі заттары алынған. Сонымен қатар есірткі заттарын республиканың басқа аймақтарына әкететін 6 арнаның жолы кесіліп, 200 келіден астам қарасора есірткісі тәркіленген. Аудан әкімдіктерімен және басқа да мүдделі мекемелермен бірлесіп, 1 086 гектардан астам аумақтағы 814 тонна жабайы қарасора жойылған. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған 2 фитозертхана анықталыпты.
Бір алаңдатарлық жағдай – синтетикалық есірткінің таралу дерегінің көбею жағдайы. – Синтетикалық препараттар – басқа күшті дәрілерге қарағанда әлдеқайда үлкен қауіп төндіреді. Бұл өсімдік тектес дәрілерді ығыстырып, есірткі нарығының жұмысын үдетті. Есепті кезеңде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 18 қылмыс дерегі анықталып, заңсыз айналымнан 3 килограмнан астам синтетика тәркіленді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы қаласынан біздің облысқа синтетикалық өнімдерді жеткізетін 5 ірі арнаның жолы жабылып, 1 килограмнан астам синтетика өнімі тәркіленді.
Өңірде есірткі қылмысымен күрес қарқынды түрде жүргізіліп, қылмыстық топтарды әшкерелеу, есірткі заттарын тәркілеу және жастар арасында ақпараттықтүсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру басты басымдыққа айналған. Бұл бағыттағы іс-шаралар облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және есірткімен байланысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Есірткіге қарсы күресте тек мемлекеттік органдар емес, әрбір азаматтың атсалысуы маңызды.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ