Жат ағымдардың психологиялық әдіс-тәсілдері
Қулығына құрық бойламайтын жат ағымдар қатарын толықтыруда адам таңдамауымен ерекшеленеді.Олардың қатарынан әртүрлі саланың өкілдерін кездестіруге болады. Өйткені діни ағымның өкілдері адам сенімі мен сезімін сергелдеңге түсіріп, сананы басқарудың сан түрлі әдістерін ойластырып қойған. Қандай да бір ағым өз идеологиясында көшбасшы, жанашырлық, мейірімділік, ақылды бұғаттау (мәңгүрттік), ұРан секілді 4 нәрсеге басымдық береді.
Көшбасшы – қоғамға, ұйымға немесе топқа ықпал етуге қабілетті тұлға. Көшбасшы – басшы, жетекші. Бұл ағымдардағы жетекшілер рухани көсем, шейх, тақсыр, пір, ұстаз немесе тағы да басқа неше түрлі аталуы мүмкін. Бастысы кез келген идеология басшысыз жүзеге асуы мүмкін емес. Сондықтан да барлық діни ағымдардың басында міндетті түрде басқарушы көсемінің болуы заңды. Әйтпесе ол ағымның ғұмыры келте.
Дін көсемі артынан ерген адамдарға таңдаған жолын тәптіштеп түсіндіріп, басқару тетіктерін үйретіп, идеология мен мақсаттарының кең тарауына ықпал етеді. Осылайша адамдарды өздеріне бағынышты етіп, айтқанынан бір елі ауытқымайтындай деңгейге жеткізеді. Сонымен қатар артынан ерушілердің кез келген мәселесін шешіп отырады. Діни ағым жақтаушылары жанашыр, мейірімді болып көрініп, адамдарды өздерінің қатарына тартады.Ұстанымдарын кеңінен тарату үшін адамдармен өте көркем түрде сөйлесіп, жылы да жұмсақ сөздерімен ішкі жандүниесіне енуге тырысады.
Мұндай жылу, мұндай қарым-қатынас көрмеген адам әлгіні өзіне жақын тұтып, ажырамас дос ретінде есептейді. Ол сізге мейірімді, тілектес адамдай болып көрінуге тырысады. Сізді толғандырып жүрген мәселені анықтап алу арқылы өзін сол мәселеде мүдделі, жанашыр, қызығушылық танытқан болып көрінеді. Осылайша олар ең алдымен өзінің емес, алдына келген адамның мәселесін маңызды етіп көрсетуге тырысып, әңгімені содан бастайды. Ол сізге түрлі қошеметтер, мақтаулар айтады және сіздің ынта, қуатыңызды, физикалық және интеллектуалдық күшіңізді, ақшаңызды аса байсалдылықпен бағалайды.
Бүгінгі күнгі ғылым мен техниканың, мәдениеттің жедел дамуының қайнар бұлағы ақыл-ойдың жемісі екені талассыз. Ақыл-ой – адам зиялылығының негізі. Аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин: «Қашанда бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, одан соң қолыңызды жұмылдырыңыз, егер де ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға ерік беріңіз», – деп, барлық нәрсенің басы ақылды дұрыс қолданудан басталатынын көрсетсе, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбаев ақылдың рөлін былай баяндап береді: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз. Ақсақал айтты, бай айтты, Кім болса, мейлі, сол айтты – Ақылменен жеңсеңіз. Надандарға бой берме, Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой, Күпір болдың демес қой, Қанша қарсы келсеңіз, – дейді. Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Ақыл – адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін аса маңызды қасиет. Адамның ең ұлы көркі – оның ақылы деп санаймын», – десе, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы: «Ақыл да ойлағанды ұнатады. Ойланып-толғанған адамға ғана ақыл дұрыс жол көрсетеді», – деп тамаша ой түйген. Өкінішке қарай, адам баласының адамдығын көрсететін ақыл-ойын дәстүрлі емес діни ағымдар бұғаттауға тырысып, өз мақсаттарына пайдаланудың неше түрлі әдістерін ойлап табуда. Осылайша ақылдың күшіне жүгінуден айырылған адам сезімге бой алдырады. Ал сезімге жүгініп өмір сүрудің адам баласына жақсылық әкелмейтіні анық. Бүгінде әлемде орын алып жатқан түрлі қантөгіс, қырғындар, өзін-өзі жару, суицидке барудың барлығы сезімге берілу, яғни ақылға емес, сезімге жүгінудің салдары.
2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласындағы лаңкестік шабуылға қатысып, өмір бойы бас бостандығынан айырылған 7 азаматтың бірі Алибек Акпанбетов өзінің басты қателігі мен өкінішін былай баяндап берді: «Бұл мен үшін өмірімдегі ең үлкен қателік болды. Оның қалай болғанын өзім де білмеймін. Алла куә. Эмоцияға беріліп кеттік пе немесе суымызға бір нәрсе қосты ма? Мен сол оқиға кезіндегі кейбір нәрселерді білмеймін. Есімде жоқ. Айтарым – қателеспеу керек. Біздікі білімсіздік болды. Біреудің айтқанымен жүріп, «анау болмайды, мынау болмайды» десе, соның айтқанынан шықпадық. Бұл дұрыс емес екен. Мойындаймын, таза эмоциямен жүрдік. «Халал» десе «халал» деп, «харам» десе «харам» деп жүре бердік. Алла өзі кешірсін! Бауырларға айтарым – мешітке барып, имамдардан білім алсын, – деп ағынан ақтарылған.
Жат ағым өкілдері түрлі буынның, яғни балалардың, жастардың, ересектердің, орта буынның, тіпті қариялардың да қажеттіліктерін, психикасын терең білгендіктен олардың әрқайсысына түрлі іс-шаралар ойлап тауып, өздерінен алшақтауға мүмкіндік бермейді. Осылайша жастар үшін әдемі музыка, көңіл көтеретін неше түрлі ойындар, қариялар үшін де өздеріне сай іс-шаралар ұйымдастырып, көңілдерін көтеруге тырысып бағады. Мұндағы негізгі мақсат – адамды өздеріне тәуелді ету. Адамның сенімі мен ойы не нәрсеге де болса анализ жасай алмай, толықтай «соқыр» сеніммен берілетін болса, ол өзі бағытталған объектіні қалай да еңсереді. Бұл жолда ол «бұйрықты орындаушы» ретінде еш нәрседен тайынбайды.
Өзіндік «менінен» айырылып, мәңгүртке айналады. Адамдарды мәңгүртке айналдырып, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізудің тәсілдері әр ғасырда өзгеріп отырды. Қорыта келе, мұның барлығы адамның психо-физиологиялық болмысын жаулап алудың жолдары. Егер мұны орындаған адам сол ортада сол бағыттағылармен жалған ұғым түсінік деңгейінде болса да еркінен тыс қосақталса, көп жағдайда олардың құлақкесті құлдарына айналады.
Тіпті еліктіру-желіктіру әдістері шалық, экстаз, транс әлеуеті шегіне жеткенде кісілік қарым-қабілетін жоғалтса, әсерленіп, қатты берілгендері ес-түсінен айырылып құлап жатады. Бұл олардың зомбиға айналған түрі.Яғни ақылдың қызметін гипноз, бейтараптау амалдары ауыстырғанда оның өзіндік «мені» істен шығады. Адам шын мен жалғанның арасында ақиқатты түйсіну, түсінуден шеттеп қалады. Бұл арада міндетті түрде діни орта немесе діни ұғым-түсініктер талаптары мен шарттары араласуы қажет етілмейді. Дін бұл арада тек қана масканың қызметін («бүркеншік») атқарады.
Діндегі ұғымдардың бұрмаланып, саяси мақсаттарға пайдаланылуы ең қауіпті құбылыс. Дінді саяси мақсаттарға пайдаланудың геосаяси, стратегиялық қырлары мен дін қағидаттарын қарулы күрес идеясына бұрмалап жегу, идеалды мемлекет орнату жөніндегі жалған әрі жасанды түсініктерді орнықтыру сияқты себептері бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Осының барлығы радикалдану құбылысының әлеуметтік-тұлғалық алғышарттары қаншалықты пәрменді екендігін көрсетеді. Сондықтан дін қағидаларының дұрыс түсінілуі, шетін көзқарастарға жол берілмеуі үшін діни сауаттылықты жетілдіру қаншалықты маңызды болса, радикалдануға икемді сананы оң сапаға бейімдеу үшін қоғам мүшелерінің әлеуметтік-психологиялық мәселелерін шешуге қолдау көрсету де соншалықты маңызды.
Файзулла ТАЙТЕЛИЕВ,
дінтанушы