Жаңалықтар

Эпизоотиялық ахуал тұрақты

Халық арасында кең таралған «Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз бар. Расында да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринария саласының маңызы зор. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан лайықты жағдайлар жасалумен қатар, мал дәрігері мамандарына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Артылған сенімді ақтау жолында «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының Жамбыл облысының ветеринариялық станциясы» кәсіпорнына қарасты Сарысу ауданының ветеринария бөлімінің ұжымы да аянбай еңбек етуде.

Жалпы Сарысу ауданы бойынша 1 қала және 9 ауылдық округке қарасты  25 елді мекен бар. Осы елді мекендерге  10 ветеринариялық пункт қызмет көрсетеді.Бөлімнің негізгі қызметі – аудан көлемінде  ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.  Атап айтқанда, жануарлар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, ауылшаруашылық жануарларының есепке алынуын қамтамасыз ету, жануарлардан алынатын өнімдердің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғау сынды бағыттарға айрықша басымдық беріледі.Осы орайда мекемеміз жануарлардың аса қауіпті, жұқпалы  және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды арнайы бекітілген жоспар бойынша жүргізеді.  Сонымен қатар ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіруді жүргізе отырып, ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан үзінді көшірме береміз.

Тасымалдауға жататын ауылшаруашылық жануарлары мен жануарлар өнімдеріне ветеринариялық анықтамалар  ұсынылады. Бұдан бөлек бөлім биологиялық материалдың сынамаларын алады және оларды ветеринариялық зертханаға жеткізеді. Сондай-ақ жұқпалы емес аурулар бойынша арнайы бекітілген прейскурант бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетеді.Биылғы тамыз айындағы көрсеткіш бойынша, ауданда 30 884 мүйізді ірі қара, 250 287 ұсақ мал, 10 091 жылқы, 3 241 түйе бар.2024 жылға мемлекеттік тапсырыс бойынша бекітілген жоспармен жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар уақтылы орындалуда. 

Аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарына биыл жоспар бойынша 1 638 820 манипуляция, 16 аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері жоспар бойынша 1 414 170 манипуляция  (вакцинация) жүргізіліп, тиісті жұмыстар жалғасуда.Сарып (бруцеллез) ауруын анықтау мақсатында биыл  жоспар бойынша диагностика 423 244 манипуляция, 13 аса қауіпті ауруларға қарсы қан алу жұмыстары жүргізіледі.

Осы орайда жыл басынан бері ауылшаруашылық жануарларынан 278 100 қан сынамасы алынып,диагностикалық тексерулер жүргізілді.Ауданда ауылшаруашылық жануарларының төлдерін бірдейлендіру ісі жүйелі жүргізілуде.  2024 жылға бекітілген жоспарға сәйкес 10 000 бас мүйізді ірі қара, 80 000  ұсақ мал, 1 800 жылқы, 750 түйе бірдейлендіруден өтуі тиіс. 9 айлық жоспар бойынша 9000 бас мүйізді ірі қара, 80000  ұсақ мал, 1800  жылқы, 750 бас түйе бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілген.Сарысу ауданының аумағында соңғы 60 жыл ішінде Сібір жарасының 13 ошағы тіркелген. Олар талапқа сай бетондалып, қоршалған. Сонымен қатар  белгі қойылып, атаулары жазылған. Жылына 1 рет ағымдағы  жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады.

Бүгінде ауданда  3 биотермиялық шұңқыр  бар. Олар   Жаңаталап, Жаңаарық, Тоғызкент ауылдық округтерінде орналасқан. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр.Сонымен қатар қосымша биылғы  Жайылма, Досбол, Түркістан ауылдық округтерінде  3 беккер шұңқырының құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде тиісті  жұмыс атқарылуда. Дейтұрғанмен Байқадам, Қамқалы, Жаңатас, Игілік ауылдық округтері үшін  тағы да қосымша 4 биотермиялық шұңқыр салу қажеттілігі туындап отыр.

Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мал емдейтін орындарға да баса назар аударылып келеді. Аудан бойынша  Жаңатас қаласы мен Байқадам, Игілік, Жайылма, Жаңаарық, Жаңаталап, Түркістан, Тоғызкент, Досбол ауылдық округтерінде  арнайы салынған мал емдейтін орын бар. Бүгінгі күнге 5 елді мекенде мал емдейтін  орындар  құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта 25 елді мекенді толық қамту жоспарланып отыр.Сонымен қатар біздің бөлім ветеринариялық анықтама беру қызметін де заңнама талаптарына сай атқаруда. Аудан бойынша жыл басынан тасымалданған  25 399 ауылшаруашылық жануарына  2 395 анықтама берілген.Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғаса беретін болады. 

Ақылбек ОСПАНОВ,  
аудандық ветеринария 
бөлімінің басшысы,
Сарысу ауданы