Спорт

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, жаттықтырушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Алғысы, ҚР Президентінің Алғыс хаты және Ерен еңбегі үшін медалімен марапаттады,деп хабарлайды arainfo.kz

Іс-шара барысында Ербол Мырзабосынов жиынға қатысушыларды байрақты бәсекенің сәтті аяқталуымен құттықтап, көшпенділер додасы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

8-13 қыркүйек күндері елордада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы қатысып, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Айтулы аламанда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.