Жаңалықтар

«Көлеңкелі» бизнес көсегемізді көгертпейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», – деп айтып өткен еді. Президент қашанда адал ниетті шаруаларды қолдайды. Ісің ақ болса, қорқатын дәнеңе жоқ. Мемлекеттен әлеуметтік көмек пен қолдау, грант, жеңілдетілген несие күтетін болсаңыз, онда салықтан жалтармаңыз. Осы орайда біз бүгін «Адал кәсіпкер дегеніміз кім?» деген сұраққа жауап іздеп, ой өрбітуді жөн көрдік.

Біздің пайымымызша, адал кәсіпкер – қоғам мен нарықта этикалық қағидаларды ұстап, әділдік пен жауапкершілікті басты орынға қоятын жан. Ол заңнамалар мен моральдік нормаларды сақтай отырып өз ісін жүргізеді, қызметкерлеріне, серіктестеріне және тұтынушыларына әділ қарайды. Адал кәсіпкердің басты мақсаты – тек пайда табу ғана емес, сонымен бірге қоғамға пайдалы болу, қоршаған ортаға зиян келтірмей, тұрақты даму принциптерін ұстану. Осындай кәсіпкерлер бизнес саласында бедел мен сенімге ие болып, ұзақ мерзімді табысқа қол жеткізеді. Адалдық әр нәрседе керек. Хакім Абайдың «Есектің артын жусаң да мал тап» дейтіні бекер емес. Не істесең де адалынан істесең, әрине берекеге кенелесің. Жапондар қайта-қайта жұмыс ауыстырғанша өздері істеп жүрген шаруаны жүйелеп алуды жөн көреді екен.

Тіпті аула сыпырушы болсаң да сол істің биік деңгейіне шығуың керек. Өйткені не істейтінің емес, оны қалай атқаратының маңызды. Шағын істі дұрыс реттей алмаған адам үлкен тірлікті оңдырмайды. Қазіргі кезде шағын кәсібін ашып, нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер өте көп. Алайда кейбірінің кәсіпкер ретінде тіркелгісі, тіркелсе де салық төлегісі келмейді. Мысалы, Қытаймен бизнес жүргізіп немесе курс сатып, онлайн дүкен ашқандардың көбі әлеуметтік желілерден миллиондап нәпақа тауып отырса да ел игілігі үшін салық төлегісі жоқ. Ал бұл қадамның дұрыс еместігін, оның түптің-түбінде сұрауы болатынын түсінуіміз керек.

Бастысы қандай кәсіпті де адал жүргізіп, өзіңе де, өзгеге де пайда тигізген абзал. Өңірімізде нәсібін адалынан тауып, салықты уақытылы төлеп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Былтыр тіпті ел экономикасының дамуына үлес қосып, салықты уақытылы төлеп жүрген адал кәсіпкерлер марапатталған болатын. Қазақта «Жұмыстың көзін тапқан – байлықтың өзін табады» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Дәл осы нақылға сай еңбек етіп жүрген адал кәсіпкердің бірі – «Рысбаева және Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сәуле Рысбаева. Оның өз компаниясын қалай құрғаны, бастапқыда қандай қиындықтарға тап болғаны туралы жалпақ жұрт жақсы біледі.

Тек кәсіпкерлікте ғана емес, қай салаға болса да адал адам қажет. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді. Кәсіпкер Бағдат Майлыбаева да «Адал еңбек – бәрін жеңбек» деген ұстанымда. Ол бүгінде «Bakonya» тігін фабрикасының жұмысын жүйелеп отыр. Таразда және Астана қаласында орналасқан тігін әрі сән үйінің тіршілігі қауырт. Ол сонымен қатар мейрамхана,балабақша ісінде де алда. Кәсіпкер 2023 жылы «Үздік салық төлеуші» номинациясын жеңіп алған. Сондықтан да халық алдында жүзі ашық. Әрбір тапқан табысын ашық көрсетіп, салықты да орнымен төлеп отыр.

Адал кәсіптің егіншілік, диқаншылық, саудасаттық, қолөнер, құсбегілік, білім беру сынды алуан түрі бар. Асылында, кәсіптің ең абзалы – өзінің мұқтажын өтеп, өзгелерге пайда тигізу. Дана Абай: «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйікті құлының бірі боласың» демей ме? Отбасын адал жолмен асырау мақсатында еңбек еткен адамның мерейі тасып, ырысы көбейетіні хақ.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА