Қоғам

Суицид соңғы шешім емес

Толғауы тоқсан тағдырдың шырмауына түсіп, шырғалаң оқиғадан шыға алмай, шақшадай басы шарадай болғанда өз еркімен ала арқанға асылып, мезгілсіз ажал құшу – ессіздік. Арын таптаған арамзаның алдауына арбалған арудың да алқымынан алған өкініші өзегін өртеген сәт, шыңнан төмен секіріп, құрдымға құлауы расымен де тартқан азабын жеңілдете ме? Әлде адамдардың өмір сүру барысындағы қиындығының соңғы нүктесі осылай өз-өзіне қол жұмсаумен қойыла ма? Әрине, жоқ! Барлық нәрсенің шешімі бар. Мейлі, ол жол қандай азапты болсын,шиыры көп, түйіні жоқ қанша ауыртпашылыққа толы болсын, бәрібір ешқандай қиындық өлімге жол ашуға сеп емес.

Тұтқиылдан шығар жол таба алмай, сезім сергелдеңіне, жан азабына түсіп сенделген пенденің тәні қанша азаптанса да бір амал табылар. Негізі адам баласының өзіне қол жұмсауы – исламда серік қосудан кейін ең ауыр күнәлардың бірі саналатынын имамдар жиі айтып жүр. «Жаратушы «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер!» деп бұйырады. «Алланың бұйрығына қарсы шығу, Алла берген өмірді өз қолымен гүл секілді үзу – тозаққа түсу дегенді білдіреді», – деп айтылған мұсылманша өмір сүру ережесінде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың өткен кезеңінде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 9 оқиғасы тіркеліпті. Мамандардың айтуынша, адамның өз-өзіне қол жұмсауының ең бірінші себебі – отбасылық жағдай. Кейде мұндай оқиғаға табыстың аздығы, яғни материалдық жетіспеушілік себеп болса, енді бірде отбасындағы кикілжің, зайыбымен айырылысу немесе қайғылы жағдай әсер етеді. Жетіспеушілік пен сатқындық, кейде қарызға белшеден бату мәселесі де тығырықтан шығар жолды бекітіп тастағандай күй кештіреді.

Өз жанын қиюға алкогольдік немесе есірткі қолданғандардың көбірек баратыны анықталған.

Алдымен гүл жайнаған жауқазын қыздың тағдыры, одан кейін жылдан-жылға адам саны қосылып, ұлғая түсетін шағын мемлекет, яғни отбасының ертеңі ер-азаматтың мойнында. Аянбай еңбек етіп, таңнан кешке дейін өмір жүгін алға сүйреген аға-әкелердің де кейде тағдырдан титықтап кететіні бар. Статистикаға сүйенетін болсақ, өз-өзіне қол жұмсау үлкендерден әсіресе ер адамдардың арасында көп орын алатыны белгілі болды. Оған көбіне жоқшылықтың салқыны тиеді.

Алайда кейде санаға кіріп шықпайтын негіздер де айтылып жүр. Мәселен, алақандай ауылға кеше ғана келін болып түсіп, екі періштені дүниеге алып келген жас келіннің күнделікті жатарда өлім туралы айта беруі күйеуін ойландырады. Себебін сұрай бастаса, әңгіме ауанын басқа нәрселерге бұрып кете беретін болыпты.Бұрын-соңды тек жадырап-жайнап күліп жүретін келіншек қабағы ашылмай, әлдебір ойға шоматынды шығарыпты.Тату-тәтті тұрмысында әйелінің негізсіз көңілі түсіп жүргенін көрген жолдасы да іштей күйзеліске түседі. – Бірде келіншегім сиыр сауып болып, өріске айдап жіберген соң қайта мал қораға кіріп кеткенін байқадым. Жүрегім әлденені сезгендей тың-тыңдап тұра бердім. Бірақ ойыма еш арамдық келмеді. Себебі он минут бұрын әндете күліп жүргенін байқап, қуанып қалған едім. Сонда да анда-санда әлденені ойлап, көңілі түсіп кететінін байқағандықтан секем алып жүргенмін. Себебі соңғы уақыта өзінен-өзі жылап, уайымға батып жүретінді шығарған. Сұрасам ештеңе айтпайды. Қора жақтан шыққан әлдебір тасырлаған дыбыстан секем алып, артынан жүгіріп бардым. Сол сәт алдымда тыпырлап асылып тұрған жарымды көрдім. Лезде қалтамдағы бәкімен жіпті кесіп, орнына үйдегі мысықты асып жібердім.

Өз тағдырына өз қолымен балта шаппақ болып, асылуға ниет еткен Қамиламен де тілдесіп, себебін сұраудың сәті түскен еді.

Талғат есімді бір ер-азамат та дәл осындай оқиғаны басынан кешірген екен. Ол бұрын тылсымға мүлде сенбейтін. Медициналық білімі бар, жоғары санатты дәрігер. Алайда ол өз өмірінде үш мәрте өз-өзіне қол жұмсамақ болыпты.

Осындай ерекше мәселелер туралы ислам дінінде не айтылған? Өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін қандай күш? Мұндай жағдайды болдырмас үшін неден сақтану керек?

Психологтардың айтуынша , суицидке итермелейтін себеп – әртүрлі. Жетіспеушіліктен, ашу-ызадан, сатқындықтан, кейде адамдардың ішкі жалғыздығынан, жандүниесінің күйзелісінен туындайды.Яғни сыр ашып, ой бөлісетін адамының болмауынан, депрессияға түсудің салдарынан да мұндай суық оқиғалар орын алып тұрады. Адам баласы сырт қарағанда жадырай күліп жүргенімен ішкі сана түйсігінде әлдебір шешімін таппаған түйткілдер маза бермей, жанын қинауы мүмкін. Содан жүрегінде тыныштықтың болмауы, депрессия күйзелісі туындайды. Міне, осы қасірет адамды өлімге алып келетіні анық.

P.S. Бар сән-салтанатымен өмірге жасалған қадамның кейде өз қолыңмен қасақана жасаған қайғы-қасірет пен өлімге алып баратыны өкінішті. Өз қолыңмен жинаған құмыраны тасқа ұрып, тас-талқанын шығару әп-сәтте. Бірақ ол құмыраның сынықтары жақындарыңның жанын тілгілейтінін ұмытпау керек. Жанған жұлдыздың ешкімге зиянын тигізбей, өзі сөнетін сәті бар. Әлемге қара бояу жағып, өз жұлдызыңды өзің сөндіруге асықпа, Адам!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ