Экономикалық тұрғыдан ең тиімді шешім
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлемде энергия тапшылығы артып бара жатқанын айтып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керектігіне тоқталды.
АЭС құрылысына қатысты бүгінде халық арасында дұрыс та, бұрыс та әртүрлі пікір айтылып жүр. Егер мәселеге тереңірек бойлап, зерделесек, атом электр стансасы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі энергия тапшылығын еңсеруге зор көмегін тигізеді екен. Қазіргі уақытта электр қуатының тапшылығы Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қатты байқалады. Бүгінде бұл өңірлердегі электр қуатының тапшылығы солтүстіктен келетін ағынмен жабылуда.
Мамандар еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының жаңа көздерін енгізбесе, тапшылық орта есеппен жылына 3 пайызға өсетінін айтуда. Осыған байланысты атом электр стансасын салу экономикалық тұрғыдан ең тиімді шешім болады деп ойлаймын. Сондай-ақ жобаны іске асыру кезеңінде мыңдаған жұмыс орны құрылады.Бұдан бөлек жоба инвестиция тартуға және Қазақстан экономикасына жоғары технологиялық шешімдерді енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар атом энергетикасы отандық ғылым мен технологияның дамуына ықпал етеді, бұл еліміздің халықаралық аренадағы позициясын нығайтады.
Айгүл ҚАБИЕВА,
ҚР Мәдениет қайраткері,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры