Жаңалықтар

Мектепте өткен мәнді кеш

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне орай Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп - гимназияда «Шындықтың шырақшысы – Шераға» атты әдеби кеш өтті

Тағылымы мол іс-шараға жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, журналист, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Айнұр Кембаева, зейнеткер ұстаз, ақын Тоймұрат Қожамұратов, қазақ тілі мен әдебиет пәні бірлестігінің ұстаздары қатысты. Ә д е б и к е ш ш ы м ы л д ы ғ ы м е к т е п оқушыларының орындауындағы хормен ашылды. Сонымен қатар «Замандас» драма үйірмесінің оқушылары Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» драмасын сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ал 10-сынып оқушысы Жасмин Сәрсенбай жазушының «Мылтықсыз майдан» шығармасынан монолог оқыды. Басқосуда сөз алған Көсемәлі Сәттібайұлы қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрген Шерхан Мұртаза туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. – Республикалық «Жас Алаш» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі болып жүргенімде Шерағаның туып-өскен ауылы Талаптыға келгенін пайдаланып сұхбат алған болатынмын.

Сұхбатымыз кеш қызара басталып, қараңғы түскен кезде бір-ақ аяқталды.

Іс-шара барысында оқушылар қонақтарға сұрақтарын қойып, мағыналы әрі мәнді жауаптарға қанықты. Мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Абаханова мен кітапхана меңгерушісі Айткүл Есентаеваның ұйымдастыруымен өткен әдеби кеш соңында ақын Тоймұрат Қожамұратов Шерхан Мұртазаға арнаған арнауын оқып, жиналған қауымның алғысына бөленді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ