Жаңалықтар

Әр жобаға жанашырлықпен қарау қажет

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте шаһар бойынша түрлі саладағы жобалардың әзірленуі мен орындалу барысы қаралды

Қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда шаһарда 179,1 миллиард теңгеге 111 жоба әзірленуде екен. Оның ішінде 47,2 миллиард теңгелік 76 жоба жүзеге асуда. – Жобаларды талдау барысында құрылысы келесі жылға өтпелі – 60, құрылысы биыл аяқталуы жоспарланған – 16, 2025 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыруды қажет ететін 34 нысан анықталып отыр.

Сонымен қатар 1 жобаның сараптама мерзімінің өтуіне байланысты өзектілігін жоғалтқан. Құрылысы аяқталатын және өтпелі нысандар бойынша жоғарғы және жергілікті бюджеттерден бастамасына және аяқтауға тиісті қаражаттар қарастырылып, жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде, – деген бөлім басшысы әр жоба бойынша жеке-жеке тоқталып өтті. Баяндамашының айтуынша, жобалардың ішінде тиісті сараптама қорытындысы алынғанымен әлі жоғары тұрған бюджетке өтінім ұсынылмағандары бар екен.

Сондай-ақ сараптамасы кешіктіріліп жатқан жобалар да аз емес. Орын алған олқылыққа қаныққан қала әкімі жауапты мамандардан түсініктеме алып, барлық қажетті құжатты уақытылы өткізуді тапсырды. Ал ең бастысы, әр бөлім басшысы өздеріне тиесілі жобаға жанашырлықпен қарау керектігін қатаң ескертті. Аппараттық кеңесте бөлімдердің әлеуметтік желідегі белсенділігі де қаралып, тиісті тапсырмалар жүктелді.

Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы