Қазыналы қариялар – құрмет құшағында
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Мерейлі мерекеге орай облыс әкімі, орынбасарлары, облыстық мәслихат төрағасы өңірдің әлеуметтік - экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан қазыналы қарттарды құттықтап, ілтипат білдірді.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев еңбек ардагері, көпбалалы ана Күлән Байділдаеваның шаңырағына барып, мейірімділік пен ізгілік мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан Күлән Исаққызының көпжылдық еңбегіне тоқталып, ақжарма тілегін жеткізді. Ардагер ұстаздың өмірлік жолдасы, қоғам қайраткері Жұмабек Сапаралиевтің де ел ертеңі үшін жасаған игі істерін кейінгі ұрпақ ұмытпайтынын айтты. Күлән Байділдаева – Байзақ ауданының тумасы. 1957 жылы Абай атындағы педагогикалық училищені аяқтап, Ы.Сүлейменов атындағы №37 мектепте ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарып, зейнетке шыққан.
Ақ жаулықты әже 10 баланы өмірге әкелген. Бүгінде 50-ден аса немере-шөбересіне тәлімтәрбиесін беріп, қызығын көріп отыр. Еңбек ардагері аймақ басшысына алғыс айтып, ақ батасын берді. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында тұратын еңбек ардагері және қоғам қайраткері Бибол Хабидің шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Бибол Хаби еңбек жолын Меркі ауданындағы М.Калинин атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Жамбыл аудандық оқу бөлімінде инспектор, Жамбыл облаткомында нұсқаушы, Жамбыл аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, «Октябрь» колхозында партия комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитеті басқарма бастығының орынбасары, сондай-ақ аудандық әкімшіліктің бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.
Хаби қария құдай қосқан қосағы екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Бүгінде немере мен шөберенің қызығын көруде. Нұржан Сәбитұлы алдыңғы буын ардагерлердің елімізді, облысты дамыту жолындағы елеулі еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі жас ұрпаққа олардың өмір жолы өнегеге толы екенін жеткізді. – Өздеріңіздей көпті көрген ардақты ардагерлердің, қазыналы қариялардың еткен ерен еңбектері ел жадында. Бүгінгі жарқын жетістіктеріміз сіздердің тыным таппай, аянбай атқарған жұмыстарыңыздың жемісі. Ел болашағы үшін атқарған бар игі істеріңізге алғыс айтамыз, – деген Нұржан Календеров қарияның деніне саулық, отбасына амандық тілеп, сый-сияпатын табыс етті.
Өз кезегінде ардагер де құрмет көрсеткен облыс басшылығына ризашылығын жеткізіп, елдің бүтіндігін, болашақтың жарқын болуын ақ батасына қосты. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек те елге белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжанды мерекемен құттықтай барып, сый-құрмет жасады. Елен Әлімжан – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушы, драматург. Шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, қазақ көркем әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты. Кездесу барысында Қанатбек Қайшыбекұлы жазушының қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, шығармашылық мұрасы жас ұрпақ үшін үлгі екенін жеткізді. Қаламгер өз кезегінде облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өмірінің 40 жылын кәсіпкерлік пен ауылшаруашылығы саласына арнап, облысымыздың дамуына елеулі үлес қосқан қазыналы қария Сламбек Алдабергеновтің шаңырағына арнайы барды. – «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген сөз бекер айтылмаған. Сіз облысымыздың дамуына зор үлес қостыңыз. Қазір де елдің ортасынан табылып, ақыл - кеңес беріп, абыройға бөленіп жүрсіз. Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тапсырмасы бойынша сізді арнайы құттықтап келіп тұрмыз, – деп Серік Сәлемов ақ тілегін жеткізді. Жасы 85-ке келсе де Сламбек ақсақал әлі де тың, белсенді. – Сый-құрметті сатып ала алмайсың.
Әдемі қартаю – нағыз бақыт. Ел алдында парасатты ақыл айтып, ауызбіршілік пен татулыққа үлгі бола алатын қарттарымыз аман болсын! Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек тыл ардагері Манау Айтжановты арнайы құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады. Тоқсан жасты алқымдаған тыл ардагері екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда небәрі 7 жаста болыпты.
Соғыс қиындықтарын бастан кешіп, анасына егін ору, шөп дайындау жұмыстарына көмектескен. Еңбек жолын Сарысу ауданындағы Саудакент ауылында мәдениет үйінің меңгерушісі болып бастаған. Әртүрлі мекемеде есепші, бас есепші болып қызмет атқарып, Сарысу аудандық жол бөлімінің бас есепшісі болып зейнетке шыққан. Облыс әкімінің орынбасары Манау ақсақалға ұзақ ғұмыр, сарқылмас денсаулық тілеп, өсиет пен өнегеге толы өмір жолы мен ерен еңбегі ешқашан ұмыт болмайтынын тілге тиек етті. «Тоқта ботам, атаң келеді артыңда, Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға» деп Мұхаңдар шерлене толғаған қарияларға қолдау қай кезде де керек-ақ. Ардагерлердің ерен еңбектері мен жасаған жемісті де жеңісті жұмыстарын жас ұрпаққа өнеге етіп, насихаттау – басты міндетіміз.
Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері 9 жыл облыстық мәслихаттың хатшысы болған. Ақ адал қызметтің арқасында елдің қошемет-ықыласына бөленген. – Қазақ қашанда қариясын сыйлаған халық. Елімізде осындай пайым-парасаты жарасым тапқан ақсақалдардың еңбегінің еленгені біздің де көңілімізге қуаныш сыйлайды.
Қазыналы қарт жиналғандарға ақ батасын жаудырып, ізгі ықыласын білдірді. Халықаралық қарттар күніне орай «Ыдырыс» мейрамханасында мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, қарияларға жүрекжарды лебізін арнады. – Біз ежелден ақсақалын ардақтап, қарттарын қадірлеп, даналық дәрістерін көңілге тоқып, ұрпақтар сабақтастығының ұлы көшін жарасыммен жалғап келе жатқан елміз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақылкеңестеріңіз өскелең ұрпақ үшін таусылмас тағылым. Татулығымыздың тұтқасы, ұлттық ұлағатымыздың тұмарындай болған қарияларымыз тәлімі мен тәжірибесін еліміздің дамуы жолына жұмсаудан бір сәтке де жалыққан емес.
Халқымыздың ең ізгі құндылығының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету десек, бұл игі дәстүр қаламызда да көрініс табуда. Бүгінде Тараз қаласында 48 500-ден аса зейнеткер тұрмыс кешсе, оның 5-еуі – Ұлы Отан соғысының ардагері, 700-ден астамы – тыл еңбеккерлері. Мемлекет тарапынан қатары сиреп бара жатқан қазыналы қарттарымызға арналған әлеуметтік қызмет түрлері мен көмек жолдары да үнемі жетілдірілуде. Соның нәтижесінде көне шаһардағы жалғызілікті қарттарымыз үйде әлеуметтік көмекке қол жеткізіп отыр.
Сондай-ақ санаторлы-курорттық емдеу шараларымен қамтылған қарияларымыздың да қарасы қалың. Өңіріміздің өрістеп, өркен жаюы жолында әрқайсыларыңыздың қосқан үлестеріңіз зор. Бүгінгі жарқын жетістіктеріміз – сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі, – деген шаһар басшысы бірқатар ардагерге «Еңбек ардагері» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын табыстады. Келесі кезекте Еркінбек Солтыбаев, Амангелді Кәрентаев, Қасымхан Төлендиев, Жаңабай Миллионов, Асқарбек Сейілхан, Қайрат Шотбақов секілді облысымызға танымал еңбек ардагерлері ізгі тілектерін жеткізсе, «Әулиеата әуендері» ансамблі ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ қазыналы қарттарымыз өздерінің құрметіне жайылған ақ дастарқан басында тағылымға толы әңгіме өрбітіп, орамды ойларын ортаға салды.
«AR-AI»-дың тілшілер тобы