Қоғам

«Қашқын» әкелер қашанғы сайран салады?

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қазақ мақалының мағынасына үңілмей, ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасып жатқан жастар аз емес. Түймедей нәрсені түйедей қылып, ұрыстың ақырын ажырасу деп түсініп жүрген жандардың қатары жыл сайын көбеюде. Сонымен қатар кейбір отбасылар мәжбүрлі түрде отауларын екіге бөліп, арақатынасты алшақ ұстағанды дұрыс көруде. Ата-анасының екі тарапқа кетіп, ажырасқаннан кейін заң аясында баланы асырап алуға құқылы адамға төленетін кәмелеттік жасқа толмаған балаларды асырап-бағуға арналған төлемді алимент деп атайды.

Алимент латын тілінен аударғанда «асырап бағу» деген мағынаны білдіреді. Оның басты мақсаты – отбасының еңбекке қабілетсіз және көмек қажет ететін мүшелерін асырау. Алимент сот тәртібімен өндіріледі. Кәмелетке толмаған балаларға өндіріліп алынатын алимент мөлшері төлеуші жалақысының үлесіне қарай есептеледі. Кәмелетке толмаған бір балаға төлеуші жалақысының төрттен бір бөлігі, екі балаға үштен бір бөлігі, үш және одан да көп балаға айлығының тең жартысы төленуі тиіс. Төлеушінің жалақы тұрақсыздығы немесе өзгеріп отыруы, заттай алуына байланысты алимент төлеудің тағы бір тәсілі қарастырылған. Ол – ай сайын төленетін тұрақты ақша сомасы.Бүгінгі таңда алимент төлеуден қашып жүрген азаматтар қатары көбейіп тұр. Балаларының ішіп-жемі мен киім-кешегіне деп бөлінетін ақшаны төлеуден бас тартып жүргендер де бар. Мәселен, жуырда «Astana» телеарнасының бағдарламаларының бірінде қай өңірлерде алиментті уақытылы төлемейтіндер көп екені айтылды. Бағдарламада айтылған мәліметтерге сүйенетін болсақ, Астана қаласында алимент төлеуден жалтарып жүргендер көп тіркелген. Одан әрі Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан өңірлері көш басынан көрінуде.

Мамандардың айтуынша, елімізде алимент төлемейтіндер саны 300 мыңға жуықтаған. Жалпы қарыз сомасы 13 миллиард теңгеден асады.Бұл дегеніміз – балаларынан безген ата-аналардың көптігі.Өкінішке қарай, облысымызда да алимент төлемейтін азаматтар қатары азаяр емес. Облыстық әділет департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, аймақ бойынша алимент өндіріп алу негізінде 19 788 атқарушылық іс жүргізу қолға алынған. Облыс бойынша алимент төлеу негізіндегі берешек сомасы 2 миллиард теңгеге жуықтаған.Департамент мамандары алимент төлеуден қашып жүрген азаматтарға қарсы күрес шаралары заң аясында орындалып жатқанын айтады. Жыл басынан бері 1 борышкер бас бостандығынан айырылып, 14 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.Жалпы алименттің төрт түрі бар. Олар: кәмелеттік жасқа толмаған балаларға төленетін, бұрынғы ерлі-зайыптылардың біріне төленетін, 18 жастан асқан, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға төленетін, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына төлейтін алимент. Сот шешімін немесе келісімдерді орындамау алимент төлеуші үшін экономикалық және басқа зардаптарға әкеліп соғады.

Экономикалық әсері – алимент төлеуден себепсіз бас тартқан жағдайда сот борышкер үшін жазаның кейбір түрлерін белгілей алады. Егер алимент төлеуші жұмыс орнын ауыстырса немесе көшіп кетсе, бірақ бұл туралы сот орындаушысына хабарламаса, онда 10 АЕК немесе 27 780 теңге айыппұл салынады. Ата-аналар кәмелетке толмаған өз балаларын асырауға міндетті, осы асыраудың тәртібі мен нысанын ата-аналардың өздері анықтайды. Егер ата-анасы балаларын асырауға ақша ұсынбаса, бұл сотта келісіммен немесе ата-аналардың бірі алименттерді төлетуге сотқа талап бермесе, онда талапты қорғаншылық және қамқоршылық органына бере алады.Некені бұзуда сотта мынадай келісімдер қаралады. Атап айтсақ, кәмелетке толмаған балалардың кіммен тұратыны, балаларды немесе еңбекке жарамсыз зайыбын асырауға алименттерді төлеу тәртібі, балаларды асырауға алименттердің мөлшерлері, мүлікті бөлу туралы келісімдер толық назарға алынады.Баланы асырау – ата-анасының заңмен бекітілген міндеті.

Бұл жерде ата-анасының некеде болуы, азаматтық некеде немесе ажырасқан болуы да мүлде маңызды емес. Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы. Алимент ретінде төленген тиісті сома баланың ата-анасына немесе басқа заңды өкілдеріне түседі және баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне шығындалады.Қалай десек те бүгінде «неке бар да ажырасу жоқ» деген бабалар сөзінің құдіреті әлсіреп бара жатқандай.

Ажырасқан көп ер азаматтар бірнеше сылтауды бетперде қылып, өздерін ақтап алғысы келеді. Кешегі ата-бабаларымыз «жан қимақ бар, жар қимақ жоқ» деген.Иә, бар кінәні ер азаматтардан арта беруге де болмайды. Дегенмен отбасының тірегі ер азамат болғаннан кейін жауапкершілікті арқалай білу маңызды. Көрсеқызарлық пен тойымсыздық дегенге тоқтау салып, бір отбасы түтінін түзу шығару ер азаматттың қолында. Егер ата-баба салтымен, қалдырған даңғыл жолымен жүретін болсақ, өзіміз үшін де, еліміз үшін де үлкен олжа.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ