Жаңалықтар

Аудан әлеуеті артып келеді

Әулиеатаның оңтүстік-батысында орналасқан Жамбыл ауданы – бүгінде өндірісі өркендеген табысты аймақтың бірі. 95 жылдан аса тарихы бар ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы жыл санап жақсарып келеді. Мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып аудан дамудың жаңа кезеңіне бет бұрып, нәтижесінде жергілікті тұрғындардың да жағдайы біршама жақсарып қалған.

АГРОСАЛАНЫҢ
 АЙЫ ОҢЫНАН ТУЫП ТҰР

Биыл көктемгі дала жұмыстары кезінде 53,562 гектар алқапқа дән себіліпті. Бүгінгі күнге дейін 5,676 тонна бидай, 21,244 тонна жаздық арпа, 676 тонна майлы дақыл, 100 тонна қант қызылшасы, 4,053 тонна картоп, 18,290 тонна көкөніс, 9,022 тонна бақша дақылдары, 168,552 тонна мал азығы жиналған. Әр гектардан түсімнің көлемі күздік бидай бойынша 13,3 центнерді, жаздық арпа бойынша 16,5 центнерге жеткен.Ауданның ауылшаруашылығы саласындағы жарқын жетістіктері тұрғындардың еңбекқорлығы мен жергілікті биліктің тиімді саясатының нәтижесінде мүмкін болғанын айта кетуіміз керек.Жыл өткен сайын аудандағы ауылшаруашылық техникаларының қатары да жаңаруда. 2024 жылдың 8 айында 55 жаңа ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, жаңарудың жылдық деңгейі бойынша облыста алдыңғы шептен көрініпті.Сонымен қатар биыл ауданда жұмыс істеп тұрған 28 жылыжайда егілген бақша дақылдары да жоғары өнімділік көрсеткен. Мысалы, жылыжайларда өсірілген қиярдан 8,5 тонна өнім жиналып, нарықтық бағамен сатылымға шығарылуда.Аудан бойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылым жер көлемі 177 020 гектарды құраса, оның ішінде елді мекендердің жайылымы 33 321 гектар, ал орман қоры жайылымы 64 564 гектарды алып жатыр. Сондай-ақ ауылдық округтерге қоғамдық пайдалану үшін 18 761 гектар жер бөлінген екен.

ТҰРҒЫН ҮЙ САЯСАТЫНА
БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Қазіргі таңда Ақбұлым және Қызылқайнар ауылдарында мәдениет үйлері салынуда, бұл ауылдардың мәдени өмірін жандандыруға ықпал етеді. Шайқорық, Аса және Жұма ауылдарында электрмен қамту жобалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да сәтті аяқталуы үшін бақылауға алынған.Бәйтерек және Шайдана ауылдарында жаңа мектептер салынып, оқушыларға заманауи білім беру үшін жағдайлар жасалуда. Тоғызтарау ауылында жапсарлас спортзал мен асхана құрылысы, сондай-ақ Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау және Қаратау ауылдарында медициналық пункттердің құрылыс жұмыстарын да аяқтау міндеті тұр.Жалпы жыл қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 13,8 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Осы ретте тұрғын үй саясатына да басымдық беріліп отырғанын айта кеткен жөн. Бұл аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, лайықты баспанамен қамтылуына бағытталған маңызды қадам. Ауданда тұрғын үй кезегіне 1 721 адам тіркелген. Республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді сатып алуға бөлінген қаржыға аудан орталығы Аса ауылында 40 отбасыға арналған үйлердің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жағдайы төмен отбасылар үшін Ащыбұлақ, Тастөбе, Гродеково, Бірлесу-Еңбек және Қызылқайнар ауылдарында жаңа тұрғын үйлердің құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл бастамалар тұрғындардың баспанамен қамтылуына және әлеуметтік жағдайының жақсаруына үлкен мүмкіндік береді.Ауданда жер телімін алуға 20 518 адам кезекте тұр. Жалпы соңғы үш жылда 7 елді мекеннен 1 864 жер телімі тұрғын үй салуға берілді. Бұл ауданның инфрақұрылымын дамытып, тұрғындарға өз үйлерін салуға басты негіз болмақ. Ауданның тұрғын үй саясаты әлеуметтік мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Аудан әкімдігі мен мемлекеттік құрылымдар бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, әр азаматтың қажеттіліктерін ескеруге тырысуда.

АУЫЛДАР 100 ПАЙЫЗ АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Ауызсу мәселесі де оң шешімін тауып, халықтың талап-тілегі орындалуда. Мұндағы 42 елді мекеннің 38-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл Бесағаш және Түрксіб ауылдарының ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстары сәтті аяқталып, пайдалануға беріліпті. 2024 жылы 2,1 миллиард теңгеге Ерназар, Жаңаөткел, Қызылшарық, Бектөбе, Өрнек және Жұма ауылдарының ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Бұл құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, елді мекендердің ауызсу жүйесіне қосылу көрсеткіші 100 пайызды құрамақ.Көгілдір отынға қолжетімділікті қалыптастыру мақсатында да жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Аудан бойынша 42 елді мекеннің 38-і табиғи газ жүйесімен қамтылған. Тұрғындар көптен бері қозғау салып келе жатқан Тоғызтарау, Жаңаөткел және Құмсуат елді мекендерін магистралды газбен қамтуға бағытталған жобаларға тиісті қаржы бөлініпті. Мемлекет тарапынан ауылдарды алалаудың жоқтығын ескерсек, 15 түтіні бар Сеңгірбай ауылына газ құбырын тарту үшін қажетті құжаттар сараптамадан өткен екен. Аталған 4 ауыл газбен қамтылса, ауданның газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Аудан әкімдігі мен жауапты органдар бұл бағытта қажетті шараларды қолға алып, әрбір ауыл тұрғынының қажеттіліктерін ескеруге тырысып жатса керек.Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Бұл ретте халықтың бір жерден екінші жерге еркін әрі қауіпсіз қатынауы қамтамасыз етілген. 2024 жылға аудандық маңызы бар Ерназар – Қойгелді, Ащыбұлақ ауылына кіреберіс, Аса ауылының оңтүстік айналма жолы, Аса – Мырзатай бағыты орта жөндеуден өтуде, бұл жұмыстар ауданның транспорт инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.Аса ауылында 6 жолақты теміржолды қиып өтіп жүрген тұрғындар үшін аспалы көпірдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Тұрғындар қауіпсіздігі үшін бұл түйткілдің түйіні 30 жыл бойы тарқатылмай келген еді.


Ауданішілік қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға 6 бағытқа қаржы бөлініпті. Олардың қатарында Қаратау – Айша бибі – Аса, Қаракемер – Құмтиын – Аса, Ш.Ниязбеков – Қапал – Шайқорық – Танты – Аса, Ерназар – Өрнек – Жұма – Аса бағыттары. Сонымен қатар оның қатарында Шоқай – Бірлесу-Еңбек – Аса, Сеңгірбай – Шайдана – Ащыбұлақ – Тастөбе – Еңбек – Рахат – Аса бағыттары бар. Биыл бұл тізімге Жаңаөткел – Тоғызтарау – Құмсуат – Өрнек – Аса бағыты қосылмақ. Бұл тұрғындардың тасымал қызметтеріне қолжетімділігін арттырады.Аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілетін мәселелердің бірі – жол. Жалпы аудандағы 42 елді мекенде 436 шақырымды құрайтын 582 көше мен бұрылыс бар екен. Тұрғындар сұранысы бойынша 2024 жылы ауылішілік жолдарды жөндеу үшін 1 миллиард 105,5 миллион теңге қаржы қаралып, 24 елді мекендегі жалпы ұзындығы 39,8 шақырымды құрайтын 57 көше мен 22 бұрылыс асфальтталыпты. Бұл жұртшылықтың көтерген талаптарының орындалғанын көрсетеді. Жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмауда. Теміржол стансаларының аумағында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдары электр жарығына 32 теңгеден төлеп келгені белгілі. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп, аталған ауылдар бүгінде 16 теңге баға айырмашылығымен электр энергиясына ақы төлеп отыр. Бұл тұрғындардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік беріп, жарықтандырудың сапасын арттыруда. Ауыл азаматтарының кездесулерінде түнгі жарықтандыру мәселесі де жиі көтерілген екен. Биыл 16 ауылдың 33 көшесі жарықтандырылыпты. Жарықтың жиі сөну мәселесі 8 елді мекендегі 15 көшеде ескі бағаналар мен желілерді ауыстыру арқылы шешімін тапқан. Осындай жұмыстарды атқару алдағы уақытта да жалғасады.2024 жылы аудандағы қауіпсіздік деңгейін арттыру және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында маңызды шараларды атқару қолға алыныпты. Әсіресе тұрғындардың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету және ұрлық-қарлық сияқты қылмыстардың алдын алу мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылған. Мысал ретінде атқарылған жұмыстың біріне тоқталсақ, аудандағы 33 елді мекеннің кіреберісіне орнатылған 124 бейнебақылау камерасы осының жарқын дәлелі. Бұл заманауи бақылау жүйесі елді мекендерге кіріп-шығатын көліктерді қадағалап, қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қоюға айтарлықтай үлес қосып отыр.

Аудандағы қоғамдық тәртіпті қадағалау осы бейнебақылау камераларын орнатумен шектелмейді. Жыл ішінде тағы 11 елді мекенде қосымша бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Бұл шара халықтың қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған басты қадамдардың бірі болып отыр.Тұрғындардың өтінішіне сәйкес Бектөбе, Қызылшарық, Жалпақтөбе және Айша бибі ауылдарындағы кейбір көшелердің қиылысына бағдаршамдар орнатылыпты. Осы іс арқылы аталған ауылдардың тұрғындары үшін жол қозғалысының қауіпсіздігі жоғары деңгейге көтерілді әрі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік жасалды.Сонымен қатар аудандық маңызы бар жолдар бойына жаңа жол белгілері, жылдамдықты шектейтін кедергілер мен муляждар орнатылып, жол қауіпсіздігі айтарлықтай күшейтіліпті. Бұл шаруалар тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қауіпсіздік кепілі ретінде оң септігін тигізіп отыр. Бүгінде Аса ауылындағы айналма жолға бағдаршам орнатуды қолға алу жоспары да қауіпсіздік шараларын кеңейту аясында шешімін тапқан.Бұл бастамалардың барлығы аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ұрлық-қарлық сияқты қылмыстардың алдын алу үшін жасалған маңызды қадамдар. Бейнебақылау камералары санының артуы және жол қауіпсіздігін күшейту шаралары аудандағы әрбір тұрғынның тыныштығын сақтауға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі.

АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар халықтың жұмыспен қамтылуына үлкен септігін тигізуде. Бүгінде 4 018 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, олардың ішінде 1 272-сі тұрақты жұмыс орындарына, ал 264 адам ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолдама алыпты.Ауданда 39 білім беру мекемесі болса, олардың 26-сы типтік, 12-сі ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан екен. Осы жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шайқорық ауылында 300 орындық мектептің құрылысы қолға алынған. Республикалық бюджет есебінен Бәйтерек ауылында 100 орындық, Шайдана ауылында 150 балаға арналған мектептің құрылысы жүргізілуде. Бірлесу-Еңбек ауылында жеке балабақша ғимараты пайдалануға беріліпті. Алдағы 2025-2027 жылдары Қызылдихан, Қоңыртөбе, Рахат, Қапал ауылдарында жаңа мектеп ғимараттарының құрылысын жүргізу жоспарда бар көрінеді. Есепті жылы 22 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралыпты.Ауданда 36 медициналық мекеме болса, оның 19-ы ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Биыл Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау ауылдарында медициналық пункт, ал Қаратау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүріп жатыр.

Аса ауылындағы орталық аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті жобалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтуде. Алдағы жылдары Шоқай, Қапал, Құмтиын, Бәйтерек ауылдарында медициналық пункт ғимараттарын салу жоспары бар.Аудан бойынша 1 аудандық мәдениет үйі, 4 ауылдық мәдениет үйі және 14 ауылдық клуб бар. Ақбұлым ауылында тұрғындар сұранысына сәйкес мәдениет үйі ашылса, ал Қызылқайнар ауылында мәдениет үйінің құрылысы жақын арада басталмақ. Аса ауылында мәдениет үйін күрделі жөндеуден өтуде. Өрнек және Ерназар ауылдарындағы кітапхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар ауылдық кітапханаларының жылу жүйесі табиғи газға қосылыпты.Ауданда 6 спорт кешені, 2 спорт мектебі, 17 үлкен футбол алаңы, 41 шағын футбол алаңы, 25 балалар ойын алаңы, 18 «Street workout» алаңы тұрғындар игілігі үшін қызмет көрсетуде. Биыл жастар өтініші бойынша Өрнек және Қаракемер ауылдарында спорт кешені ашылыпты. Бесағаш ауылында спорт кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Аса, Ш.Ниязбеков, Қапал ауылдарына 5 балалар ойын алаңы салынған. Тастөбе және Қызылқайнар ауылдарында спорт кешені құрылысына қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған көрінеді.

Жамбыл ауданында атқарылған жұмыстар ауқымды, алдағы жоспарлар айқын. Шешімін күткен мәселелер де бар. Осыған орай халықтың талап-тілегі ескерілуі үшін әрдайым жұмыс істеу аудан атқамінерлерінің міндеті. Осындай игі істердің көрініс табуына жамбылдықтардың жұмыла кірісуі ауданның дамудың даңғыл жолында тың серпіліс жасап, болашақта одан да зор табыстарға қол жеткізетініне кепіл бола алады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ