Жаңалықтар

Құрылыс сапасы қадағалануда

Кез келген елді мекеннің, әсіресе қалалардың ажары айшықты болуы архитектура саласы мамандарының жұмысына тікелей байланысты. Небір зәулім ғимараттардың құрылыс жобаларының заман талабына сай болуы және қоғам мүддесі бойынша салынуы сәулеттік өнердің жетістігімен өлшенеді. Ал қандай да бір құрылыс нысанының талапқа сай бой көтеруін қадағалау – облыс әкімдігі және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының негізгі міндетінің бірі.

Бұл мекеме облыс аумағында қолға алынған құрылыс жұмыстарының сапасын бақылап, нысанның заңнамаларға сәйкес салынуын қамтамасыз етеді. Құрылыс стандарттарын қадағалап, қалалық жердің келбеті келісті болуына үлес қосады. Бұл ретте басқарма тұрғын үйлердің құрылыс стандарттарына және сапа талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында тексерулер жүргізуге де құқылы. Қандай да бір кемшілік анықталса, оны дер кезінде жоюмен айналысады. Тексеру жұмысы барысында басқарма мамандары рұқсатсыз құрылыс жұмыстары мен техникалық нормалардың бұзылуын болдырмауға мән береді. Өйткені бұл құрылыс барысында туындайтын проблемалардың алдын алуға септігін тигізеді. Сондай-ақ құрылыс материалдарының сапасы, ғимараттардың құрылымдық беріктігі және өртке, басқа да табиғи апатқа қауіпсіздігі секілді мәселелер де назарға алынады.Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 78 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 56-сы бюджет есебінен, ал 22-сі (Тараз қаласында) инвесторлар мен кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен салынып жатыр екен. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында 34 тұрғын үй, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта 16 тұрғын үйдің, яғни жалпы 50 тұрғын үйдің құрылысы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Сондай-ақ аудандарда 6 тұрғын үй (Жаңатас қаласында – 1, Қаратау қаласында – 2, Шу қаласында – 1, Қордай ауданында – 2) салынуда. Осы жылы 55 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі жоспарланған. Тек бір нысан, яғни Шу қаласындағы «Жетісу» тұрғын алқабындағы 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы 2025 жылға өтпелі.

– Басқарма тарапынан аталған көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына қатысты жоспардан тыс 6 тексеру жұмысы жүргізілді. Бұл тексерулердің мақсаты – құрылыс сапасының қамтамасыз етілуіне және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беру. Тексеру барысында қажетті шаралар қабылданып, бірқатар мердігерге қатысты әкімшілік айыппұлдар салынды.Мысал ретінде «Сүлейменов көшесінің соңындағы 80 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысын, 13-жер телімі, 1-белгі» және Сүлейменов көшесінің соңындағы 60 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы, 13-жер телімі, 6-белгі» нысандарын айтуға болады. Осы бойынша мердігер «СМК-4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша хаттамалар толтырылып, 1 932 000 теңге әкімшілік айыппұл салынып, нұсқама берілді.Сонымен қатар авторлық қадағалаушы «ADI SAN» ЖШС-на және техникалық қадағалаушы У.Жақсыбайға («ЗКА Проект» ЖШС) хаттамалар толтырылып, 1 690 500 теңге айыппұл салынды. Техникалық қадағалаушының қолданыстағы аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылды.

«Ұлы дала» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысына қатысты 40-жер телімі, 2-белгі нысаны бойынша мердігер «ЕрНұрЖан Құрылыс-2010» ЖШС-на Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 312-бабы, 1-тармағына сәйкес хаттама толтырылып, 345 000 теңге айыппұл салынды және нұсқама берілді. Осы «ЕрНұрЖан Құрылыс-2010» серіктестігі құрылысын жүргізіп жатқан аталған ықшамаудандағы 41-жер телімі, 3-белгі бойынша да кемшілік анықталды. Нәтижесінде «ЕрНұрЖан Құрылыс-2010» ЖШС-на, авторлық қадағалаушы «Компания «Арыстан-сервис» ЖШС-на, техникалық қадағалаушы «Тараз-Технопроект» ЖШС-на Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 318-бабы бойынша хаттамалар толтырылып, 849 160 теңге әкімшілік айыппұл салынды.Сүлейменов көшесінің соңындағы 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер «BARAT & CO» ЖШС-не ӘҚБтК-нің 312-бабы, 1-тармағы, техникалық қадағалаушы М.Абитаевқа ӘҚБтК-нің 317-бабы, 3-тармағына сәйкес хаттамалар толтырылып, 852 640 теңге әкімшілік айыппұл салынды және қолданыстағы аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылды. Ол жерде 9-жер телімі, 2-белгі нысаны бойынша кемшілік анықталған еді.

Инвесторлар мен кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен қаржыландырылған тұрғын үйлер бойынша да жоспардан тыс 6 тексеру жұмысы жүргізіліпті. Бұл тексерулердің де басты мақсаты – құрылыс нысандарының сапасын бақылап, заңнамалардың сақталуын қамтамасыз ету. Тексеру барысында Тараз қаласы, Рысбек батыр бұрылысы, №19 мекенжайдағы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша мердігер «Берикович» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 312-бабы, 1-тармағына сәйкес хаттама толтырылып, 345 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салыныпты.

Сондай-ақ Тараз қаласындағы Дүрімбетов көшесінің №37 және №39 жер теліміндегі көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысы нысаны бойынша мердігер «Atlas Construction» ЖШС-на да Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 312-бабы, 1-тармағына сәйкес 345 000 теңге айыппұл салынған.Тараз қаласы, С.Нұрмаханбетов көшесіндегі №16 «А», №18 және №20 мекенжайындағы орта қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысының тапсырыс берушісі Ә.Ерғазыға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 316-бабы, 1-тармағы, 321-бабы, 463-бабы 1-тармағы бойынша хаттамалар толтырылып, 750 375 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Тараз қаласы, Сәтпаев көшесі №11А мекенжайында көппәтерлі тұрғын үй құрылысы нысаны бойынша тапсырыс беруші Б.Сабденалиев, мердігер «Берикович» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Kazekspert qurylys» ЖШС, авторлық қадағалаушы «ARCHI GROUP» ЖШС Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 318-бабы бойынша 886 080 теңге айыппұл арқалапты.Рысбек батыр бұрылысы №7А мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үй құрылысының тапсырыс берушісі Ж.Нұрбаевқа Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 316-бабы, 1-тармағы және 321-бабы бойынша хаттамалар толтырылып, ол да 690 000 теңге айыппұл төлеуге міндеттеліпті.Тараз қаласы, Төле би даңғылы №86 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үй құрылысының тапсырыс берушісі Ж.Оспановаға да Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 316-бабы, 1-тармағы және 321-бабы бойынша хаттамалар толтырылып, 276 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған екен.

Қазіргі уақытта Тараз қаласындағы 50 тұрғын үйдің құрылысымен қатар, М-1 жылу жүйесінің де құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек Байзақ ауданында – 10, Жамбыл ауданында – 9, Жуалыда – 9, Қордайда – 18, Т. Рысқұловта – 10, Меркіде – 10, Мойынқұмда – 7, Сарысуда – 8, Таласта – 10 және Шу ауданында 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өз міндеттерін жоғары кәсібилікпен орындап, тұрғын үй құрылысының сапасын қамтамасыз етуде аянбай тер төгіп келеді. Алдағы уақытта да жоспарланған жұмыстар одан әрі қарқын ала береді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ