Жаңалықтар

«CyberPol» киберқылмыстардың алдын алуда

Интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында құрылған «CyberPol» пилоттық жобасының облыста іске қосылғанына бір жыл толды. Жоба жүзеге аса бастағаннан бері азаматтар мен кәсіпорындардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтуде маңызды рөл атқарып келеді.

Осыдан бір жыл бұрын облыстық полиция департаментінде киберқылмыстарға тұсау болу үшін «CyberPol» атты жаңа бөлініс жұмысын бастаған болатын. Жаңа құрылымның алдында тұрған басты міндет – цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыз әрекеттермен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру.«CyberPol» арнайы бөлінісі цифрлық лабораториямен жабдықталған. Бөліністегі мамандар гаджеттерді бақылау арқылы интернет-алаяқтар қолданатын бағдарламаларды да анықтай алады.«CyberPol» тобының құрамына тергеушілер, жедел уәкілдер және криминалист мамандар кіреді. Арнайы бөліністің жұмысы халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру шаралары және әрбір қылмыстық іс шеңберінде жедел-іздестіру іс-шараларының толықтығын қамтамасыз ету сынды екі негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.

– Мұнда жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүреді. Яғни жасалған қылмыс бойынша шұғыл тергеу әрекеттерін бір уақытта бір жерде тергеуші, криминалист және жедел қызметкер жүргізеді. Жәбірленуші бұрынғыдай арыз қалдыруға, оны қарауға, тағы да басқа дүниелерге уақыт жоғалтпайды. Қазіргі уақытта бізде өтініш қабылдау жеңілдетілген. Адам келгеннен кейін біз оның арызын қабылдаймыз. Арызды қабылдаған тергеуші бұл істі соңына дейін өзі жүргізеді, – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шохан Әлжанов.Орталықта цифрлық зертхана жұмыс істейді. Онда мамандар гаджеттерге техникалық тексерулер жүргізіп, алаяқтық әрекеттер жасалған бағдарламаларды анықтайды. 

Облыстық полиция департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, биыл қыркүйек айының 30-ына дейін жалпы алаяқтық саны 9,5 пайызға төмендеген. Қылмыстың барлық түрлерінің құрылымында алаяқтық үлесі 19,3 пайызды құрапты. Интернет-алаяқтықтың 181 дерегі тіркелген. Жалпы бүгінгі күнге дейін кәсіби қылмыспен айналысқан 31 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 9-ы басқа облыстардың тұрғындары.«CyberPol» жобасының болашақтағы басты мақсаты  – киберқылмыстардың алдын алу мен анықтаудағы тиімділікті одан әрі арттыру, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, киберқауіпсіздік саласында инновациялар енгізу. Сонымен қатар киберқауіпсіздікке қатысты сауатын көтеру мақсатында арнайы ақпараттық науқандар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Бір жыл ішінде қол жеткізілген нәтижелер жобаның маңыздылығын дәлелдеді. Алдағы уақытта «CyberPol» цифрлық қауіп-қатерлерге қарсы тиімді тосқауыл болып, Қазақстанның цифрлық кеңістігін қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деп күтілуде.Сонымен қатар «CyberPol» жобасы аясында тұрғындар арасында киберқауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстары да белсенді түрде жүргізілуде. Осылайша азаматтар фишингтік хаттарды, алаяқтық сайттарды қалай тануға болатынын, өз деректерін қалай қорғау керектігін үйреніп, киберқауіпсіздіктің маңыздылығын түсінуде.Мәселен, Алматы облысы киберқауіпсіздік бойынша бірнеше ірі жобаны сәтті жүзеге асырды. Мысалы, жергілікті кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге қатысты жасалған бірнеше хакерлік шабуылдар дер кезінде анықталып, деректердің ұрлануының жолы кесілді. Бұған қоса Алматы облысында фишингтік шабуылдар мен алаяқтық істерге қарсы күрес күшейтіліп, бірнеше күдікті топтар ұсталды.

«CyberPol»-дың ақпараттық науқандары жергілікті тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік шараларын дұрыс қолдануды үйретіп қана қоймай, олардың киберқылмыстарға қарсы күреске белсенді қатысуын қамтамасыз етуде. Тұрғындарды киберқауіпсіздікке қатысты дұрыс ақпараттандырудың нәтижесінде облыстарда кибершабуылдардың саны айтарлықтай төмендеген.Алдағы уақытта жоба негізінде ауылдық жерлерде де ақпараттық қауіпсіздікке қатысты тренингтер мен семинарлар өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар кибершабуылдарды анықтаудың жаңа технологияларын енгізу және жергілікті деңгейдегі мамандарды даярлау жұмыстары күшейтілмек.Қазақстанның әрбір өңірінде цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруды көздейтін жоба алдағы уақытта да оң нәтижелерін береді деп күтілуде.Осылайша «CyberPol» цифрлық кеңістікті қорғаудағы өз миссиясын сәтті орындап, облыстарда киберқылмыстарға қарсы күресте жетекші күшке айналып келеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА