Жаңалықтар

Жасанды интеллектті үйрететін курс іске қосылады

«Blockchain & AI Technology Center» (BAITC) және «Astana Hub» ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен 30 қыркүйек пен 27 қазан аралығында жасанды интеллект (ЖИ) бойынша тегін білім беру курсын іске қосады.

«Blockchain & AI Technology Center» – блокчейн және жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізуді белсенді түрде насихаттайтын тәуелсіз зерттеу институты.Ал «Astana Hub» – Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық стартаптар технопаркі. Хаб Қазақстандағы инновациялар мен стартаптардың дамуына ықпал етеді және оларға қолдау мен ресурстардың экожүйесіне қолжетімділік береді.Білім беру курсы дайындық деңгейіне қарамастан баршаға арналған және қатысушыларға жасанды интеллект негіздерін меңгеруге және осы білімді нақты мәселелерді шешуге, жұмыс процестерін жақсартуға арналған.Мәселен, «AI People» курсы жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін күнделікті және кәсіби өмірді жақсарту үшін пайдалануға арналған. Дайындық деңгейіне қарамастан барлығына арналған 4 апталық тегін курс. Бағдарламаға тапсырмаларды жеңілдетуге арналған 20-дан астам жасанды интеллект құралына қол жеткізу, шығармашылық жұмыс пен жазуға арналған 40+ промттарды меңгеру, сонымен қатар үдерістерді автоматтандыру және бюджетті оңтайландыру секілді әдістер кіреді.Курс күнделікті өмірде технологияны практикалық қолдануға баса назар аудара отырып, халықты жасанды интеллектке жаппай оқытуға бағытталған. Әр апта сайын ең белсенді қатысушыларға ChatGPT Plus жазылымдары ойнатылады.

«Blockchain & AI Technology Center» бизнесті дамыту жөніндегі директоры Алтынай Өмірзақ жасанды интеллект біздің өміріміз бен жұмысымыздың әртүрлі аспектілерін өзгертуде үлкен әлеуетке ие екенін айтады. 

– Кейбір бағалаулар бойынша, 2030 жылға қарай бұл сала әлемдік ішкі жалпы өнімнің 7 пайызын қамтамасыз етпек. Ал 2027 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығын капиталдандыру 400 миллиард доллардан асады.Жасанды интеллект жұмысты автоматтандыруға, оңтайландыруға, күрделі мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндік береді. Мысалы, медицина, автомобиль өнеркәсібі, қаржы саласында жасанды интеллект үдерісті мейлінше жеделдетеді. Тіпті диагностиканың дәлдігін жақсартады, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Айта берсек, жақсылығы мен тиімділігі жетерлік. Тек қарқынды дамуына ілесе алуымыз қажет-ақ.Біздің курс қатысушыларға әртүрлі салаларда жасанды интелектті тиімді пайдалану үшін қажетті практикалық дағдылар мен білім береді, – деген Алтынай Өмірзақ бүгінде ғалам жасанды интеллектті толық пайдалануға, ашуға барын салып жатқанын мәлімдеді. 

Сонымен қатар курс практикалық дағдыларды игеруге және болашақ мансапқа дайындалуға ұмтылатын студенттерге, бәсекелестік деңгейі төмен және табыс деңгейі жоғары өз орнын іздейтін мамандарға, бір типті міндеттерге байланысты шығармашылық мүмкіндіктері шектеулі маркетологтарға, процестерді автоматтандыруға ұмтылатын, бірақ бәрін өз бетінше орындауға мәжбүр кәсіпкерлерге, шығармашылық мамандарға, күнделікті жұмыстан шаршаған және жаңа тәсілдерді іздейтін адамдарға, сондай-ақ кәсіби қызмет үшін жеке уақытты құрбан етуге мәжбүр болған фрилансерлер мен IT мамандарына пайдалы болмақ.

Айжан ӨЗБЕКОВА