Тілі өлген ел- тірі өлген ел!
Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы- тіл»- деген.
Қазақ тілі- әлемдегі тілдердің, түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, көркем, әрі бай тіл. Тіл- халық қазынасы, ұлттың жаны. Тіл мәселесі- ұлт мәселесі.Өкінішке орай қазақ тілін шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез келген сияқты.
Бүгінде кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білседе сөйлемеуі- қазақ тілін биік белестерге көтермеудің қатерлі дерті болып тұр.Осындайда Шерағаңның: «Өгізде өз тілінде өкіреді»- деген сөзі еске түседі.Соңғы кезде көптеген жастардың өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған.Ана-ананы қадірлеу қалай керек болса, ана тілімізді солай қастерлеу міндетіміз.
Ана- тілі қанның, қиылған жанның, толқытқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәмде, мәнде болу керек.Өз тілінде сөйлемеуден безу- ақ сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.Туған тіліңді қорғау- туған отаныңды қорғаудан маңыздырақ. Отаныңды жау басып алса, оны ерте ме, кешпе әйтеуір азат етеріңе сенесің. Ал тіліңді жауласа - бітті. Басқа тілге көшіп, туған тілін ұмытқандар, өз тілін мойындамай, өзге тілдің мүддесін ашық түрде қолдауының арқасында ұлттың жойылып кету қауіпі әбден мүмкін. Ұлт үшін бұдан асқан –қасірет жоқ.
Дағыстандық ақын Расул Гамзатовтың: «Егер тілім ертең болса құмырақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін ақ»- деген өлең шумақтары тілдің ұлт үшін маңызды екенін көрсетеді.Қазақ тілі- тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл, ортақ тіл екенін ұмытпағанымыз жөн болар еді.Қазақ тілі- Қазақстанда тұратын оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
Тілдің мәртебесі- елдің мәрейі. Оның мерейін асқақтататын да, құтын қапшыратын да өзіміз. Тіл отбасынан басталып, Отан аясында дамиды.Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданды. Осы заңның 4-бабында: Қазақ тілі- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі-, деп белгіленген.
Сондай-ақ, 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 1) тармағына сай, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі.Осыған орай, әрбір Қазақстандық Ата Заңымыздың талаптарын орындауы тиіс.
Тіл ұлтпен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы.«Тіл туралы» заңдағы «Қазақстан халқын топтастурудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы»- деген.
Тіл- қашанда ұлттың ұйытқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашанда биік. Жас ұрпақтың қазақ тілінде білім алуына, жетік меңгеруіне толық мүмкіндік бар. Адамға тілді үйренуге ниет пен білім қажет.
Біз өз тіліміздің қаншалықты бай екенін өзгелердің көзінше қиналмай ақ жеткізе аламыз. Таза, мәнерлеп, сөздің майын тамыза сөйлеу арқылы өз тілімізді қандай дәрежеде құрметтейтінімізді дәлелдей аламыз.Тарихымыз өткеніміз қандай құнды болса, тілімізде соншалықты құнды болмақ.
Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпауда, жалықпау да керек.Өз тіліңді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріңіз, Тілсіз тірліктің тасы өрге домалайды десеңіз қателесесіз.Мен өз сөзімді Бауыржан Момышұлының керемет бір сөзімен түйіндегім келеді.
«Қазақ тілі өткірлігімен, бой балқытып, құлақ құрышын қандырып, жан жүйеңді жандырып, ұғымын қонымды, жүрегіңе тиімді....қысыл таяң қатал жағдайда қайрап, егеп сөз тапқанға қолқа жоқ» -дегендей ерге, елге медет болып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын - тіл.Бәрімізде Қазақстан Республикасының азаматтарымыз, ендеше тілді білу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қазаққа тән дүниелердің бәрін түйсіну, қабылдау, осы қасиетті жерді, елді, тілді сүю-біздің барлығымыздың міндетіміз.
Ернар ЖАМАНҚҰЛОВ,
Жамбыл облыстық сотының судьясы