Жаңалықтар

Жастар - халқымыздың болашағы

Еліміздің ертеңі, жарқын болашағы білімді ұрпақтың қолында. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңін оқып, бойымдағы патриоттық сезімім мен еліме, жеріме деген сүйіспеншілігім арта түсті. Шынында да, қай ұлт пен мемлекет болмасын оның болашағы сол елдің жастарымен тікелей байланысты. Тәуелсіздігімізді нығайтып, жаңа Қазақстанды құруға, еліміздің дамуына үлес қосу басты борышымыз. Ол үшін тәрбиелі болып, сапалы білім алып, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауымыз керек.

«Адамзат ұрпағымен мың жасайды», дегендей, жастардың тәрбиелі болуы бірінші міндет деп білемін. Себебі, тәрбие дегеніміз – үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, салтдәстүрімізді ұмытпау, тіліміз бен дінімізді таза ұстау.

Жастар – халқымыздың болашағы. Демек, үлкендеріміз бізден үлкен үміт күтетіні анық. Жастарға ел сеніп отыр, үміт артып отыр. Үкілі үмітті ақтай білсек, еліміз үшін бұл үлкен қуаныш. Сенім артып отырған жастардың қатарына өзімді де жатқызамын. Себебі, қазіргі уақытта ұққаным, қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман.

Менің асқақ арманым, ғажайып болашағым, биік мақсаттарым бәрі «болашақ» сөзімен байланысты. Кейде ойға шомып, болашағыма саяхат жасаймын. Талмай еңбек ету мен білімнің керектігін ұғамын. Бұл ойым мені барлық қиындықтардан өтіп, армандарымның орындалуына жетелейді. Махмұд Қашқари: «Білім, өнер бойдағы – сауын болар түбінде» демеп пе еді? Қазіргі кезде білекке емес, білімге сену керек. Ең қажеті – білім. Білімің болса, берекелі ғажайып болашақ болатыны рас. Білімге құштарлық, адамды адам ететіні хақ. Әрбір жастың бойында ынта, жігер, намыс, отансүйгіштік, білімге құштарлық қасиеті болса, сол елдің болашағы жарқын болмақ. Сондықтан, еліміздің ертеңі мен жарқын болашағына, гүлденіп өсуіне, озық елдердің қатарында болуына өз септігімізді тигізсек деймін. Ойымды жинақтай келе, өзімнің құрбы-замандастарымның алға ұмтылуына, өз арман-мақсаттарына жетуіне ықпал етеді деген мақсатпен төмендегі өлең шумақтары жүрегімнен шығып отыр:

Ұрпағымын дана қазақ халқының,

Естіп өскен ақылын бар жақсының.

Адам бол, еңбек ет, білім қу,

Деген сөздер түкпірінде санамның.

 

Мен сенемін болашаққа, жастарға,

Ұмтылатын кері тартпай тек алға.

Спорт, ғылым, өнер, басқа салада,

Шығарар деп, қазақ атын аспанға.

 

Уақыт сырғып күндер өтер үнемі,

«Отаным» деп соқсын әр баланың жүрегі!

Иманды жас, білімді ұрпақ тұрғанда,

Халқым тыныш, бейбіт өмір сүреді.

 

Баянды етіп бақытты елдің бірлігін,

Жақсылардың жалғап ізгі тірлігін.

Білімге әр кез құмар болып, достарым,

Ақтайықшы,Ұлы елдің сенімін!

Әрине, мен өз ойымды толық жеткізе алмаған шығармын.Өйткені, мен 1-сыныптан бастап орыс сыныбында оқимын. Отбасымызда ата-анам адами құндылықтар мен рухани тәрбие жайында үнемі айтып отырады. Сол бастама қазақ тілі сабақтарында жалғасып, үндесіп жатады.

 

Айкерім ӘБДІРӘСІЛ,

№6 орта мектептің 9-сынып оқушысы. Тараз қаласы