Жаңалықтар

ТЕХНИКА ЖАҢАРСА, ТІРЛІК ТЕ ТІКТЕЛЕДІ

ТЕХНИКА ЖАҢАРСА, ТІРЛІК ТЕ ТІКТЕЛЕДІ

Жаз бойы тер төгіп, еңбектенген шаруалардың жұмысынан нәтиже күтетін шақ туды. Дәл қазір егістік алқаптарындағы жұмысты аяқтауға асыққан диқандар тынымсыз еңбек етіп жатыр. Жиын-терін науқаны қыза түскен. Егістік даласында қым-қуыт тіршілік. Бірі астық орып, қамбаға жөнелтсе, келесі бірі көкөніс, ал енді бірі мал азығын жинауда.

Биылғы тамыз айында 371,1 мың гектар масақты дәнді дақылдар толығымен орылып, жалпы түсімі 633,4 мың тоннаны құрады. Осылайша орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 17,1 центнерге жетіп отыр. Сонымен бірге, 2022-2023 жылдың мал қыстату науқанына облыс бойынша 341,4 мың гектар пішен орылды. Жалпы биыл 1,7 миллион тонна пішен, 63 мың тонна пішендеме, 491,8 мың тонна сабан, 60 мың тонна сүрлем дайындау көзделген. Қазіргі уақытта 1,8 миллион тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме, 494 мың тонна сабан және 40,8 мың тонна сүрлем дайындалып, мал азығын дайындау жұмыстары қалыпты жағдайда өтуде. – 2023 жылдың өніміне облыс бойынша 157,6 мың гектар алқапқа күздік дақылдар егу жоспарланып, бүгінгі күнге 44,8 мың гектар егістік жер дайындалды. Жоспар 28,4 пайызға орындалып, 3203 гектар алқапқа күздік бидай себілді. Осылайша жоспар 2 пайызға орындалып отыр. Аудандардың берген мәліметі бойынша осы жылдың өніміне егілетін күздік дақылдардың егіс көлемі 157 580 гектарды құрайды деп жоспарланған. Оған қажетті тұқым көлемі 28024 тонна, бүгінгі күнге облыстағы қолда бар тұқымның көлемі 29393 тонна, яғни артығымен дайындалған. Қазіргі таңда облыс көлемінде орналасқан 6 элиталы тұқым өндіретін шаруашылықтарда 3163 тонна жоғары сұрыпты күздік бидай тұқымы сатуға дайын, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов. Егіс даласында шаруаның дені техниканың күшімен атқарыдлатыны белгілі. Сол үшін шаруашылқтар мүмкіндігінше лизингке техника беретін ұйымдардың көмегін пайдалануда. Сондай ұйымның бірі – «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы Қазір несиелік-лизингтік қызметті жақсарту мақсатында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдап жатқан көрінеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін неғұрлым қолайлы және икемді шарттармен, сондай-ақ өтініштерді қараудың жеделдетілген рәсімдерімен арнайы қаржыландыру ұсыныстары жасалыпты. – Ауыл шаруашылығы техникасын «Жеңілдікті лизинг» несиелендіру бағдарламасы бойынша алғашқы техника біздің облыста берілді. Бастапқы төлемді жасау және кепіл беру қажеттілігінің болмауы шаруа қожалықтарына жеңілдетілген шарттарда техника паркін жаңартуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда шаруа қожалықтарынан 878 миллион теңгеге 47 бірлік техникаға 37 өтінім түсті, – дейді «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Жанар Исмайлова-Есжанова. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы техника алған Меркі ауданындағы «Тажы» шаруа қожалығының басшысы Тажы Рүстемқалиев ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде қолы біршама ұзаратынына қуанышты. Ол техника сай болса, тірлік тіктелетініне сенімді. – Техникаң, тіпті қолыңдағы құрал-сайманың сай болмаса, еңбек өнімділігі болмайтыны белгілі. Биыл біз шаруашылықтағы техникаларды жаңарту мәселесін біртіндеп болса да шешуге бекіндік. Өйткені біздің техникамыз әбден ескірген. Бұл орайда бізге көмек қолын созған «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облыстық филиалына алғыс айтамын. Ол қаржылық ұйымның филиалы жаңа «Беларусь 80.1» және «Беларусь 82.1» маркалы тракторларын тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік жасап, техника осы айда қолымызға тиді, – деді ол. Негізі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірдегі шаруаларға 847 дана ауыл шаруашылығы техникалары беріліпті. Оның ішінде 12 астық жинайтын комбайн, 151 дана әр түрлі маркалы трактор және 684-і басқа да техникалар мен трактор тіркемелері. Осылайша техниканың жаңаруы 7 пайызды құраған. Жоғарыда келтірілген деректерді назарға алсақ, аймақта ауыл шаруашылығы саласының алшаң басып келе жатқанын байқалады. Мұндай жетістікке қол жеткізуде жаңа техниканың тиімділігі мол.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ