Заң

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс қайтсе азаяды?

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың жолын кесу және алдын алу мақсатында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері «Лидер KZ» жастар қозғалысының мүшелерімен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.

2024 жылдың басынан бері еріктілер жастар мен жасөспірімдерді тексеруге бағытталған 115-тен астам рейдтік іс-шараға қатысты. Рейд барысында 428 жасөспірім әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін полицияға жеткізілді.

Сонымен қатар еріктілер үйден немесе білім беру ұйымдарынан кетіп, жоғалған кәмелетке толмағандарды іздеу шараларына да белсенді қатысуда. Жыл басынан бері еріктілердің көмегімен 29 жасөспірімнің орналасқан жері анықталыпты. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен бірге 350-ден аса дәріс пен ақпараттық-түсіндіру ұйымдастырылған. 

Қоғамдық тәртіпті қорғауға бейжай қарамайтын азаматтарды тарта отырып, полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру және жасалған құқықбұзушылықтарға халық арасында «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс атқаруда. 

Облыстық полиция департаменті жасөспірімдер қылмысына қарсы күрестегі белсенді азаматтық ұстанымы, құқықтық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін еріктілерге алғыс білдірді.

Айжан ӨЗБЕКОВА