Жаңалықтар

Онлайн ойындар опа таптырмайды

Интернетке қолжетімділік артып, технология дамыған сайын жаңа қауіптер де көбейді. Әсіресе «Көгілдір кит», «Қызыл дельфин» сияқты қауіпті онлайн ойындардың кең таралуы қоғамды алаңдатқан өзекті мәселеге айналды.

2016 жылы Ресейден бастау алған «Көгілдір кит» ойыны интернет кеңістігінде үлкен резонанс тудырды. Ойынның мақсаты – 50 күн ішінде қатысушыға берілген қауіпті тапсырмаларды орындау. Мәселен, алғашқы күндері ерте тұрып, таңды қарсы алу немесе белгілі бір фильмді көру секілді тапсырмалар жеңіл және қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе тапсырмалар күрделеніп, қатысушы өз денесіне жарақат салуы керек немесе қауіпті әрекеттер жасауға мәжбүр болады. Соңғы тапсырма қатысушыны өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүрлейді.
«Қызыл дельфин» ойыны да жасөспірімдердің әлсіз жақтарын пайдаланып, олардың психологиялық әлсіреуіне әкеледі. Бұл ойындар балаларға қоғамнан оқшаулану, жалғыздық және өз-өзіне сенбеушілік сезімдерін арттыру арқылы әсер етеді. Ойындарға қатысушылар көбінесе депрессияға ұшырайды және олар айналасындағы адамдардан көмек сұрамайды, себебі ойын әкімшілері оларды әрдайым бақылап, қорқытады.

Оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері көбінесе психологиялық қысыммен және жалғыздық сезімімен байланысты болып келеді. Мұндай жағдайларда олар өмірмен қоштасуды бірден-бір дұрыс шешім деп санайды.Белгілі журналист Нәзия Жоямерген жуырда «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында оқушыларды суицидке итермелейтін онлайн ойындардың қауіптілігі туралы мәселе көтеріп, дабыл қақты. 

«Ата-аналар, мына «Schoolboy Runaway» ойыны қауіпті деп жатыр. Балаларыңыздың телефонын тексеріп көріңіздер. Абай болыңыздар! Мен әдейі кіргем. «Үйдегі заттарды ұрлап, терезеден байқатпай шығып кет» деді бір еркек дауыс. Әрине, ересектерге әсер ете алмайды. Ал балаларға психологиялық ықпалы күшті екені анық. Соңғы жылдары балаларды машинаның астына түсуге, көпқабатты үйлерден секіруге мәжбүрлеп жатқан да осы ойын дейді. Алла Тағала балаларымызбен сынамасын», деп жазды журналист.

Жасөспірімдерді буллинг пен қауіпті онлайн ойындардан қорғау үшін ата-аналар мен мұғалімдер белсенді рөл атқаруы тиіс. Балаларымен ашық сөйлесу, олардың эмоционалдық жай-күйін түсіну және интернеттегі әрекеттерін бақылау қажет. Балаларға интернет қауіпсіздігі туралы ақпарат беріп, оларды кибербуллинг пен қауіпті ойындардан сақтандыру үшін арнайы бағдарламалар мен іс-шараларды енгізу маңызды.

Облыс әкімдігінің білім басқармасы өз кезегінде әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында таралған қауіпті ойындарға қатысты ешқандай ресми расталған ақпараттың жоқ екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, осыған дейін балалардың өз-өзіне қол жұмсауының нақты себептері мен ол ойындарға байланысты екендігіне қатысты тұжырымдар әзірге расталмаған.

Дегенмен қауіпті ойындардың салдары туралы нақты деректердің болмауы қоғамда туындаған алаңдаушылықты толық жоя алмайды. Бұл мәселе тереңірек зерттелуді және нақты шешімдерді қажет ететіні анық. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерді қорғау үшін ата-аналар мен білім беру мекемелері арасында байланыстың берік болғаны маңызды. Тек осылайша біз жастардың қауіпсіздігі мен психологиялық денсаулығын қамтамасыз ете аламыз.

Мұқағали Балтабаев, 
журналист