Электромагниттік сәулелер ойлау қабілетін шектейді
Осыдан 20-25 жыл бұрын біз үшін ұялы телефон таңсық еді. Бүгінде ересектер былай тұрсын, кішкентай бүлдіршіндердің қолында қос-қостан телефон бар.
Қазіргі адамдар сымсыз телефонға қатты тәуелді болып қалды. Онсыз күн көру қиындап кеткендей әсерде боласыз. Бесіктегі жылаған жас балаға ойыншық берудің орнына қолына телефон ұстатсаң, ой, Тәңір-ай, бір сәтте жылағанын тыя қояды. Таңғалмасқа болмайды.Ұялы телефонның шығу тарихына тоқталсақ, 1875 жылдың 2 маусымында Бостон университетінің Шетелдік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл ең алғаш рет байланыстырушы сымдардың көмегімен өз көмекшісінің даусын естиді. Өнертапқыш шотландиялықтың жаңалығы тарих бетінде телефон деген атпен қалды. Бір қызығы, өнертапқыштың есімі ағылшын тілінен аударғанда, «қоңырау» деген мағына береді.Арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде ең алғашқы ұялы телефондар пайда болды. Иллинойс технологиялық институтының түлегі Мартин Купердің өнертабысын қазір әлем халқының жартысына жуығы күнделікті қолданып отыр.
Ұялы телефонмен жасалған алғашқы нағыз байланыстың тарихы 1973 жылдың 3 сәуірінен басталады. Ұялы байланыс компаниясының қызметкері Мартин Купердің зерттеулер бөлімінің басшысы Белл Лабзға Нью-Йорк көшелерінде серуендеп жүріп соққан қоңырауы ұялы телефонмен алғашқы байланыс орнату болып саналады. Купердің өзі таратқыштан сигнал жіберу хаттамасының негізгі құрастырушысы еді. Ал ең алғашқы ұялы телефон 1,15 келі тартатын. Сол уақыттары Нью-Йорк әлемдегі ұялы байланыстың базалық стансалары орнатылған әлемдегі жалғыз нүкте болды. Төрт жылдан соң Чикагода 2000 абоненттік тәжірибелік ұялы желі құрылды. Ал 1979 жылы Күншығыс елі зор қызығушылық білдіріп, 88 базалық стансадан тұратын алғашқы ұялы байланыстың қызметін бастады.
Әлем ғалымдары ұялы телефонның адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы жиі айтады. Алайда құлақ түріп, елеп жатқан ешкім жоқ. Қайта заман ағымына сай ұялы телефонның түр-түрі қолданысқа енуде. Мамандар алдағы 10-15 жылда сымсыз телефонның әлегінен ісік дертіне шалдығушылардың саны арта түсетінін айтып, дабыл қағуда.2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұялы телефондардың жеткіншектердің денсаулығына зиянды екенін мәлімдеді. Ғалымдардың пайымдауынша, 10 жыл бойы күніне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамдардың глиома дертіне шалдығу қаупі 40 пайызға дейін ұлғаяды. Ұялы телефондардың электромагниттік сәулелердің негізгі тетігі екені айтпаса да түсінікті. Бұл – жүйке, эндокриндік және жыныстық аурулардың асқынуына әсер ететін сәулелер. Швед ғалымдары 10-11 жастан бері ұялы телефонды тұрақты пайдаланатын жандардың ми ісігіне тап болуы әбден мүмкін екенін алға тартады. Себебі электромагниттік сәулелер ойлау қабілетін реттейтін мидың жүйке орталығына енеді. Сонымен қатар эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сияқты дерттің пайда болып, олардың асқынуының негізгі себепкері де сымсыз телефон екен.
Әлем ғалымдары ұялы телефонның адам өміріне қауіптілігін жан-жақты зерделеуде. Тіпті кей мемлекеттерде мектеп жасындағы балаға ұялы телефон ұстауға тыйым салынған. Испаниялық ғалымдар 11-13 жас шамасындағы бала телефон арқылы екі минут сөйлескен соң мидың биоэлектрлік белсенділігі 2 сағат бойы қалпына келтірілетіндігін дәлелдеген. Ұлыбританияның бірқатар қаласында зерттеу жүргізген ғалымдар да дәл осындай пайымға келіпті. Ал Ресейдің Гигиена ғылыми-зерттеу институтының жүргізген зерттеулері 5-10 жыл бойы сымсыз телефонды пайдаланған 20-29 жас шамасындағы азаматтың ми ісігіне тап болу қаупі ұлғая түсетінін көрсетіпті. Бұл – жеткіншектер ұялы телефонды неғұрлым ерте пайдаланса, соғұрлым дертке шалдығу қаупі де арта түсетінін меңзесе керек.
Дегенмен ғалымдардың мұндай пікірімен келіспейтіндер де бар. Ұялы телефонның адам ағзасына осыншалықты әсер ететіндігі әлі толықтай дәлелденген жоқ. «Сол себепті де сымсыз телефонның қауіптілігін айтып, дабыл қағу орынсыз. Мұның бәрі кішігірім зерттеулер ғана» дейді базбіреулер.Жалпы ұялы телефонға қызығушы топ балалар мен жастар екен. Тұтынушы назары үшін барын салатын ұялы байланыс операторлары балаларды баурау үшін түрлі ойындарды, жаңа қызметтерді ұсынады. 2001 жылы Еуропарламенттің ғылыми зерттеулер басқармасы кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ұялы телефонды пайдалануға тыйым салған. Содан бері Еуропа мемлекеттері мектеп қабырғасында оқушыларға телефон пайдалануға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Мәселен, Ұлыбританияда сымсыз телефонды сату барысында оның қауіптілігі жөнінде ақпараттандыратын парақшалар қатар ұсынылуы керек десе, Францияда ата-аналарға балалары қанша уақыт телефонмен сөйлесетінін қадағалау міндеттелді. Адам ағзасына радиацияның әсер етуін зерттейтін бір топ ғалым ұялы телефондардың қорапшаларына «Денсаулық сақтау ұйымы ескертеді» деген ескертпе жазуларды енгізу керек деген ұсыныс білдірді. Еуропа елдерінен үлгі алса керек, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон 2009 жылы мектептер мен жоғары оқу орындарында білім алушыларға ұялы телефон пайдалануға тыйым салған. Дегенмен қанша тыйым салынса да сымсыз телефонның негізгі тұтынушысы балалар мен жастар болып қала бермек.
Жасыратыны жоқ, қазір мектеп жасындағы балалар мен студенттер ұялы телефонсыз сабаққа кірмейді. Біздің елде мектепте сымсыз телефонға тыйым салып, тежеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті мұғалімдер ұялы телефон оқушылардың сабаққа деген ынтасын да әлсірететінін айтады. Қазіргі өмірден көріп жүрміз, газет-кітап оқымай, барлық мәліметтерді қалта телефонынан алатын, тек соның көмегіне жүгінетін балалардың сөйлеу қабілеті төмендеп, тіл байлығы азайып, тілдері шорқақ болып бара жатқанын байқауға болады. Олардың кейбіреуі өз бетінше сөйлем құра алмай, ойын жеткізе алмай қиналады. Балалардың бұрынғыдай аулаларда желмен жарысып доп қуып жүргенін, ойын қызығына түсіп, терлеп-тепшіп аласұрып ойнап жүргенін сирек көресіз. Басым көпшілігі сымсыз телефонға, интернетке тәуелді, тіпті оның «тұтқыны» болып қалған. Сол себептен жас балалардың физикалық дамуы едәуір тежеліп, олардың бойын әлсіздік, нәзіктік, боркеміктік жайлап бара жатқаны көпшілікті алаңдатады.
Еуропа мемлекеттерінде қолданылатын тәжірибені отандық мектептерге де енгізу керек деген пікір жиі айтылып жүр. Бір жағынан, бұл ұрпақ денсаулығына алаңдаушылық болса, екіншіден, мектеп жасындағы балалардың арасындағы бәсекені де бәсеңдететіні анық.Британдық әлеуметтанушы Энтони Гидденс: «Біздің қоғам нашақорлар мен маскүнемдерден қашады. Оларды ұнатпайды. Болашақта ұялы телефонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ», – десе, «Applе» брендінің негізін қалаушы Стив Джобс отбасы мүшелеріне үй ішінде ұялы телефон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кітап оқуға жұмсайтын қатаң үрдіс қалыптастырғанын мәлімдесе, Қытайда ұялы телефонның зиянын халыққа ескерту үшін Хэйхэ қаласының орталығына «Смартфон ұстаған үлкеннен кітап құмар бала артық» деген ойды ишара етіп үлкен ескерткіш орнатыпты.Ұялы телефон – радиожелі арқылы байланыс жасауға арналған таптырмас байланыс құралы. Егер ұялы телефонды қолданғанда өз ережесіне сай қолданса, денсаулыққа айтарлықтай зияны жоқ, Бірақ ол ережелерді сақтамаудың кесірінен көптеген аурудың туындауы әбден мүмкін. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп халқымыз айтқандай, ұялы телефоннан қорғану ережесін сақтап, сақтықпен қолдансақ, балаларды оның зиянды әсерінен қорғай білсек артық болмас еді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор,
Тараз қаласы