Жаңалықтар

«Бекет» оқу-жаттығуы бекер өткізілмейді

Соңғы уақытта әлемнің әбден тынышы кетіп тұрғаны шындық. Терроризм мен діни экстремизм жер-жаһанды, тіпті керенау Еуропаны жайлап алды. Әртүрлі мақсаттағы лаңкес қаныпезерлер бас көтеріп гүлдей жайнаған қалаларды қиратып, өртке орап жатқанын оқығанда жанымыз сыздап отырады. Сондықтан да еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға күш салу маңызды міндет. Соның бірі – нысандарды террористік шабуылдардан қорғаудың амалдары.

Осы мақсатта облысымызда ведомствоаралық «Бекет-2024» оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Кешенді ведомствоаралық оқу-жаттығуға Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері жұмылдырылған.

Оқу-жаттығу кезінде ҚР Қорғаныс министрлігінің үйлестіруімен құзырлы органдар, атап айтқанда, облыстық полиция департаментінің, ҚР Ұлттық ұланы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаменті, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және аумақтық қорғанысты қалыптастыру өңірлік бөлімшелері дағдарыс жағдайы туындаған кезде қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың түрлі сценарийлерін пысықтады.

Лаңкестік шабуылға қарсы жаттығулар басталмас бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Айша бибі» оқу орталығының базасында облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына кіретін жиынға шақырылған әскери міндеттілерге атыс дайындығы бойынша сабақтар өткізілді. Мұнан соң олар өңірлік жедел штабпен өзара іс-қимыл жасай отырып, маңызды мемлекеттік және әскери объектілерді күзету мен қорғау мәселелерін іс жүзінде пысықтады.

Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары – аумақтық қорғаныс департа­ментінің бастығы генерал-майор Асқар Жоламановтың сөзіне сүйенсек, оқу-жаттығу мемлекеттік органдар мен аумақтық қорғаныс бөлімшелері жұмылдыру дайындығының жай-күйін тексеруге, ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етуге және түрлі ведомстволық күштердің өзара іс-қимыл элементтерін пысықтауға бағытталған.

Шеберліктерін шыңдауға бағытталған сабақтар толығымен аяқталған соң облыстағы маңызды стратегиялық нысанға шабуыл жасалғанда тойтарыс беру шараларын пысықтап, жаттығу өткізді. Нақтылап айтсақ, аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері облыстың полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің бөлімшелерімен бірге Жаңа Жамбыл фосфор зауытына жасалған шартты шабуылға тойтарыс берді.

Оқу-жаттығудың бұл кезеңін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Асқар Жоламанов, сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі басқа да әскери басшылар қадағалады. Аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің негізгі міндеті – мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзету мен қорғау. Жамбыл облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жауапкершілік аймағына осындай 160 нысан кіреді. Солардың бірі – Жаңа Жамбыл фосфор зауыты.

Аталған зауыттың нысандарын басып алу және ықтимал зақымдау қаупі туралы ақпарат алған сәттен бастап облыстың аумақтық қорғаныс бригадасының басшылығымен кәсіпорынға кіреберісте блокпост және оның периметрі бойынша күзет бекеттері қойылды.

Оқу-жаттығуға қауіптің бетін қайтаруға қажетті техникалар да жұмылдырылды. Сонымен қатар шабуыл барысында жараланғандарға дер кезінде көмек көрсетуге медициналық жедел жәрдемнің де дайын болуы осы жаттығуда көрсетілді. Ал өрт оқиғасы орын алса, өрт сөндіру қызметінің де жылдам жетіп, жалынды ауыздықтау әрекеті де оқу-жаттығу барысында пысықталды. Іс-шара облыстық полиция департаментінің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі мен әскери қызметшілерінің үйлесімді іс-қимылдары заңсыз қарулы құрылымдар тобы зауытқа шабуыл жасаған жағдайда тойтарыс бере алатынын байқатты. 

Ел ішіндегі тыныштық пен қорғаныс қызметкерлерінің кез келген жағдайға әзірлігін шыңдауды мақсат еткен іс-шара қорытындысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.

– Заманауи әскери техника мен қару-жарақты жоғары деңгейде меңгерген әскери қызметші еліміздің қарулы күштерінің қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі. Ел іргесі берік болуы үшін Қазақстанның Қарулы Күштері, оның ішінде аумақтық қорғаныс әскерлері кез келген уақытта мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын болуы тиіс. Бұған тек үздіксіз дайындықтың арқасында ғана қол жеткізілетіні барлығымызға анық. Ел намысын өз тағдырынан жоғары қойған ұлы дала халқының қазіргі ұрпағы да елінің еңсесін биік, шекарасын берік ұстауға дайын. Кешегі өткен батырларымыздың өшпес ерлігі мен отансүйгіштігін ұран етіп, насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы. 

Өздеріңізге мәлім, осы жылдың 23 қыркүйегінен бастап облыста     «Бекет-2024» оқу-жаттығуы аясында облыстың аумақтық бригадасының Тараз қаласындағы аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің жеке құрамының тарапынан «Тараз-2024» тексеру жиыны өткізілуде. Осы тактикалық оқу-жаттығудың өзі еліміздің қауіпсіздігі жолында сарбаздарымыздың кез келген сәтке дайын  тұруға әзір екендігіне көз жеткізді. Соңғы кездері әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар, террорлық актілер бізді алаңдатпай қоймайды. Сондықтан әскеріміз жоғары дайындықта болуы тиіс. Отанымызды сіздерге мемлекет мүддесін жіті қорғау, Ұлттық қауіпсіздік пен еліміздің ішкі тұрақтылығының сенімді кепілі болуды сеніп тапсырды. Бұл сіздерден жоғары машықты ғана емес, қайсарлықты, батылдықты, шынайы патриотизмді талап етеді, – деген облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы абыройлы парызын адал атқарып жүрген қорғаныс саласының қызметкерлеріне, жауынгерлер мен сарбаздарға алғысын білдірді. 

Аталған жаттығу барысында Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы тарапынан қару-жарақ пен әскери техникалардың көрмесі қойылды. Сонымен қатар тактикалық жаттығуға облыстық полиция департаментінің «Алаң» бронь техникасы қатысты. Оқу-жаттығу соңында ел тыныштығын күзетуде жауапкершілікпен қызмет етіп жүргендер марапатталды.

Облыста «Бекет-2024» оқу-жаттығуы басқа шартты кіріспелермен жалғасады. Оның аясында орталық мемлекеттік органдар мен күштік ведомстволардың өкілдері ведомствоаралық өзара іс-қимылды пысықтауға мүмкіндік алады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ