Руханият

Әскерге бару – азаматтық борышың

Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес» деген керемет сөзі бар. Өз елінің патриоты болу, оны қорғау – әр азаматтың Отан алдындағы абыройлы міндеті, қасиетті борышы! Әскер – тәртіпке, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі.

Жақында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мерзімді әскери қызметке салтанатты шығарып салу рәсімін өткізді. Жиынның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына Отанға және өз халқына деген  сүйіспеншілік сияқты жоғары адамгершілік және моральдік-психологиялық қасиеттерді сіңіру, салауатты өмір салтына оң көзқарасты дамыту.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов болашақ сарбаздарға Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі екенін ұғындырып, «Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк туымыздың желбіреп тұруы да  мына сіздерге байланысты» деп сенім білдірді.

Келген қонақтар қатарында  ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің өкілдері, ауған, тәжік-ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ ата-аналар жастарға ізгі тілектерін білдіріп, бата берді.

Мұнан соң арнайы әзірленген концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

Осылайша Отан қорғаушыларымыз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қордай ауданы бойынша шекара басқармасына жолға шықты.

Нагима Артықбаева,
облыстық қорғаныс істері

жөніндегі департаментінің

қызметкері