Руханият

«Күрең берет» кіл мықтыларға бұйырады

Ертеде шапса қылыш, түйресе найза өтпес ақ сауытты тек елді қорғау жолында қан мен тер төккен қолбасшы баһадүрлер кисе керек. Ал бүгінгі таңда «Батыр бар ма?» деген сұраққа жауап әртүрлі болмақ. Әрине, әркімнің өз идеалы, батыры бар. Отбасын асырау жолында жанын салып жұмыс істеген қарапайым кенші де бала-шағасы үшін батыр.

Десек те Алпамыс, Қобыландыдай жау жайратқан батырлар қазір жоқ қой деп ой түйеміз. Мұнымыз қате пікір. Қазіргі заманда да елі үшін көзсіз ерлікке баратын азаматтар аз емес. Осы орайда Қазақстан Республикасының арнайы дайындықтан өткен құпия жасақтарын бейбіт күннің батырлары десек, еш жаңылыспаймыз. Сондай әскери құрылымның бірі – «Бүркіт» арнайы жасағы. Қай жерде қылмыстық топтың құрықталуы тиіс болса, соны жүзеге асыратын осы жасақтың жауынгерлері. Ішкі істер министрлігі ішкі әскеріне қарасты «Бүркіт» арнайы жасағы 2000 жылдың сәуір айында құрылды. Әскери бөлімшенің басты мақсаты – экстремизм және лаңкестікке қарсы күресу, мемлекет мүддесіне және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ету.

«Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» демекші, дәл осы жасақ құрамындағы сарбаздардың да ең биік арманы – үздік жауынгер атану. Әскери өмірдің мәнін ұққан арнайы жасақ сарбаздары «Күрең берет» баскиімін киюді мақсат тұтады. Жыл сайын «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі әскери қызметшілерінің арасында бөлімше жауынгері үшін аса мәртебелі әрі құрметті саналатын күрең берет кию құқығын иеленуге арналған сайыс сынағы ұйымдастырылады. Кіл мықтылар сынға түсетін бұл шара әр жылы әр мезгілде, сондай-ақ жер бедерінің түрлі аймағында ұйымдастырылып келеді. Сынақтардың басты талабы – бөлімше қызметкерлерінің жауынгерлік даярлығын барынша шыңдау, міндеттелген тапсырмаларды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерді пысықтау. Дегенмен «Күрең берет» баскиімін кию әрі «Бүркіт» кеуде белгісін тағу құқығына ие болу үшін жанқиярлық ерлік керек. Құрыштай шыныққан бiлектi һәм жүректi әскерлердің өзі мұндай сынаққа ойланып барады. Содан да күрең берет алу оңай шаруа емес. Мұны иелену былай тұрсын, «Бүркіттің» сапына өту де екінің бірінің қолынан келмейді.

Дәстүрлі шараға айналған аталған біліктілік сынағы Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің атыс алаңында ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр аймағынан арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілері қатысты.

Биылғы додаға 300-ге жуық ниет білдірушінің арасынан іріктелген 80-нен астам үміткер қорытынды кезеңде барын салды. Олар алғашқы кезеңде теориялық тестілеуден өтіп, денешынықтыру, биіктіктегі дайындық, арнайы құрылғылармен төмен түсу, байланыс және медициналық дайындық бойынша сынақ тапсырды. Осы аралықта төмен көрсеткіш көрсеткен қатысушылар екінші кезеңге өте алмады. Жолы болып, шешуші кезеңге небәрі 44 үміткер жіберілді.

Шешуші кезеңнің бірінші күні сынаққа қатысушылар таңғы сағат 5:00-де дабыл арқылы көтерілді. Сол күйі 5 шақырымға жүгіру бойынша сынақ тапсырды. Одан соң ұзақ, күрделі жорыққа аттанды. Жолда олар қарсыластың шабуылын тойтару, жараланған қаруласының жарасын таңып, қауіпсіз аймаққа сүйреп өту, өрт шыққан аймақтан тыныс алуға арналған баскиіммен жүгіру секілді тапсырмаларды орындады. Жолай әбден шаршаған жауынгерлер жер бауырлап жорғалап, жатқан күйі тасалануға арналған ор қазды және етігімен су кешті. Таң атпастан аяққа тұрған үміткерлер желе жортқан күйі кешке дейін дамыл таппады.

Сынақ кезінде жауынгерлерге физикалық және психологиялық соққы жасалды. Соған қарамастан кезіккен қиындықтарды жеңіп, мәреге жету үшін олар ерік-жігерін аянған жоқ.

Осынау бір аптадан бері арнайы жасақ жауынгерлері орындап жатқан тапсырмалар легі де аяқталды. Сынақтың соңғы күні олар 10 шақырым жүгіріп, оқ-дәрі салынған қобдишаларды сүйреуден норматив тапсырды. Селкілдек көпір үстінен өтіп, темір бағаннан төменге сырғанады.Қиғаш қойылған ағаштардың бірінен еңкейіп, бірін аттап, шынжыр байланған дөңгелектер қабырғасына өрмелеп шықты. Аспалы темірлерді де артта қалдырды. Су бассейніне секіріп, биік тас қабырғаны бірлесе еңсерді. Осы уақыт аралығында жан-жақтарын өрт торлап, алдан пулемет сақылдап жұмыс істеп тұрды. Ал өзге де кедергілердің маңына таяған кезде жарылыс болып жатты. Олар қарша бораған пулемет оғының астынан жорғалап өтіп, қауіпсіз нүктеде иығында жүрген қаруынан оқ атты. Үміткерлерге бір оқ және бір ғана мүмкіндік берілді. Құм тиіп, су шашылған қарудан оқ атылмай қалса, жауынгер сынақты осы жерде аяқтар еді.

Бабы мен бағы қатар шауып, ауыр сыннан сүрінбей өткендер ақтық сынақ – қоян-қолтық төбелеске шықты. Үш раундтан тұратын жекпе-жектің соңғы бөлімінде рингтегі жігіттер тың тұрған күрең берет иегерлерімен күш сынасты. Абырой болғанда, бұған дейін сапта болған 15 үміткердің бәрі де 9 минут бойы соққыларға төтеп берді. Әлі кетіп, күші сарқылғандардың өзі темірдей төзімділік танытты.Осылайша олардың бәрі де күрең берет иегерлері атанды.

Сынақтан сүрінбей өткендерге салтанатты жағдайда қастерлі күрең берет табысталды. Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы келді. Құрметті қонақтардың қатарында Ұлттық ұлан әскерімен тығыз байланыстағы өзге де әскери күштік құрылымдардың басшылары болды.

Аймақ басшысының сөзінен кейін сынақтан сүрінбей өткен жауынгерлерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов «Күрең берет» баскиімін табыстады. Сондай-ақ ол діттеген мақсатына қол жеткізген жауынгерлерді Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов пен Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабековтың атынан құттықтады.

– Бұл сынақтар құқықтық тәртіп әскерінің дәстүрлі сабақтастығын жалғай отырып, «Бүркіт» арнайы жасақ жауынгерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру және шеберліктерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған. «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері өздеріне жүктелген тапсырмаларды сәтті орындап келеді. Сондай-ақ мемлекеттің және азаматтардың конституциялық құқығын қорғауда өз міндеттерін абыроймен атқаруда. 

Осылайша сынақты сәтті аяқтаған жауынгерлердің төккен тері, еткен еңбегі ақталды. Олар бұл күнді ешқашан ұмытпайды.

– Күрең берет алу менің арманым еді. Осы сынаққа тыңғылықты дайындалдым. Маған сенім артқандарға айтар алғысым шексіз. 65 шақырымды еңсердік. Бұл тыңғылықты дайындықтың ғана емес, намыс пен жігердің де арқасында деп ойлаймын. Жасым 41-ге таяп қалды. Бүгінге дейін осы құрметке ие болуды мақсат етіп едім. Былтыр дәл осы сынақтың жартысына келгенде денсаулығым сыр беріп, қалыс қалып едім. Шүкір, жақындарымның арқасында еңсе тіктеп, бүгінгі деңгейге жеттік. Бұл мен үшін Олимпиада алтынымен парапар, – деді ЖАК (әскери құпияға сай «Бүркіт» арнайы жасақ иелерінің аты-жөнін жария етуге болмайды) лақап атын иеленген жауынгер.

Айта кетейік, әскери қызметшілер арасындағы қайсарлық пен өжеттілікті, шыдамдылық пен төзімділікті сынға салар айтулы шараны тамашалауға Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларының арнайы жасақ өкілдері де келіп, өздерінің жоғары бағаларын берді.

Әскерилердің бұл белгісі негізі ешқандай материалдық артықшылық бермейді. Оған қол жеткізгендер елдің қорғаны болатын, «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай» деп жырлаған Махамбеттің жолын жалғайтын нағыз майталман саналады. Сондықтан шығар, күрең берет иегері атану – жауынгерлер арасында зор абырой.

Сайыпқыран сарбазға күрең берет беру Кеңес одағы кезінде басталған. Күрең берет алғаш рет КСРО Ішкі істер министрлігі ішкі әскердің негізгі баскиімі саналды. Кейінірек 1978 жылы Дзержинский дивизиясына қарасты арнайы мақсаттағы 9 ротаның меншігіне берілді. Осылайша біртіндеп элиталы әскерге берілетін айрықша белгіге айналды. Ал 1993 жылы Ресейде күрең беретті өте қиын сынақтан өткендерге берілетін ерекше белгі ретінде қарастыратын ереже қабылданды. Кейінірек ТМД-ның басқа мемлекеттері де күрең беретті түрлі сынақтан сүрінбей өткен жауынгерлерге табыстай бастады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ